Жүрегім бар, тілегім бар,
Бұл өмірде мені артта қалдырмайтын.
Көңілім бар, өмірім бар,
Қадамымды тура жолдан тайдырмайтын.
Сағымменен сарпылысып жүргенде,
Арманым бар, үмітімді солдырмайтын.
Алайда рас, дамыл таппас,
Бір мұңым бар жаныма кеп ұялаған.
Жүрегімде тыныш жатпас,
Сезімім бар уақытынан кеш оянған.
Кінәм де бар сол сезімді,
Бір қуысқа жасырып еш қоя алмалған.
Жолықтырды тағдыр тағы,
Сонда барып соқыр сезім жарқ еткен-ді.
Маңдайымның осы бағы,
Әлде соры танымаған өткенімді.
Өмірдегі кезең – кезең,
Жалғыз өткім келмейді енді өткелімді.
Дұрыс шығар білмегенің,
Мендей жанның саған ғашық екендігін.
Көзбен көріп, сезбегенің,
Махабаттың биігіне жеткендігін.
Сені ойлап ұзақ түнде,
Талай – талай сөзден маржан төккендігін.
Тас жүрек ем, сөзі өктем,
Жаралыпты сол жүрегім менің де еттен.
Елемесең мені мүлдем,
Елесіңмен тілдесіп-ақ жүре берем.
Сыңарына жете алмаған,
Аққудайын ақ теңізді кешіп жүрген.