Жүрек жылуы
Облыстық Ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігімен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің рөлін насихаттауға бағытталған, қоғамның түрлі саласындағы еңбек батырларын ұлықтау мақсатында «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» атты өңірлік форум өткізілген болатын.
Ұйымдастырылған форумға Аудандық Ішкі саясат бөлімі мен Жастар ресурстық орталығы марапаттауға ұсынылатын үміткерлер мен аудан делегациясын құрып Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияға барып, қатынасып келді. Үміткерлер «Ерен еңбек жолы», «ел тыныштығының күзетінде», «Туған өлкем-туған елім», «Жас Қазақстандық», «Тарих сәттерінен», «Абзал азамат», «Жүрек жылуы» номинациялары бойынша сынға түсті. Соның ішінде Индер ауданына қарасты Есбол ауылдық округінің тұрғыны Хасановтар отбасы «Жүрек жылуы» номинациясы бойынша үздік деп марапатталды.
Хасановтар отбасы бұған дейінде «Үлгілі отбасы» атағына ие болып, «Мерейлі Отбасына» қатысып, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың, аудан әкімінің алғыс хаттарына ие болып, облыстық «Ақбота» балалар үйінің алғыс хаттарымен марапатталған өнегелі жандар. Бұл күнде жетім баланың жарым көңіліне қуаныш сыйлап, баланы өз қамқорлығына алып, оларға ата-аналық махаббатын беріп отырған жандар аз емес. Хасанов Асылбектің патронат отбасы алты балаға тәрбие беріп, ата-аналық мейірімдерін төгіп, жүрек жылуын сыйлауда. Балаларының алды жоғарғы оқу орнын бітіріп, жұмыс жасап, еліне қызмет етуде, ең кенжесі бірінші сынып оқушысы. Балалары спортқа деген бейімділігімен, әсіресе, грек-рим, тоғызқұмалақ, шахмат, дзюдо түрлерінен түрлі жарыстарға қатынасып, биік белестерден көрініп жүр.
Небір қиын-қыстау заманда да жетімін жылатпаған иманды бабалардың ұрпағы ретінде осындай елге ісі өнеге болатындай мейірімді жандар көбейіп, сәбилеріміздің көзінен күлкі нұры кетпесін және жан жылуын сыйлауға мұсылмандық міндетіміз ретінде қарайық дегім келеді.
Жадыра НАРИМАНОВА
Жастар ресурстық орталығының маманы