Жүрегіме ғашықпын өзімнің...

Жүрегіме ғашықпын өзімнің...
жеке
блог

Сезімді сезіне алатын,
Кең жайып қос бірдей қанатын.
Кей кезде мына қос жанардан,
Тамшы боп мөп-мөлдір таматын.
Жүрегіме ғашықпын өзімнің...

Ашуға булығып кей кейде,
Түсетін әлдебір жай күйге.
Қанжылап тұрса да, білдірмей,
Егіліп жылайтын тек үйде.
Жүрегіме ғашықпын өзімнің...

Өзгені сыйдырып өзіне,
Шақырар сабырға, төзімге.
Өзінің бар шамын тәрк етіп,
Нұр сыйлар өзгенің көзіне.
Жүрегіме ғашықпын өзімнің...

Ренжітіп алса да өзгелер,
Қатардан емес ол "көзге ілер".
"Реніш жоқ ешқашан, ешкімге"-
деп, әркез ақылға сөз берер.
Жүрегіме ғашықпын өзімнің...

Жүзіме сыйлаған тек нұрын,
Ұғындым жүректің мен құнын.
Бар байлық бір түйір етте екен,
Қалайша сезбегем мен бұрын...(?).
Жүрегіме ғашықпын өзімнің...
/29.01.14/

01

Кездесу бұйырмай-ақ тұрған сәттен,
Білесің, Сені сырттай танығанмын.
Жанарым адасты да жанарда, әттең,
Ұнатып қалып, сірә, жаңылғанмын.

Сол бір бейнең түсіме неге енді?
Білмегенмін суретің барын ондай.
Аяқтарың мен жаққа неге келді?
Жүрек мендік ұрынды тағы оңбай.

Қос кездесу, содан соң қос қоштасу,
Одан басқа бағыма бұйырмапты.
Жүрегімде атылған сол отшашу,
Бүгінде дауыл болып, құйындатты.

Кірпіш болып қаланып жүрекке мұң,
Еске түсіп ойыма қай-қайдағы.
Білмеймін, көңіліме гүл екпек кім?
Оқи алман жазуды маңдайдағы.

Тағдырымның парақтап парақтарын,
Түртіп қойғам Есіміңді, біл, түгендеп.
Шашымды да тым жиі тарақтадым,
Сенің иісің сіңіп қалған жоқ па екен деп.

Тізімінен достардың сызғым келіп,
Сан оқталдым, содан соң, мың кідірдім.
Білемесем де сен мекен еткен жақты,
Білетіндей ешқайда мың жүгірдім.

Тамырынан жұлған гүл, бірден солар,
Құмыра оған болмайды мәңгі тұрақ.
Пешенеге жазылғаны ғана болар,
Жасай алман өмірді сәнді құрап.

Сен және Мен. Тиынның екі жағы.
Болса да бір, ешқашан кездеспейтін.
Екі құлақ, екі көзбіз, сірә, тағы,
Тұрса қатар, бәрібір жүздеспейтін.

Білмеймін, бізге Алла не сыйларын,
Сендік бақ - мен, ал, менікі сен бе екенсің?
Бұл өмір бағымен бір сыйлар мың мұң,
Маңдайыма жазылған Тең бе екенсің...
Барын, бәрін білетін Алла ғана...
/30.07.14/

гб

Мұрасына жалғанның,
Бергеннен көп алғаным.
Сенімді сыйға ұсынып,
Үмітке күдік жалғадым.

Өзіммен өзім сырласып,
Кетемін кейде қырды асып.
Әлдекім жайлы көңілім,
Әлі күнге жүр тасып.

Қалмаймын, кетем деген Ол.
Биікке жетем деген Ол.
Ұрлап бар көңіл қошымды,
Жүректі мекендеген Ол.

Ұйқымен танысқаныммен,
Кірпіктер табысқанымен.
Ұйықтата алмай миымды,
Бұл түннің алысқаны - мен.

Бұл күнде маған уақыт өш,
Сыйланбады әлі жақұт еш.
Білмеймін алда не күтер,
Бұйырар, сірә, бақыт кеш.
/26.07.14/

авв

Кесірленген кей асқа кезді кешір,
Арнасынан асып айтқан сөзді кешір,
Иманымды кешірек сездім, кешір,
Жақсылықты көрмеген көзді кешір,
Кешір, Аллам.

Сыйланбастан ескірген сыйды кешір,
Жаман әдет бойыма жидым, кешір,
Істете алмай жүрген бұл миды кешір,
Арнама әкеп арамдық құйдым, кешір,
Кешір, Аллам.

Пайдасы жоқ ілімді бақтым, кешір,
Сүрінгенде, тұра алмай, жаттым, кешір,
Тым көп сөйлеп, сынаптай ақтым, кешіп
Қанағатсыз көз жасқа баттым кешір,
Кешір, Аллам.

Орынсыз, әр нәрсеге күлдім, кешір,
Берекесіз талай жыл сүрдім, кешір,
Қан шықпайтын бетімді тілдім, кешір,
Жақсы адам бола алмай жүрмін, кешір,
Кешір, Аллам.

Жүрегімде үнемі күзбін, кешір,
Ата-ана үмітін үздім, кешір,
Бетпердесі беймәлім қызбын, кешір,
Өзенінде өтіріктің жүздім, кешір,
Кешір, Аллам.

Сан сүріндім мен жалған-тасқа, кешір,
Сын сағатта болмай дос досқа, кешір,
Бола алмадым жақсы адам басқа, кешір,
Сүріп жүрмін өмірді босқа, кешір,
Кешір, Аллам.

Мұңсыз Алла! Мәңгі Тірі! Жаратушым!
Алпыс екі тамырға Нұр Таратушым!
Құлшылықпен тіршілік қылам анық,
Кеткенше өнімнен бой, қайрат, күшім...

Бәрін, барын Кешіруші, Хақ Тағалам!
Құзырыңда, Әміріңде барлық ғалам!
Мені де кешіре көр... Үміт етем...
Бар ұрамын, бас иемін тек бір Саған!
Кешірші, кешіре көр Хақ Тағалам...
/04.08.1/

4

Бейнесі сағым боп алдайды,
Естіліп құлаққа назды үні.
Иісі соңымнан қалмайды,
Дегенмен,
"Бәйшешек өспейді жаз күні".

Ақ жүзін сипайын дегендей,
Қолымды созамын алдыға.
Бір сезім. Жаныма ол келгендей,
Дегенмен,
"Екі екі тең емес алтыға".

Барғанда ауылға қуанып,
Алдымнан жүгіріп шығардай.
Жетемін асығып, гүл алып,
Дегенмен,
"Еш қайың болмайды шынардай".

Сағынам құрт-майын, тамағын,
Қазіргім ас емес, балдырдай.
Мен енді кімнен ық табамын,
Дегенмен,
Неге Анам мені ерте қалдырды-ай...

Мыңы өлді, ал, мыңы гүл атты,
Анасы жоқ жандар тым кем бе?
Иә, Аллам, нәсіп ет жұмақты,
Дегенмен,
Үмітсіз болмайды бір пенде...
/04.08.14/

gg

Сүгіреттер жеке мұрағаттан.