Жүрегі нұрлы – мейірімділіктің кепілі.

     Адам бойында қалыптасқан, халқымыздың асыл, абыройлы қасиеттерін көрсететін әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, қонақжайлылық іспеттес небір құндылықтары бар.

Осындай асыл құндылықтар адам баласының тегіне байланысты десек, қателеспейміз. Бала дүние есігін ашқаннан бастап, өмірге деген қызығушылығы артып, көп нәрсені тани бастайды. Жүрген ортасына қарай баланың мінез-құлқы қалыптасып, өмірге деген көзқарасы өзгереді. Адам бойындағы небір сезімдер мен адами қасиеттер нақ осы кезде көрініс табады. Ата-ананың балаға деген көзқарасы , берген тәрбиесі, болашақта баланың бойында қалыптасатын адами қасиеттеріне зор  әсерін тигізеді. Жас баланы мейірімділікке, ізгілікке бөлейтін, әрине, ата-ананың жылуы, отбасындағы жайлылық. Сондықтан адам бойындағы барлық адами құндылықтар мен  жарқын мінездердің қалыптасуы тікелей отбасындағы тәрбие мен ата-ананың балаға деген көңіліне байланысты екені хақ.  Адам бойындағы сондай бір жарқын, ізгіліктің нұры бастау алатын адами құндылықтарының ең көркемі- мейірімділік. Бұл қасиет адам баласын тек жақсы қырынан көрсетіп, адамгершілікке жат қылықтардан аулақтатады. Бірақ  өкінішке орай, қазіргі таңда адам баласын ізгілік пен мейірімділіктен гөрі , оған тіпті қарама-қайшы жат қасиет- қатігездік билеуде. Біздіңше, бұл тек әр пенденің жастайында көрген тәрбиесіне ғана емес, оның өсіп-өнген, қоршаған ортасына да тығыз байланысты. Бүгінгі таң техниканың дамыған заманы емес пе? Теледидар, радио, ұялы телефон, компьютер дегендерді әр үйден кездестіретініміз ғажап емес. Екінің бірі, тіпті одан да жаңа ifon, ipod сияқты құрылғыларды пайдалануда. Осының бәрінің адамзатқа тиген пайдасын, әрине, жасырмаймын, алайда жасөспірім балалардың санасын қатігездікпен уландыруға септігін тигізетін нақ осы құрылғылар десем, өтірік емес. Неліктен дейсіздер ғой? Бүгінгі таңда теледидардан не кинотеатрлардан көрсетілетін, шет елдерден әкелінген түрлі фильмдерді алсақ, адамды жақсылыққа, мейірімділікке баурап, ерекше бір сезімде қалдыратын фильмдер өте аз.  Керісінше әрбір екі көрсетілімнің бірі  жан ашырлық түрлі төбелес, соғыс, адамдардың бір-біріне жасаған қиянаты мен қылмыстық әрекеттеріне толы. Мұны көрген әр адамның , әсіресе жасөспірім балалардың психикасы нашарлап, қалайша қатыгездікке тәрбиелемесін? Бұдан басқа мысал ретінде күнделікті қолданыста жүретін компьютер, ұялы телефонды алсақ та , ондағы атыс, соғысқа толы ойындар , оған қоса ғаламтордан көрген –білгендер тағы да қатігездікке толы.  Тіпті кейбір жеткіншектеріміз арнайы компьютерлік клубтарға барып, ойындарға құмартып,  тәуелділікке душар болған. Бұл баланы тек қатігездікке баулып қана қоймай , оның денсаулығына зор әсерін тигізетіндігі айдан анық.  Өкінішке орай, қазіргі кезде кей адамдардың санасы қатігездікке уланғаны соншалық, тіпті айтуға ауыз бармайтын қылықтар жасауға итермелейді. Мәселен соңғы жылдары қылмыс жасаушылардың саны артып барады. Тіпті әйелдер мен кәмелетке толмаған балалрдың арасындағы қылмыс та көбейген. Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша еліміздегі қылмыс былтырғы жылдан гөрі 25%- ға өсіп отыр екен. Ал  қылмыс жасағандардың 90 пайыздан астамы бірінші рет мұндай қадамға барғандар делінеді. Сондай қылмыстың оқиғаның бірі  жуырда ғана, дәлірек айтқанда,  ағымдағы жылдың 2-ші қазанында орын  алған. Екі баланың әкесі, Созақ тұрғынының әрекеті әркімді толғандырмай қоймайтыны анық. Әйелімен ажырасқан ол, екі ұлының жұбайымен қалғанына көнбей, балаларын шалғайға әкетіп пышақтап өлтірген, артынша өзіне де қол жұмсамақшы  болған екен, алайда өз-өзіне қолы батпай тірі қалды. Мұндай ауыр қылмыстар қазіргі кезде, өкінішке орай көптеп кездесуде. Жақын тумалардың арасындағы қатігездікке тіпті, жаның ауырыды.  Атап өтсек,  қазан айының  4-і күні Теміртауда, күл-қоқыс ішінен табылған сәби жайлы естіген боларсыздар. Сәбиді таңертең көше тазалауға шыққан жұмысшы тауып алған екен. Ал бұл тастанды баланың кейінгі өмірі не болмақ? Бұл сұрақ оның анасын толғандырмайтын сияқты. Әйел адамның бұл әрекеті  адамгершілікке, мейірімділікке тіпті жат қасиет десек,қателеспеспіз.

