Жүрегіңіз не дейді?

    Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазіргі уақыттағы жүрек- қан тамыры ауруларының эпидемиясы тамақтану құрамының өзгеруіне тікелей байланысты деп отыр. Қоршаған ортаның 80 пайыздан артық жағымсыз факторлары адам ағзасына жеген тамағы арқылы әсер етеді. Артық салмақ және семіздік, жүрек- қан тамыры ауруларының, қант диабеті және басқа да күрделі аурулардың қауіпті факторы болып табылады. Сондықтан адамдардың дұрыс тамақтану мәдениетінің де маңызы зор. Жүрек-қан тамыры ауруларын қоздыратын тағы бір себеп - стресс, торығу, ол адамдарды жасына қарамай, жүрек талмасына ұшыратады. Адамның көңіл-күйінің денсаулыққа әсері мол. Көңіл күйдің толқуы, мазасыздануы, біріншіден, адамның миы арқылы беріледі. Жағымсыз эмоциялар вегетативтік жүйені қоздырады, одан барып ағзадағы қан айналымына, ішкі органдарға, эндокриндік бездердің қызметіне әсер етеді. Соның салдарынан ағзадағы гормондардың балансы бұзылады. Оның әсері жүрек соғысының, ырғағының бұзылуына, қан қысымының көтерілуіне, бұлшық еттердің, қан тамырларының тартылуына апарады. Мидың қан айналымы нашарлайды, мидың клеткаларында оттегі жетіспеушілігі пайда болады. Жүректің, мидың қан тамырларының қысылуы инфаркт, инсульт сияқты ауыр жағдайға алып келуі мүмкін, немесе жүректің ишемиялық ауруы, гипертония, асқазан жарасы сияқты созылмалы ауруларға ұшыратады Жүрек-қан тамыры ауруларына әйелдерден гөрі ерлер көп шалдығады. Мұндай тенденция 50-55 жасқа дейін, яғни әйелдердің жыныстық гармондарының жұмысы бәсеңдеген тұсқа дейін сақталады. Алдын – алуға, немесе жеңуге болатын қауіпті факторлар- холестериннің жоғары деңгейі, артериалды гипертония, темеку шегу, қант диабеті, семіздік, түрлі күйзелістер болып саналады .

    Жүрек-қан тамыры ауруларының пайда болуына әкеліп соқтыратын тағы бір фактор ол - темекі шегу. Орта есеппен алғанда темекі шегу адам өмірін 7-10 жылға қысқартады екен. Темекі шекпейтіндерге қарағанда темекі шегетін адамдар миокард инфарктісіне шалдығуы екі есе көп, ал, осы аурудан қайтыс болатындар саны темекі шегетіндер арасында шекпейтіндермен салыстырғанда 4 есеге артық. Бүгінгі таңда жүрек- қан тамыры ауруларының алдын- алу үшін мынадай маңызды нәрселерді есте сақтау керек:

Ең алдымен темекіден толықтай бас тарту қажет; Тиімді тамақтану ережелерін сақтау; Майлы тамақтардан бас тарту, тұзды пайдалану мөлшерін азайту - тәулігіне 4 грамм, құрамында калийі мол (бұршақ, өрік, құрма, теңіз қырыққабаты) тамақтарды көп пайдалану, сарыуызды барынша аз пайдалану; Көкеніс пен жеміс-жидектерді барынша мол пайдалану; Алкогольді ішімдікті белгіленген мөлшерде ғана пайдалану; Дене белсенділігін арттыру, семіздіктен сақтану; Қандағы холестерин құрамын үнемі тексеріп, бақылап отыру;


Бөлісу: