Жүректің әңгімесі
блог
Жүректің əңгімесі
Мен-адамның өмір сүруін басқаратын қарапайым жүрекпін. Ал, менің соғып- соқпасым тек Бір Аллаға аян. Біз адам екеуіміз бір-бірімізбен тығыз байланыстымыз. Себебі "Ала жіп" деген қалаға бірге келдік. Мен қарапайым болғаныммен менің де жаным бар. Адамдар қайғырса, мен 100 жасқа қартаямын. Шынайы күлімдесе, бойымдағы қаным жүгіріп, өмір жасым ұзарғандай күй кешемін. Ғалымдардың айтуынша мені адамнан алып тастап сақтаса, мен мəңгі соғып тұрады екенмін. Ал, адамның жылап-күлуі, мұңайып- қуануы ол тікелей өзіне байланысты. Адамдар оны "Тағдыр солай" деп тағдырға жаба салады. Алла тағаланың тағдырын жазып қойғаны рас. Мəселе тағдыр сынағында емес. Мəселе ол тағдырдың сынағын адамның қалай қабылдауында екенін неге сол адамдар түсінбейді?
Адамдар қара басын ойлап, менің пікірімді ұмытып кетеді. Менің де ұнатып, ұнатпайтын нəрселерім бар. Маған да пайдасы тиетін немесе зияны келетін заттар бар? Мен қарапайым болғаныммен, менің қалауымды орындау адамдарға өте қиын. Ал, маған оп-оңай көрінеді. Өтірік айтпаса, жамандық жасамаса, барлығына мейіріммен қараса, өкпе-реніштің барлығын ұмытса, күпірлік етпей, шүкірлік етсе менің жаным тыныш болар еді. Менің жұлқынып соғуым немесе баяу соғуым ол да адамға байланысты. Медицина тілінде мен тез соқсам "Тахикардия", ал баяу болсам "Брадикардия" деп атайды. Ал, мені дəрігерлер емдейді. Кейде бұл емдері маған мүлде қонбайды. Мен жұлқынуымды емдесе де қоймауым мүмкін. Себебі, адам маған тыныштық отын сыйламай, мен ауырып қала беремін.
Осыны олар неге түсінбейді екен?
Кеше "Ар" деген досыммен біраз сырластым. Ол да мен сияқты адамға ренжулі екен. Маған "Жүке, досым саған мұңаюға болмайды емес пе?" деп қояды. Мен болсам "Ар-ау, Саған да жұмыс істемей қалуға болмайды емес пе?" дедім. Мен Ардың неліктен жұмыс істегісі келмегенін түсінген сияқтымын. Өткенде саябақта бір адамның анасын "қарттар үйіне" апара жатқанын көріп еді. Ар адамды тоқтатуға тырысты. Бірақ Ашу жеңіп кетті. Одан кейін екеуіміз баласын жəшікке тастап кеткен адамды көрдік. Сол кезде мен "Əлгі баланың жүрегі қандай күйде екен? Мен де біреудің жүрегімін. Ол да бір жазықсыз бейкүнә періштенің жүрегі. Ол қазір кіршіксіз, ал кейін не болмақ? Балаға суық тиіп қалса, жүрекке əсер етеді ғой." деген ойда қалдым. Бұл теріс қылықтан соң артынша əрбір өткен қызға қылтыңдап тұрған жігітті, сол жігітке сеніп қалған қызды көрдік. Одан кейін əлеуметтік желіде "анаңды бағала" деп жазып, өмірде анасын ренжіткенді көрдік. Əкесін сыйламағанды көрдік. Болмашы дүние үшін қайғырғанды көрдік. Біз бұларды жасаған адамдардың барлығын тоқтатпақ болдық. Бірақ, адам бізді, тіпті, түсінгісі де келмейді. Түсінбеген соң, Ардың шаршаған түрі бар. Кейбір адам басына қайғы түссе шылым шегеді, арақ ішеді. Адамның əрбір ішкен тамағы, ішкен сусыны, қабылдаған дəрісі, мейлі ол көп мөлшерде немесе аз мөлшерде болсын маған əсер ететінін қашан түсінер екен? Дəл осы себепті мен де кейде адамға ренжіп, шаршап, тура жолды көрсетуді доғарамын.
Біз бірнеше рет адамды райынан қайтаруға тырыстық. Бірақ, "нəпсі, ашу, кек, өшпенділік, жалқаулық" сынды дүниелер бізді басып жаншып салды. Бірақ олар кінəлі емес, себебі бізді олардың, немесе біздің оларды жеңіп кетуіміз адамның қалауы. Адамның осындай опасыздығын көрген соң, оған ақыл айтқың да, оның жүрегі болғың да келмейді. Себебі, ол түсінбейді. Оны Ар да мазалауын қояды. Себебі, ол түсінбейді. Адам түсінген кезде біз адамға əбден ренжулі боламыз. Адамның түсінуі үшін ұйықтап жатқан Ұят деген құрдасымыз оянуы керек. Ол оянбаса ар екеуіміздің құрдымға кеткеніміз. Адам тура жолдан адасып жүрген кезде мен қайғы-мұңға жол бермейтін, ұятын су шашып болса да оятатын, көкірегі ояу, бəріне қанағат қылатын жанның жүрегі болғым келеді немесе "соқпай қалсам екен" деп тілеймін. Бірақ мен Алланың берген уақыты біткенше соғып тұрамын. Алайда, уақытым біткенше менің жан-айғайымды түсінер адам жоқ... Өкінішті...