Жұлдызжорамал

Жұлдызжорамал
жеке
блог

Пендеміз ғой соңынан сөз жосылған,

Елдің бізге түрік жүрер құлағы.

Бірде менен әріптес қыз тосыннан,

Қай жұлдызда туғансыз деп сұрады.

 

Өмірде бұл өлшенетін сынаппен,

Белгілі ғой туған күн,ай,жылым да.

Әлі күнге білмейді екем бірақ мен,

Қай жұлдызда туғанымды шынын да.

 

Төлқұжатқа таңбадай боп басылған,

Туғаным шын жылқы жылы,тамызда.

Білетінім осы ғана жасымнан,

Ал, қалғаны ие емес маңызға.

 

Келер күнен күтсе әр адам бір үміт,

Көңіліңді бір сәт болсын шат қылар.

Қолындағы жорналына үңіліп,

Әріптес қыз жұлдызымды тапты дәл.

 

Сайрап кетті әріптестің бай тілі,

Болжамсыз-ақ өткізіппін бекер күн.

Жорналдағы жорамалдың айтуы,

Мен арыстан белгісінде екенмін.

 

«Арыстандар» көшбасшыға лайық,

Аңсайды екен атақпенен мансапты.

Бірақ оның бет-бейнесі шынайы,

Тек ерлікпен қарсы алады бар сәтті.

 

Сосын тағы ешкімге бас имейді,

Атылатын мінезімен айға тік.

Өздігінен соқтықпайды,тимейді,

Соқтыққанды  салады екен жайратып.

 

Солай болар жаратқан соң күшті ғып,

Өмірде де осылай боп тұрса әттең.

Айбарлы аңға теңелгенге іш жылып,

Қалдым көкке көтеріліп бір сәт мен.

 

Жылым жылқы, тегім қазақ, арым да...

Тектілігім жылқыға тән десе де.

Көкбөрінің мінезі бар қанымда,

Пенделікке жазылғанмен пешенем.

 

Арыстанға ұқсамаймын мен мүлдем,

Шығарғанмен жорамалды ел оңға.

Санамды осы сандыраққа сендірсем,

Көкбөрінің киесі ұрар мені онда.

 

Сенбедің деп қашса, қашсын «бір бақыт»,

Бетін бұрмай кетсе,кетсін «думан күн».

Өзі іздеген көкке қарап түн қатып,

Мен бөрінің белгісінде туғанмын.

 

Ұмтылмайтын атақ,мансап,шен десе,

Жан едім мен бар басында «соры» мың.

Мен арыстан бола алмаймын ендеше,

Қанда барда қасиеті бөрінің.