Жұмысы жемістінің өмірі де келісті

Қолыңыздағы мақала ұлттық «Табыстың 100 қадамы» жобасы аясында дайындалып отыр. Бұл жоба үлкен табысқа қол жеткізген отандастарымыздың еңбек жолы туралы насихаттауды мақсат тұтады. 
Азамат жақсы болса көлеңкесі елге түседі демей ме қазақ. Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудың халыққа қиын соққан кезінде туған ауылындағы шаруашылықты қолға алып, қайта гүлдендірген азаматтың бірі – Қазақстанның мемлекеттік және қоғам қайраткері, Қызылорда облыстық күріш өндірушілер және өңдеушілер қауымдастығының Президенті (2008) Абзал Жұмашұлы Ералиев.

Ол Қызылорда іргесіндегі Нағи Ілиясов ауылының тумасы. Күрішімен даңқы артқан кеңес заманында осы ауыл жүз мың тонналап өнім берген ірі шаруашылықтың бірі болған. Тоқсаныншы жылдарда тоқырай бастаған ауыл Абзал Жұмашұлының бастамасымен, аудан басшылығының қолдауымен қайта жанданады. Туған жеріне еңбек етіп, жұмысшыларды жұмылдырып, елдің ықыласына бөленген А.Ералиев есімін ауыл тұрғындары мақтанышпен айтады. 
Жұмаш аға мен Кенжегүл апаның отбасында дүниеге келген, 8 баланың бірі Абзал Жұмашұлы әскерден оралған соң жиырма жасында еңбек жолын Қызылорда үй құрылыс комбинатында құрылыс шебері болудан бастады. Он жылдай қарапайым мастер, прорабтықтан бастап, осы мекемеде құрастыру бөлімшесінің бастығына дейін көтеріліп, жұмыс жасайды. Оның Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтында (Қызылорда қаласындағы филиалы) алған мамандығы инженер-құрылысшы болатын. Дегенмен, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ыдырай бастаған құрылыс мекемелері бұл саланың жуық маңда қайта жандана қоймайтынын байқатты. Ол табыс табу ойымен саудаға да бұрылып көрді. Бірақ, бұл кәсібінің де болашағының болмашы екенін түсініп, 1994 жылы айналасындағы бір топ азаматты біріктіріп «Абзал және Компания» толық серіктестігін құрады. Ұжым алғашқы қадамын Нағи Ілиясов елді мекенінің тұралап қалған күріш өндірісінен бастайды. Серіктестік бастапқыда күрішті сатумен айналысып, кейіннен ғана егіс егіп, өз өнімдерін шығара бастайды. Жылдармен бірге шаруашылық та жанданып, пайдасы да ауыл игілігіне жұмсалады. 
«Еңбек ерлікке жеткізер», А.Ералиевтің еліне еткен ерен еңбегі еленіп, 2013 жылы Қазақстанның Еңбек Ері (2013) және «Отан» орденімен марапатталды.
Мыңдардың алғысына бөленген Абзал аға 2016 жылдың наурызынан бастап ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты қызметінде.Табандылықпен тер төгіп, өзгеге көмектесуді мақсат тұтқан Абзал Жұмашұлының республика көлемінде атқарып келе жатқан қоғамдық жұмыстары жастарға, айналасына үлгі боп отыр. Бұндай үлкен табыс алдына мақсат қойып, оған жетер жолда аянбай күш-жігерін жұмсаған адамнан ғана шықпақ. Қазіргі уақытта оның адал еңбегінің жемісін бір өзі ғана емес, бүкіл халқы, туған елі көруде.



Бөлісу: