Бүгін түнімен көз ілгем жоқ. Ары-бері аунауға, қыбырлап жүруге үйдегілерді оятып аламын ба деп, тырп етпей жата бердім. Таң намазының уақытын әзер болдырдым-ау. Тұрып, светті жаққаным сол еді, үйдегілер де тұра бастады. Сөйтсем, бір мен емес, бәрі ұйықтай алмапты. Бәріміз көз ілмеппіз. Анам да, екі әпкем де, сіңілім де... Оны білгенде түнде бәріміз стол басына жиналып әңгіме айтып, тәтті естеліктермен тағы да еске алар ек деп ойладым. Ал мен болсам, ұйқыда шығар, оятып алмайын деп қыбыр етпей жата беріппін...
Бүгін біздің әкеміздің туылған күні. Арамызда аман жүрсе 49 жасқа толар еді... Таң атқанға дейін әкемсіз өткен он жылға көз жүгіртіп, асқар тауыма деген сағынышымды ішіме түйген күйі көз ілмей шықтым. Таңертеңгісін бәріміз стол басына жиналып, иіс шығарып, құран бағыштадық. Оның туылған күніне басқа қолымыздан ештеңе келмеді... Жаратқаннан оның жанын жәннатта етуін сұрадық. Құран оқып болған соң, үнсіз шәйін ұрттап отырған анама қарасам, кәдімгідей қартайып қалған сияқты... Жүзі сынық. Оның мұндай күйін көрген емеспін. Үнемі күліп жүруші еді. Он жыл құдай қосқан қосағынсыз, төрт қызын елдің қатары қылып жетілдірем деп тырысып жүрген анамды құшақтап алғым келді. Бірақ олай етпедім. Қалың ойын бұзғым келмеді. Бәлкім, қалың ойдың ортасында жолдасына мұңын шағып, сырын ақтарып отырған болар...
Біз ешқайсымыз көзіміге жас алмадық. Күліп, сағынышпен еске алдық. Әкем көзі тірісінде «сендер жыламаңдаршы, сендер жыласаңдар менің екі дүниедегі де ұйқым тыныш болмайды» деген сөзі бәріміздің көкейімізде жатталып қалғандай...
Көке, біз сізді жақсы көреміз. Сіздің әрқашан бізбен бірге екеніңізге күмәніміз жоқ. Сізді сағынатынымыз болмаса, әрқайсымыздың бақытты екенімізді бақылап жүрген боларсыз... Анамның жүзін әрқашан сіз бардағыдай жайнатып жүруге уәде берем. Уақыты келгенде бәріміз қасыңызға барармыз... Біз екі жақта да бақытты отбасы болармыз... Сіз жүректесіз!