Жұмыссыз жүргеніңізге кім кінәлі?
блог
Адам не нәрсе істесе де бірінші барлық кемшілікті өзінен іздеуі керек. Мұнымен айтпағымыз, сіздің тұрақты жұмыс жасауыңыз үшін біршама қателіктерді түзету керек. Көп адамнан кездесетін кінәраттар сізден де табылып қалар.
Біріншіден, сіз өзіңіздің білім алған мамандығыңызға сенесіз. Төрт немесе бес жыл жоғарғы оқу орынында бір мамандықтың бүге - шүгесіне дейін біліп, қызыл диплом алдыңыз. Бес жыл бұрын зор маңызға ие болған мамандық бүгінде жалақысы аз, арнайы орындары кеміп кеткен екенін енді ғана сезіндіңіз. Өзге бір саланың етегін ұстауға қауқарыңыз жетсе де, намысыңыз жібермейді. Бұл ретте мамандардың сізге айтар кеңесі: "алма піс, аузыма түс" деп отырудың қажеті жоқ. Өзіңізге басқа ыңғайлы жұмыс тауып, өзге бағытқа ауысқаныңыз жөн. Өйткені құрдымға кетіп бара жатқан саланың өз мамандары жеткілікті. Сізге жақын арада ол жерде еңбек ету бұйырмауы мүмкін.
Екіншіден,төменгі сатыдағы жұмыстарды жасауға құлқыңыз жоқ. Өзіңізді жоғары білімі бар, интелектуалды азамат санағандықтан, төмен дәрежедегі жұмыстарға мұрынды шүйіре қарайтыныңыз белгілі. Алайда, қолыңыздан келіп, жалақысын уақытылы төлеп, демалысына мерзімінде шығарып, тұрса тартынып қалудың не жөні бар? Отырғызған жерінде ғұмыр бойы тұра беретін ағаш емессіз. Уақыты келгенде қалаған мамандығыңызға ауысуыңызға болады. Тек еңбектен алыстап, ез жігіттер қатарын толтырмаңыз.
Үшіншіден, түйіндеме жазуға немқұрайлы қарағаныңыз.
Сізді жұмысқа алаатын кезде ең бірінші түйіндемеңізге қарайды. Онда сіз туралы барлық мағлұмат пен кішкене суретіңіз тұрады. Жұмысқа алушы адам да сіз секілді ет пен сүйектен жаралғанын естен шығармаңыз. Кез - келген маман ең бірінші ақпаратты бір қарап шығып, суретіне үңіледі. Сондықтан түйіндемені жіберер алдында жақсылап зер салғаныңыз абзал.