Жұма күнгі ой
блог
Расында өзгеріссіз жалғыз Жаратушы ғана! Қалғанымыз: жанды-жансызымыз өзгеріссіз (рухани, дүниеауи) тұра да алмаймыз-ау деймін. Адам бірқалыптылықтан да жалығады, әрине. Жалпы әр нәрсенің шегі мен шеті болуы ләзім.
Осы уақытқа дейін әркім өзінің не бітіріп жүргеніне мән берсе ғооой... "Жындар мен адамдарды өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым" деген қасиетті құрандағы Аллаһтың сөзі неге ескерусіз?!
Әйтеуір жер бетін басып тірі жүргеніңізге мәзсіз, әке-шешеңіздің тапқан-таянғанын шашып, ішкеніңіз бен жегеніңізге, жұрттан қалмай, тіпті елдің алдын бермей соңғы үлгімен киінгеніңізге ризасыз. Бәрі, бәрі Аллаһтың сансыз нығметтерінен. Бірақ, күпіріңіз басымырақ. Шүкіріңіз аз немесе жоқ та.
Өзіңізше бақыттысыз. Жаспыз ғой дейсіз. Махаббат! Ееех, керемет сезім, әрине! Әркімнің өз сүйгені бар: жанында, жадында немесе жалғыз. Сәйкесінше, әркімнің бір дерті бар. "Әр кәллада бір арман" демекші, қашан болсын бірнәрсе жетпей-ақ жүргені.
Қашанда біреуге немесе бірнәрсеге мұқтажсыз. Ойланып көрсеңіз: қашан Сізде бәрі, қалағаныңыздың барлығы бар болды? Қашан төрт дүниеңіз түгел отырдыңыз?! Соңғы рет қашан шын бақытты болдыңыз: тойып бір тамақ жегеніңізде ме? Туған күніңізде қымбат сыйлық алғанда ма? Ауылды сағынып, аңсап жеткен жыл құсындай туған жердің ауасымен кееең бір тыныстағанда ма? Жооооқ, сағына, зарыға, жабыға күткен сүйгеніңізге жетіп, бір өпкенде ме? Әлде...Өзегің талып ораза ұстаған күнгі ауызашардағы бір жұтым суға жеткенде ме? Бәлкім тізеңізді бүгіп намаз оқып, сәждеге маңдайыңыз тигендегі жүрек тебірентер сәтте ме?
Не істедіңіз сол кезде? Тым болмаса, "ӘЛҺАМДУЛИЛЛАҺ" деп Аллаһқа шүкір етіп, риза болдыңыз ба? Бәрі Аллаһтың бергені ғой. Және берген құдай алатынын да ұмытпаңыз.
Бұл өмір сынаққа толы және бәрі уақытша.
"Иманымыз - жиғанымыз" екенін ескеріңіз! Ал сол иман шүкір мен сабырдан тұрады. Басыңызға келген әрбір жақсылыққа шүкіршілік, әрбір қиындық мен келеңсіздіктерде сабырлылық таныта білгейсіз...