ЖҮРЕКТЕН ЖҮРЕККЕ

ЖҮРЕКТЕН ЖҮРЕККЕ
жеке
блог

Кітап аяқталмады. Көңіл алаң, сезім де жаралы...

Әйгерім жолдаған кітапты Әбекемнің қолынан алдым. Былайынша жәй қарапайым іс көрінгенімен бұл бір, ауыз толтырып айтуға тұрарлық, керемет игілікті іс-шара. Әрине, қадірін ұққанға да, қадірін білмеске көп таяқшаның бірі болып қалары да анық... Кітап – қазына, кітап – дос. Қазынама – байлық, досыма – дос қосылғанға мен қуанбағанда кім қуансын. Рахмет, достар!

«Ала берсең, таудың да тасы сарқылар», «Досыңа достық - қарыз іс»  дегенді ескере келе Әбеке мен Әйкентайға пікірсіз, «ақы-пұлсыз» қос кітап сыйға тартқанды жөн көрдім. Кітап -  жеке кітапханамнан беріліп отыр, мақсаты: жүректен жүрекке ))

«Елтұтқа», бұл – Әбекеме! )

«Нұрсұлтан Назарбаев. Фотосуреттер», бұл – Әйкентайға! )

Қазақтың айтулы, тұлғалы азаматтары болсын деген ниетпен ұсынамын. Оқы, оқы және оқы! )

Ал, енді бұл кісілер сыйға тартқан кітапты алуын алғанмен әлі оқып бітірмегенімді, бітірмек тұрмақ әлі жартысына да келмегенімді амалсыз мойындауға, айтуға мәжбүрмін. Сіз айтарсыз, «оқылып бітпесе, бұл блогты неге жаздыңыз» деп. Жазған себебім, уәденің үддесінен шыға  білу: апта деді – демек, апта ішінде блог жарыққа шығуы тиіс болатын. Күтіп отырған ел бар, үлкен бар, кіші бар. Өзімдегі жағдайға бола ортақ істі кері кетіргенім жігіттікке, адамгершілікке сын. Барымен базар, қабыл алыңыздар ).

 Негізі, Әбекем ақкөңіл жігіт қой, әйтпесе, атан түйе тарта алмайтын жүкті иығымызға арта сала ма? Я, болмаса, тіл маманы Әйгерім жаза алмаған пікірді сантехник мен қайдан оңдырсам керек еді. ...Қызық, деймін да өзі?. ) Қой, жалғыз ол емес, мен де қызықпын. Бойдағы дағды, кәсіпке байланысты ма, әлде басқалай себебі бар ма пікір білдірер дүниеге кезіккенде алды үш, арты он айналдыра қарамасам бірі кем болады да тұрады. Сонда не істеймін: жазсам жарты, жазбасам нөл болғалы тұрмын. Е, мейлі, «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді» дегенге сүйенсек, бұл блог жартыкеш болса да бөлшектен бүтінді, сынықтан асылды айыруға болатын шығар енді ).

...Әдетте, мен кітапты өте тез, жеңіл оқитынмын. Мәселен, 7-ші сыныпта «Абай жолының» екі томдығын бір жетіде оқысам, кейбір орта көлемдегі кітаптарды бір-ақ күнде тәмамдап кете береді екенмін. Ал, мына кітапты бауырға басқалы пәлен күн өтсе де еш өндірте алмауымның сыры неде деп ойлайсыз? Статистика – «Нэлли қызға» бір, «Бір ғана махаббатқа» екі күн уақытым кеткенін көрсетіп тұр. Оқимын да, ойланам... «Ойланам», - дегенім де бекер, бәрі де өз ортам, өз басымнан өтіп жатқандай. Көрсең өзіңді, сөйлесең сөзіңді танып тұрған соң толқымай, тебіренбей оқу еш мүмкін емес екен. «Қай жақ бетке қарама, Алланың жүзі сол жақта» дегендей қай шығарма, қай дәуірдің қай оқиғасы болса да тек, өз іс-әрекетімді, өз бейнемді көріп тұрған соң «расында маған арнап жазылды ма, жоқ әлде кездейсоқ ұқсастық па» деп те, таң қалумен болдым. Бұған қарап, Бигелді тым өзімшіл, менмен екен дер. Мейлі, десе десін, менің де жігітшілігім, сүйсем сүйдім, күйсем күйдім деп ғашықтығымды да, асықтығымды да ашық айтатыным жасырын емес қой. Мен де ет пен сүйектен жаратылғандықтан менің де қуаныш, сүйінішім, қайғы мұңым, бақытты, өкінішті сәттерім бір басыма жетерлік. Бізде де арман, мақсат, өмірлік мұрат бар. Ал, осыларды бір ғана шығарма, бір ғана махаббат арнасынан тауып тұрсам – мен ойланбағанда кім ойланады, мен толғанбағанда кім толғанады. Өмір - алда. Қорытынды пікір, ой-толғам әлі айтыла жатар, бұл менің алғашқы әсерім, әсерден туған көңіл ауаны ғана. Көңіл ауаны – жүрек сезімін, көңіл әуенін тербете әлдилеп тұрса, Сіздің де ұйып, Сіздің де иланғаныңыз жөн шығар. Көңіліңіз иланса – махаббат жаршысы болып қыз-жігіт сезімін шарықтата жырлаған Бексұлтан Нұржекені оқуға мен де кеңес берер едім. Бұл біздің өзімізді-өзіміз тануға, халықтық қалып, туыстық қанымызды сақтауға, сезімді қадірлей, махаббатты ардақтай білуге, адам боп туып, адам боп өмірден өтуге үндейтін, жабықсаң мұңдасың, сыр шертсең сырласың, сан тарау жолдарда ақылшың-жолбасшың бола алатын бірден-бір асыл дүние, рухнама екендігіне кәміл сенім білдіремін. Иә, рас, бұл – махаббат рухнамасы!

Махаббат демекші, біздің халықта сезімі жарасып, отау құрған жастарға – «Шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын!», - деп бата беріп жатады; Отан осылай басталады, осылайша ұлт, халық құрылады. Демек, ұлттың, халықтың мызғымас ірге беріктігі де дәл осы батадан, дәл осы алғашқы ізгі қадамнан бастау алса керек. Кітапты оқи отырып, әр қилы әңгіме, әр түрлі оқиғалардың санамда жиі жаңғырып, жазбасқа дегбір таптырмай отырғанын айтпасқа тағы болмайды. Бәрін термелеуді көлем көтермейтін болғандықтан, біріне ғана тоқталғаным жөн болар. Шамасы бұл, Кеңес өкіметі орнап, байларды жаппай кәмпіскелеп жатқан уақыттарда, Әулиеата уезі, Талас, Сарысу өңірлерінде орын алса керек. Бірде әжеме жастайынан қатар өскен құрбысы келіп, екеуі өзара әңгімеден әңгіме туындатып, шүйіркелесіп біраз отырған еді, қай-қайдағы еске түсті ме, шерменде көңілдері: «Еһ, шіркін, жігіттің гүлі, сұңқары, жампозы еді ғой», - деп, әлдебір жанға ерекше сүйсініс білдіре, құмығып тоқтап қалды. Елең етіп, сұрай қалған ем, әңгіме ауанын мүлде басқа арнаға бұрып, жәй, елеусіз қалдырды да кете берді. Кейінірек, араға біраз уақыт салып, бірнеше рет шет жағасын естіп қалғанмен – ол кісі, ол оқиға жайлы толыққанды мәліметке аса жари қоймадым. Ұзын ырғасы: аудандық милиция бастығы болып тағайындалған әлдебір қазақ азаматы елге де, қыз-қырқынға да қырғидай тисе керек. Оқиғаның асқынғаны сонша күнде қойнына пәктігі арылмаған жас қыз, не жаулығы желкілдеп тұрған сұлу келіншектерді салып беріп отырған. Айтқан әмірдің орындалмауы мүмкін емес, ер-азаматтардың сағы сынған, ел іші күңіреніп кеткен азалы да, қасіретті күндер еді. Мұздай қаруланған күзеті мығым, сән-салтанатымен бөлек үй тігіп, аулақта отырған милиция бастығын күндізді қойып, түнде де басу еш мүмкін болмаған сыңайлы. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Сондай сындарлы күндердің бірінде елдің бағына біткен беймәлім жігіт (есімін бір рет естігенім бар еді, жадымда қалмапты) – бұрын көзтаныс, сыйластығын ортаға салып жаңағы азғынды аңға шақырған да, айдалада бесатарымен атып өлтірген ғой. Қатты дүрлігіс болып, артынша елдің қатты ұйлығып, ұжымдасқаны, біріге іс етіп, біріккені сонша – қарулы отряд қанша қыспаққа алса да, еш дерек бергені былай тұрсын, тауға жасырып, астыртын азық-түлік жеткізіп беріп тұратындардың өзін анықтау мүмкін болмаған екен. Қайран өмір, қайран тағдыр-ай?! Сол боздақтың өліміне басқа ешкім де емес, совет милициясында қызмет істейтін біртуған інісі себепкер дегенді естігенде – біршама, аңыра отырып қалғаным да рас. Отрядты көтеріп барып, қоршау сала атысқанда Есіл Ер жалғыз өзі көпке дейін алдырмаса керек. Ең соңында, шұбатылған ішек-қарнын бір қолымен басып тұрып інісіне қарата: «Өлімімнің сенен келетінін біліп едім, қасиетсіз...», - деп айтқаны; соңғы оқты өзіне жұмсап, жастығын ала жастанғаны ел арасына сол күндері-ақ аңыз боп тарап, елдікті, ерлікті паш еткен; елдің еңсесін, рухын көтерген, мәртебесін үстем еткен үлкен оқиғаға айналған еді. Міне, әжемдердің әңгімесінен атүсті аңғарым болса да, мен куә болған ел ішіндегі елдік, ерлік дастаны осылай баяндалатын еді. Бұл, Бексұлан Нұржекеұлының «Не үшін?» деп аталатын әңгімесіне егіздің сыңарындай ұқсастығымен қайран қалдырды. Бірінде ағасы інісін өлтірсе, екіншісінде інісі ағасының өліміне себепші болып отыр. Жәй өлім емес, қарындас үшін, ар үшін! Халықтық қалып, ұлттық рух үшін! Отан үшін, ел үшін! Қасіретті өлім, қасиетті өлім! Менің жиі айтатын, «Қарындасы адал ер бақытты, келіні адал ел бақытты» деген сөзімнің негізгі мәні де осында жатыр ғой. Ардың сынғаны – рухтың сынғаны, рухтың сынғаны – ердің сынғаны, елдің сынғаны. «Қамыт жағалы көйлекте»: «Еркегі айтса, бұлардың баласы да, әйелі де айтқанын екі етпейтін сияқты ғой», - деген Шараның ойы беріліпті. Етерсіз, етпессіз: «Рухыңды жоғалтпа, арыңды жоғалтпа, намысыңды жоғалтпа!», - деумен сөзімді тәмамдағалы отырмын.

Кезексөз ретін, құрметпен – Сыр қызы-Салтанатқа ұсынамын!

Кезекті кітап – «Мансап пен махаббат» деп аталады. Авторы: Серік Әбдірайымұлы. Көркем аударма. «Санат» баспасынан 2007 жылы шыққан, 288 бет.

Кітап – өмір ұстазы.