  Адамдардың бір-біріне, айналасына жасаған мұндай қиянаттары жайлы айта берсек, көптігі сонша олардың таусылатындығына күмәніміз бар. Тіпті отбасы арасында шығып жатқан ішкі жанжал мен қылмыстық әрекеттер  ешкімді бейжай қалдырмайды. Жақын бауырлардың арасында мұндай әрекеттер орын алатын болса, бұдан асқан қандай қатігездік болуы мүмкін? Онымен қоса бүгінгі таңда  ел арасында кей адамдардың өзіне-өзі қол жұмсауы, яғни суицид оқиғаларының жиілеуі жұртты ойландырмай қоймайды. Ал мұндай жағдай көбіне жасөспірімдер арасында орын алуда. Мысалы, өткен жылы Оралда бір қыз өзіне-өзі қол жұмсаған. Семейде суға кетіп қайтыс болған қыз жөнінде жұрт құлағдар. Бұл екі бойжеткен де ҰБТ кезінде төмен балл жинап, еріксіз осындай қадамға барған.

Осыған қарай отырып , жастардың бойында  мейірімділік пен ізгілік іспеттес адами құндылықтарының төмендеп, керісінше қатігездік өрбіп бара жатқанын байқаймыз.

      Бірақ осыған қарамастан елімізде мейірімді жандардың бар екенін жоққа шығармаймыз. Ендігі кезекте солар жайлы айта кетейік. Осыдан екі жыл бұрын сирек ауруына байланысты ота жасалған Оралдық Нұржан есімді жігітімізді  бәріміз білетін шығармыз. Оның балалық шақтағы өмірі, көрген қиыншылықтары, жалпы алғанда өне бойын билеген сол бір қасіреті , қай-қайсымыздың болсын жүрегімізде  аяушылық сезім  тудырып, бейжай  қалдырмайтыны рас. Ерте қартаю қасіретіне ұшыраған Нұржан бауырымыз  ешқашан берілмей, еңсесін жоғары ұстап, өз індетімен күресе білген. Сол жолда қанша қиыншылық көрседе ешқашан үмітін үзбей төзімділік таныта білген. Осы төзімділігінің арқасында қазір міне , Нұржан қандасымыздың жағдайы әлдеқайда жақсарған десек, қате болмас.Ал оған қол ұшын созып, көмек көрсетіп, қиын болсада, елімізде алғашқы рет отаның мұндай түрін жасауға бел буған , әрине біздің ақ халатты жандарымыз- дәрігерлер. Нұржан бауырымызға тегін ота жасап,  бет-әлпетін қалпына келтіріп, болашағына зор мүмкіншіліктер аша отырып, үлкен мейірімділік танытқандары өтірік емес. Тіпті Ресейдің мамандары келіспеген , мұндай қауіпті қадамға бару , біздің білікті мамандар үшін үлкен абырой. Осындай мейірімді жандарымыздың арқасында Нұржан сияқты түрлі қасіретке ұшыраған  жандарымыздың аяқтарына тік тұрып жатқандары хақ.

  Тағыда айта кетерлік жайт,  елімізде бүгінгі таңда түрлі қайырымдылық қорлары мен соған арналған арнайы бағдарламалар аз емес.  Мысалға күнделікті теледидардан көріп жүрген, қоғам қайраткері, тележүргізуші, актриса, 2009 жылғы «Инвалидтерге қамқорлық» наминациясы бойынша Алтын Жүрек премиясының иегері  Сайын Аружанды бәріміз білетін шығармыз. Көптеген қайырымдылық шаралар өткізіп, жетімдер мен үйсіз, күйсіз жүрген жандарымызға мейірімділік таныта білгені мақтан етерлік жайт. Әрине , елімізде осы әпкеміздей мейірімді жандардың баршылық екенін жоққа шығармаймын. Алайда қандасымыз Аружанның «Милосердие»  атты қайырымдылық қоры  әрқайсымыздың да жүрегімізді елжіретері анық. Осындай мейірімді жандарымыздың бар екенін біз, қазіргі жас буын , мақтанышпен айтып, үлгі алсақ ол да бір ғанибет.

 Қазағымда «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген даналық сөзі бар емес пе? Міне осы мақалға сүйене отырып, мен өз туған атам жайлы да айтып кетсем деймін.   Атамның аты-жөні – Матжанов Көкенай, жасы 77-де. Осы ұлғайған жасына қарамастан, өзінің тұрған ауылында халық үшін пайдалы көптеген істер атқарғаны, шындық. Атап айтсақ, ауылдың бас жағынан артизан құдығын қаздырып, ауылға су тартқызды, сонымен қатар ауылдағы жарық жүйесін қайтадан дұрыстап қалпына келтірді. Осының өзі ауыл тұрғындарына таза су мен тиянақты жарық жүйесінің жұмыс істеуіне зор ықпалын тигізді. Бұлда қазіргі өмір талабына сай , күнделікті тұрмысқа қажетті негізгі істердің бірі деп ұғамыз. Сондықтан мен өз атамның осындай мейірімділігін айта отырып, халыққа жасаған игілікті істерін мақтан етіп, үлгі аламын. Және де осындай халқы үшін жақсылығын аямаған мейірімді жандарымыздың әлі де арамызда бар екеніне кәміл сенеміз! Біз, қазіргі жастар , еліміздің болашақ атар таңы осындай аға- әпкелерімізден үлгі ала отырып, барша қауымды бойларындағы адами құндылықтарын жоғалтпаса екен дейміз.

 

 

 

 



Бөлісу: