сурет: reWalls.com
КІТАП СЫЙЛАУ! Не деген тамаша үрдіс! Мен мұны ылғи да жадымнан шығармағам, сонау бір жылы туған күніме М. Мақатаевтың кітабын сыйға алғалы бері! Бір біріңе кітап сыйлаңдар, ағайын! Кітап – сыйланғанға дейін сыйлық, сыйланғаннан кейін – қазына, байлық, рухани азық!..
«ЖҮРЕКТЕН ЖҮРЕККЕ» эстафетасының әрбір массагетікке жеткенін шын тілеймін, бұл бір игі шара, бастаманы қолға алғандардың және алдағы уақытта басы-қасында болатындардың бәріне алғыс!
Бәріне жетуі үшін, әрине, тез жалғасып отырғаны дұрыс шығар, бірақ, мен үшін оқудан гөрі жазу оңай болмай тұр, оның үстіне, алдыңда филолог пен филологқа бергісіз сантехник қана жазған болса, тіпті, қиын екен!..
... Серік Әбдірайымұлының бұл жинағындағы шығармалардан байқағаным, бәрі де кенет аяқталады, оқыс. Тіпті, күтпеген жерден бітетіні сол, сене алмай келесі беттен жалғасын іздейсің. Қай-қайсысын алсаң да, мейлі, ол «Қоштаспай кеткен қыз» болсын, етікші Асқардың жағдайын айтсам да, «Шарапханадағы оқиғадан» кейін де сол жағдай – аласапыран ойдың ішінде қаласың. Тақырыбынан-ақ, Любистканың кететіні белгілі болып тұрса да, оқиға желісіне тамсанып отырып, оның қалаға кетіп қалғанын тек әжесінен естіп, селк етесің. Әзіл аралас диалогқа да бір күліп, бір күмілжіп отырып, «Тағы да сағат тоғыз» болғанын білмей қаласың. Жалпы, бәрі де әдемі жағдайда өрбіп, шарықтау шегіне келе бергенде әңгіменің соңғы көпнүктесі қойылады. Әр шығарманы оқып болып, әбден ой елегіне салып, екшеп алғанша басқа дүниенің бәрі жайына қалады. Бәріңізге де оқып шығуға кеңес берем! Оқыңыздар, сосын, өздеріңіз шешерсіздер, «Күлесіз бе, жылайсыз ба...» Бұл бір ғажап әсер болды!
Сонымен, мен оқыған кітап:
«Махаббат жасқа қарамайды», «Жүрекке әмір жүрмейді»-мыс. Келіскім келмейді, қоғамның өзі қарсы, еш жерде қол қойылып, мөр басылмаса да жазылмаған заң осы: арадағы жиырма жас айырмашылық немесе жиырма жыл отасқан жарынан сен үшін бас тартуы – бұл махаббат емес! Иә, негізі, Сергей мен Ленаның сезіміне жас айырмашылығы да, өткен өмір де сызат түсірген жоқ еді...
Ленаның қайсарлығы мен тәуекелшілдігіне деген құрметім ерекше болғанымен, мен өзімді «қоршаған орта» ретінде қарастырсам, ол – жары мен баласын «тастап» кеткен, елуді еңсеріп тастаған ер ағасының жиырма алтыдағы «таңдауы»! «Ленаның кесірінен» деген тіркесті қолдануға келмес, біріншіден, Сергей – «онсыз да әзер шыдап жүрген» күйеу, екіншіден, екеуі де жеке өмірде жолы болмаған жарты жүректер, «жүрегіне әмір жүрмеген» екі мұңлық.
Мен жеке өз басым шын ғашықтардың, махаббаттың тілекшісімін, «қосылмас» дегенді тек әлсіздер айтатынын, «сылтаурататынын» білемін, бірақ, бәрібір, сол жазылмаған заң – «тең – теңімен»! «Махаббаттың білмеймін заңын басқа, Бағынбасқа шара жоқ бағынбасқа» (с) С.Т.
Оқиғаға оралсақ... Ткаченко Сергейдің болмысын нағыз азамат деп қабылдауға негіз бар – отбасыда да, жұмыста да абыройсыз емес, «не істесе де пышақ кескендей біржола шешеді, қай нәрсеге де сергек қарайды», десе де, бірінші ойыма келгені, қатты айтса да, Қазақтың «Қатынды бастан...» деген сөзін білмегені-ай деп қалдым ))). Сергей Никаға «амалсызан» үйленген жоқ, мінезін ұнатты, болмысын басқалардан ерекше деп тапты. Демек, бәрі де тек екеуінің қолында еді. Бастысы – ЕКЕУДІҢ ӨЗ ЕРІКТЕРІМЕН ҚОСЫЛУЫ! Өзара ортақ шешімге келіп, үйленсе, оларда екі-ақ жол бар – сезімді өсіреді не өшіреді, себебі, сезім өзінен өзі суымайды, үйленгеннен кейін «мен, сен» деген ұғым болмайды, «біз», яғни, «екеу» болу керек. Жас келіншекке көңілі ауса да, ақша жетпесе, бәріне кінәлі – ЕКЕУ!
МАНСАП жайына келсек, әлбетте, оның да рөлін сызып тастауға болмас, «БІЗ» дейтін адамдарға оның жоғары-төмендігі маңызды емес, ал «мен, сен» дейтіндердің біреуіне оның болмағаны – қайғы, біреуіне – болғаны қайғы, сорлап қалатын тағы да сол СЕЗІМ ғана!.. Мансабын бұлдағаны үшін Сергейді аздап түсінгім келмей қалды, өзі де өзін кінәлады-ақ. Бірақ, баласын түрмеде қалдырмау үшін қызметін «асыра пайдалану» - басқа тақырып еншісінде...
... Бұл шығарма да оқыс аяқталады:
«Иә, үлкен ескі чемодан зым-зия. Ту сыртынан біреу қанжар салғандай Ткаченко бар даусымен:
- Елена! – деп айқай салды.»