Жүрекпен диалог

Жүрекпен диалог
жеке
блог

 

- Жүрегім, неге сыздайсың? Не болды?

- Есіңде ме сол бір кез…?

- Кеш болды ғой, ұйықтайықшы!

- Жоооқ, мен бәрібір ұйықтай алмаймын.

- Жарайды, қай кезді айтасың?

- Кешкі сағат алтыларда Қайсар саған хабарласып, кездесуді өтінген еді.

- Иә, есімде… менің алғашқы рет Қайсарға сырымды ашқан кезім.

- Ал мен саған сол кезді баяндап берейін…

Қараңғы. Көктем басы. Ағаштарға толы, ауасы таза саябақ, ғашығыңмен келе жатқанда ең ғажап, дәл ертегідегі саябақтай болып көрінді. Арада ерекше жақындық болды – жанның жақындығы. Екеуің бір – біріңнің көңіл күйлеріңді сөзсіз түсініп, жүрек қалауларыңды сезуші едіңдер. Иә, иә сезетінсіңдер. Ал өзара сыйластықтарың ше? Ол шексіз еді. Қайсардың ыстық алақаны сенің алақаныңа тигенде бір дір етсем, екінші рет дірілдегенім – жол ортасында тоқтай қалып, мөлдіреген көздерімен сенің қара көздеріңе тесіле қарағанда. Көз алмастан үн қатты: «Неге екенін білмеймін, кеше сенімен сөйлесіп жатқанда, өзіңе қарай қатты ұмтылдым. Міне, енді көрдім… сені қатты құшақтағым келіп тұр». Кішкене үнсіздіктен кейін, ыстық кеудесіне сені басты емес пе? Саябақтың самал желі шашты сипап өткені, ананың нәзік алақанындай болып сезілді. Өзімді қоярға жер таппастан бе екен, әлде сырымды ашқым келгендіктен бе екен, білмедім, бірақ қатты діріл қақтым, ал сен елемегенсідің.

Менің Қайсарға айтқым келегеннің бәрін сен айтпауға тырыстың. Бірақ мен сені ешқашан алдамағандықтан болар, әйтеуір көндің ғой! Қайсар біздің оны сүйетіндігімізді білмеді, тіпті біз оған махаббатымыз жайлы айтқанда, жас жігіт таң қалған. Есіңде ме, біз оған басқаша айтуымыз керек еді, бірақ оның «жай ғана дос боламыз» деген сөзі мені елжіретіп жіберді. Амалсыздан, ойымды жинақтан үлгере алмастан: «Бұл өмірде мен бар сырымды саған шертуші едім, жақыным да сен деп білемін, сондықтан айтылмаған соңғы сырым қалды… Мен сені жақсы көремін… мұны сені ұстап қалу үшін айтып тұрған жоқпын, ешқашан айта алмай қаламын ба деп қорыққаннан айтып жатырмын. Бәрін оңай ұмыта алмаймын, бірақ сонда да, егер шын сүйгеніңді тапсаң, сен үшін қуанам, тек алданып қалма, жаным! Жүрегіңді жаралап алмашы! Қайда жүрсең де бақытты болшы. Ал мен сен үшін Алладан бақыт тілей жүремін, егер бір күні кездесіп қалсақ, үнсіз жанарыңмен тілдесемін, сені мазаламаймын. Еріксіз бәріне көзімді жұмамын… Бірақ әзірше бұған қалай жол табатынымды білмеймін»…

- Жүрегім – ау неге жібере салдың? Мүмкін ұстап қалу керек пе еді?

- Жоқ, Жанель, қателесесің. Шын сүйген соң, махаббатыңа тек бақыт тілейсің. Ол қунса, бізде іштей риза болып жүреміз! Байлап қойғаннан жақсылық таппаспыз.

- Неге менің Қайсарды сүйетінім жайлы маған бірден айтпадың?

- Ал біз оған бірден ғашық болмадық. Бір көргеннен ғашық болу мүмкін емес. Бір көргеннен ғашық болу деген – тек оның келбетін сүю деген сөз. Ал біз Қайсардың жанын сүйдік, қарапайымдылығын, досқа адалдығын, жақсыға жақындығын, жүрегінің пәктігін, мінезінің қаттылығын, пейілінің кеңдігін ұнаттық. Мұның барлығын уақыт өте келе білдік емес пе?

- Махаббат деген не өзі?

