ЖҮРЕКТІҢ ӘНІ (аударма)

ЖҮРЕКТІҢ ӘНІ (аударма)

Әлемде таңғажайып адам өмір сүрген екен. Ол өзінің құдай қосқан жарына қосылыпты. Көп ұзамай нәресте дүниеге келеді. Әрқашан көңілді жүретін сүйкімді қызын көрген әкесі жүрегі елжіреп, одан бетер жақсы көріп кетеді. Әкесі қызын кішкентай кезінен екі қолына ұстап көтеріп, әндете еркелетеді екен: «Мен сені сүйемін, балақай!»

Сол балақай үлкен бойжеткен қыз болған күнде де әкесі оны құшағына қатты қысып тұрып «Мен сені сүйемін, балақай!» деуін тоқтатпайды. Қызы бұртиып «Мен енді кішкентай емеспін ғой» десе де әкесі оның сөзіне күліп қана: «Мен үшін сен мәңгіге кішкентай балақай боласың» дейтін.

Енді міне, есейіп жылы ұядан ұшқан бойжеткен үлкен өмірге енді. Ол ашық әлемді таныған сайын өз әкесін тереңірек түсіне бастағандай болды. Ол әкесінің ең жақсы қасиетін де сол кезде сезінген еді. Ал әкесінің ең жақсы қасиеті – жақын адамдарына махаббатын сыйлай алатыны еді. Қызы қай жақта, қайда болса да әкесі ылғи «Мен сені сүйемін, балақай!» деу үшін ғана телефон соғатын.

Бір күні қызы әкесінің ауыр жағдайда жатқаны жайлы хабар алады. Қыз әкесінің опаттан ауыр соққы алғанын, ендігіде сөйлей алмайтынын, тіпті адамдармен еркін түрде түсінісу жағдайынан айырылғанын естиді. Бақытсыз әке, шынында, күле алмайтын, жүріп-тұра алмайтын, қызына телефон соғып сүйетінін айта алмайтын жағдайда еді.

Қызы сол арада әкесінің жағдайын білуге асығады. Бөлмеге кірген сәтте-ақ әкесінің әл үстінде күш-қуатсыз жатқанын көреді. Науқас қызына қарады да әлдене айтқысы келгендей болып ұмтылып еді, оған дәрмені жетпеді. Қызы асқар таудай әкесін құшақтай алып, ауыр өксікке тұншықты. Қызының бұдан басқа амалы да жоқ еді.

Басын әкесінің кеудесіне қойып, көп нәрсе ойлаған: бірге болған бақытты күндері, ендігі өмірдің тек өкініште өтері... Солкезде ерке қызының көз жасы үзіліп кетті. Әкесіндей ғажап адамның жан жылуы мен қорғанын сезінудің өзі қандай бақыт екенін бұрын-соңды сезбегендей. Ол әкесінің махаббатын сағынды...

Кенет, әкесінің жүрек дүрсілі естілді. Әкесінің жүрегінен әуезді ән де, жылы сөз де естілгендей болды. Сал денедегі жүрек бір мақаммен соғуын жалғастырып жатыр! Ғажап! Бойжеткенге әкесінен күткен жылы сөз де, ыстық махаббаты да сезіліп жатты!

Ауызбен айтылмаған сөздер асқар таудай әкенің жүрегінен естіліп жатқан еді:

Мен сені сүйемін, балақай!

Мен сені сүйемін, балақай!

Мен сені сүйемін, балақай!

Қызының шері бір сәтке болса да тарқағандай болды...

 

Барри және Джойс Виссел

Сурет secretwomanday.ru сайтынан алынды



Бөлісу: