Жұмыс кезінде сергек жүрудің тәсілдері

Жаз демалысы соңына келіп, студенттер мен жұмысшылар сабақтарына және  жұмыстарына кірісіп кеткеніне міне бір айдай өтіп кетті. Күздің келуімен, жұмыс кезінде дене  бойымызда болатын қуат пен зейінді сақтау бізге бір қиындық туғызып, тіпті түстен кейін жұмыс өнімділігінің құлдырауына да әкелетіні рас. Өз басым Назарбаев Университетінде оқып, мен осындай жағдайға ылғи да кез болып тұрамын. Алайда, мен өзім үшін күні бойы сергек жүрудің, уақытты пайдамен өткізудің, жұмыс үшін қажет қуатты қайдан алу керек жолдарын таптым. Өзімнің алғаш блогымда мен сіздермен бұл әдістермен бөліскім келеді.        
7-8 сағаттан кем емес ұйықтау қажет

Көптеген студенттерге тән жағдай – түнімен ұйықтамай, күні бойы ұйқылы күйде жүру. Тіпті күніне 4-5 сағат ұйықтап жүре беретін адамдар да болады. Зерттеу бойынша 4 сағат ұйықтаған адам мен 7 сағат ұйықтаған адам сынақтамаларда бірдей нәтиже көрсете алады. Алайда, мәселе онда емес; Гарвард университетінің профессоры Клиффорд Сапердің айтуы бойынша: “Ұйқысы қанбаған адамның миы әдеттегідей жұмыс істегенімен, мезгілімен сол адамның миында электр қуат желісінде болатын ауытқулар сияқты құбылыстар болып тұрады. Сол себепті, ұйқысы қанбаған адам зейінін жоғалтып, көңілі басқа заттарға аударыла береді”. Сондықтан, құрметті достар, күніне 7-8 сағаттан кем ұйықтамауға тырысыңыз. 

Орындайтын тапсырмаларыңыз қуат деңгейіне сай келу керек 

Вашингтон Университетінің профессоры Кристофер Барнстың айтуы бойынша: “Зейінді қажет ететін шығармашылық жұмыстарды орындауға сай келетін бірнеше ең қолайлы уақыт периодтары бар. Көбі үшін ол – түске дейін және кеш уақытта”.

Сол себепті, менің сіздерге кеңесім – нақтылық пен зейінді қажет ететін, мысалға шығарма жазу, есеп шығару сияқты тапсырмаларды қуатымыздың көтеріңкі кезінде орындап, қуатымыз құлдыраған кездері телефон шалу, есептемелерді толтыру сияқты жұмыстарды орындаған жөн.

Қимылдаңыз

Кез келген физикалық белсенділік сергектігіңізді және жігерлігіңізді көтереді. Бір орында отырып жұмыс істеу денеңізді және миыңызды одан әрі шаршаттырып жібереді. Сол себепті, орныңыздан тұрып, далаға шығып, дем алып, бірнеше рет басплалдақта төмен-жоғары жүруге, денеңізді жақсылап созуға ешқанан ерінбеңіз. Бұл сіздің денеңізді оттегімен байытып, рухани және физикалық шаршағандығыңызды жояды.

 

Тіпті бір іскерлік кездесуді далада өткізіп, әріптестеріңізді серуендеуге алып шығып, мәселені қимылда талқылауға да болады.

Жұмыс орнында медитация жасаңыз

Көптеген атақты адамдардың қуаттарының қайнары – медитация. Тіпті Стив Джобс айтқандай, "медитация оны шайқастағы ниндзядай сездіреді". Зерттеу бойынша, тіпті күніне бірнеше минут медитация жасау, стресс деңгейін төмендетіп, бір ұйықтап алғандай сергітеді. Медитация кезінде аса көңіл бөлетін зат – демалу. 5-6 рет ішімізбен терең дем алу күш-қуаттың артуына жеткілікті оттегімен қамтамасыз етеді.

Кофе ішуден бас тартыңыз

 

Осыдан жарты жыл бұрын, түстен кейін шаршай бастаған кезімде кофе ішу әдетке айналып кеткен еді. Бірақ уақыт өте келе, күніне бір стакан кофе аз болып, мен өзімді бір нашақордай сезіне бастадым. Оған себеп – кофе шын мәнінде сізге ешқандай күш-қуат бермейді, тек шаршағандықты сездіретін денеміздегі химиялық реакцияларды бұғаттайды. Уақыт өте келе, сіз әдеттегі режимде жұмыс істеу үшін кофе ішпей жүре алмайтынын сезе бастайсыз. Бұл кейін денсаулыққа зиянын келтіретінін білгеннен кейін, мен кофе ішуді мүлдем қойдым. Оның орнына, шын қазақтай, күнде шай ішсеңіз, кофедей дерлік әсер аласыз.

Музыка тыңдаңыз

 

Музыка – сергектенудің жолымен қатар жұбанудың да көзі. Физикалық жаттығулар жасағанда қалай музыка тыңдайсыз, солай да сабақ оқығанда не жұмыс істегенде музыка тыңдасаңыз өзіңізді тамаша сезінесіз. Кейде мен сабақ оқыған кезде, қатты шаршап кетсем, орнымнан тұрып, музыканы қаттырақ қосып, өлең айтып, билеп аламын. Бұл маған тағы екі сағат тұрмай сабақ оқуға күш береді. Әрине, егер сіз офиста отырып, олай істеуге мүмкіншілігіңіз болмаса, жай ғана бір жаныңызға жайлы музыка қойып жұмыс істеуге болады.

Әр адам өзіне ұнайтын музыка таңдайды. Біреулер қуаттану үшін тез ырғақты өлеңдер тыңдаса, кейбіреулер ойымызды демалдыратын жайлы классикалық композицияларды таңдайды.  

Қорыта келгенде, күнделікті қалай жігерлі әрі қуатты болу үшін не істеу қажет:

Жөнімен 7-8 сағаттан кем емес ұйықтау жөн.

Шаршаған уақытта, медитация жасап, музыка тыңдау керек.

Неден аулақ жүру қажет:

Қуатыңыз құлдыраған кезде, аса қиын нақтылықты қажет ететін тапсырмаларды орындау дұрыс емес. Одан да мұндай тапсырмаларды күш-қуатыңыз мол болған кездерге қалдырыңыз.

Бір орында қимылсыз отырудан аулақ болу қажет. Жұмыс орнынан тұрып, бір-екі жаттығу жасағаныңыз абзал.

 

Кофедан бас тартыңыз. Одан да шай ішіңіз.

Жазған кеңестерім сіздерге кішкене де болса пайдасын тигізетініне сенемін. Оқығандарыңызға рахмет!



Бөлісу: