ЖҮРЕК

Қатал мезгіл өзгерткен ұстанымын,
Күз-гүлінің ғұмыры қысқа, күнім.
Қоштасқанда тек үнсіз кете бардым,
Қажеті болмағасын тіс жарудың.

Қашықтадың...
Сиқырың бар-ау сенің,
Шарпыды кеп кеудемді алау-сезім.
Ұмыттың ғой әйтпесе жанарыма,
Ең соңғы рет, соңғы рет қараушы едің.

Кім ұмытса күнәсі басымырақ,
Қимастықтың басыма тасы құлап,
Өсегі көп, сөзі көп бұл ғаламнан,
Жүрегімді мен жүрмін жасырып ап.

Жүрек-кеме, сезім-жел, сана-желкен,
Өзіңді іздеп шалғайға барам ертең.
Сені аңсап бұлқынған мына жүрек,
Келсең егер кілт тоқтап қалар ма екен?!

Әлия ІҢКӘРБЕК



Бөлісу: