Жүрекке тұнған періште, көз алдымда ерекше!

Жүрекке тұнған періште, көз алдымда ерекше!
жеке
блог

 

Мен оны жақсы көремін! Бірақ...Неге?

Не үшін тек оны айбар мүйізді қорғанышым, арқа сүйер асылым, жаныма жақын сүйгенім болуын тіледім екен?!

Мұның бәрі өзіме бағынбайтын асау жүрегімнің кесірі.

Жүрекке әмір жүрмейді деген рас екен.

Оны көргенде аза бойым тік тұрып, апалаң-топалаң күй кешіп, апым кіріп, күпім шыққандай қобалжитынмын.

Негізі екеуміздің алты аласы, бес бересіміз жоқ. Сонда да ол маған баға жетпес қымбат адамның бірі.

Жоқ! Не үшін қымбат маған?

Оның күлім көзі, келісімді келбеті, кірпі шашы, алмас тісі, қарақаттай көзі, қайың сынды мүсіні, оймақ ауызы мен үлбіреген қос еріні уылжи ашылып, телмірене сөйлегенде жанымды баурап алған.

Жан-жағымда ай мен күндей, әлемге бірдей бозбалалар қандай көп еді!

Алайда тек сол бір тентек менің кішкентай жүрегімнің кілтін тапты.

Ол көз алдымда Алланың сүйген құлындай, күнәсі жоқ періштедей көрінетін.

«Айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма» дегендей, айтарымды іркілмей айтайын...

Ей,менің жүрегімді жаулаған боқмұрын!

Неге кеттің алысқа?!

Сен мен үшін алтынның сынығы едің. Қазір алыстасың, алты қырдың ар жағындасың.

Чемоданыңды жинағанда, билет алғанда да, ұшаққа мінер алдында да мені еске алмағаныңды білемін!

Арамыз үзілді...

Мен «айқай, дүние, ай дүниелеп» артыңда қалдым. Жүрегіме тас түйін болып, көңіліме дық болып ұялады.

Өзің кеткенде ақтабан ауғын болғандай,алағай-бұлағай заман мен сапырылысқан ауыр күнге жеткендей күн кешірдім. Сол сәттерде көк аспаным тесіліп кеткендей еді.

Көңілім жығылды...

Көмейіме тас түйін болып өкініш тығылды...

Ақ шелегі түскендей ақтарылып отыр демеңіз!... Керісінше күйіс қайырған түйедей сүйгенімді еске алудамын.

Жазмыш не жазса да көнемін ғой! Мүмкін бұл Алланың әмірі шығар.

Алайда сағынамын...

Кім біледі, кездесерміз біз әлі?!

 

 

 

 

 

 

P/S: Мүмкін сен бұл жазбаны оқып отырған шығарсың. Оқып отырсаң жазғанымның бәрі лүпілдеп соққан шын жүректен шықты! Тентегім менің <3