- Есіңде ме, жазушы І. Есемберлиннің кітабын оқығанда, ол кісі бұл сұраққа былай жауап берген еді ғой: «… Ғажайып сезім – махаббат деген! Қара тасты қақ жарып шығып, өзіне жол салған мұз балақтай, махаббат жаныңның белгісіз бір түкпірінде пайда болады да, жолында тұрған сан бөгетке қарамастан бір жүректен екінші жүрекке жол табады. Кенет, көп адамның ішінен саған біреу ұнайды. Бұны кім, қалай түсіндіре алады? Бар болғаны сен оны сүйесің!… Бұл сұраққа адам баласы жаралғалы әлі ешкім жауап беріп көрген жоқ, сондықтан да мұндай сұрақты қоюдың да қажеті аз. Оған жүрек қана жауап бере алар. Сөз, ақыл – ойға берілген, бірақ оның да айтары жоқ… Алайда , ақыл – ой, жүрек, сезім – бәрі біртұтас». Дегенмен, бұл үлкен ғаламда қанша адам болса, махаббат жайлы да сонша пікір бар. Ал мен І. Есемберлинге қосыламын.

- Иә, махаббат сезімі сені қуантады, ерекше толқытады, қызды қызартып, жігітті ұялтады, алғаш рет гүл сыйлатып, тәтті арманға бөлетеді. Бірақ, қара мен ақ қатар жүрмекші, махаббат сезімі сені қанша қуантып, бақытқа бөлесе, соншалықты жылатып, өзіңді тебірентіп, қайғырта да алады. Бұл жайында Мұхтар Мағауин «Өмір жыры» повесінде былай деген: « …Сәтсіз махаббат – адамның бүкіл өмір жолына созылған күй. Ұмытылмас күй. Сырлы, назды. Ерке, мұңды…». Білесің бе, көп жастардың пікірінше: «сүйемін деп айтсам, намысымнан айырылам» деп ойлайды. Бірақ біз өмірге бір – ақ рет келмейміз бе? Бұл күн де, осы сәт те, мына минут та – қас – қағым сәт емес пе?! Сондықтан 3 басты сөзді айтудан қымсынбайықшы! Бірақ, бұл сондай қиын… Бәрінен шаршадым, қиналғым келмейді, ұмытсақ қой бәрін… Білесің бе, бәрін тастап, өмірден кетсек қайтеді, а?

- Осылай айтатыныңды біліп едім… Көп жағдайда, сүйгенімен қосыла алмағандар өз – өздеріне қол жұмсап жатады. Шынайы сүйген адам, екінші жартысына тек бақыт тілейді, ол адамды бақытты етуді армандайды. Ал егер өз – өзіңізге қол жұмсасаң, сен оны бақытсыз еткенің. Егер де сен өмірден қайтсаң, Қайсар өз – өзін кінәлі санап, бақытсыздыққа ұшырайды. Сондықтан, сүйгеніңді бақытты еткенің абзал…!

- Жүрегім – ау, сенен асқан ақылшы бар ма бұл жалғанда! Дұрыс айтасың, мен Қайсармен бір болмасам да, оның аман жүргенінің өзі де бақыт қой!

- Міне, осы ойың дұрыс, қиындық келсе, еш уақытта жеңілмеу керек. Кез келген нәрседен позитивті жақты алайық!

- Мұның қандай позитивті жағы болуы мүмкін? Біз сүйгенімізбен бір емеспіз ғой!?

- Мейлі, сүйгенімізбен бір бола алмасақ та, біз ғашық болып көрдік. Бір сәт, өмірдегі ең тәтті сезімге бөлендік! Бұл ғажап емес пе? Сондықтан, еш ренішсіз, мәңгілікке Қайсарды жіберейік. Анда – санда хабарласып, қал – жағдай білісіп, ол үшін іштей қуанып, бақыт тілей жүрейік.

- Иә, мен сенімен келісемін!

Қош бол махаббат мәңгілікке! Сен әрдайым менің жүрегімдесің, мен сені ұмытпаймын. Енді біз бір біріміз үшін тек адал доспыз. Бірақ шын сүйгендіктен, саған бақыт тілегендіктен, шын жүректен қыз ретінде- қош бол деймін! Ал дос ретінде – армысың жаңа өмір, жаңа арман! 

P.S. Бұл жазбаны ғашық қыздарға арнадым. Кей - кездері қыздар әлсіздік танытып, өз – өздеріне қол жұмасап жатады, ал менің жазбам сол қыздарды қателік жасаудан сақтайды деген үміттемін… Ал бұл жазбаны жазудағы екінші мақсатым – біздің оқыған, естігендеріміздің бәрін жүрекпен ұққан жөн. Ол өмірде керек болып қалады. Абай атамыз 31 қара сөзінде осы жайлы айтып кетіп еді ғой. Үшіншіден, қандай қиындық басқа түссе де, ол мәңгі емес… Өмір алда, уақыт емші…))))