Журналист – жиі таңдалатын мамандықтардың бірі. Ол түсінікті де. Эфир жүргізу, сұхбат алу, түрлі оқиғалардың дәл ортасында жүру, қызықты мақала жазу, ... шынымен қызығып кетесің. Әрі мамандығың бойынша қызмет етесің, әрі көпшілікке танымал боласың. Мысалы, өрт сөндіруші, дәрігер, мұғалім немесе зоопарк қызметшісі болсаңыз, өзіңізге ұнайтын нәрсемен айналысуыңыз мүмкін, бірақ түріңізді көргенде не атыңыз аталғанда көпшілік бірден танитындай танымал болып кетуіңіз екі талай. Ал журналист өз мамандығы бойынша қызмет ете отырып, мамандығына жарнама жасап отырады, өйткені ол бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істейді. Басқа мамандар мен кәсіп иелері жұмыстарының қыр-сырын тек сол ортаға барғанда ғана көріп, байқауға болады. Мысалы, таксиге отырғанда таксистің, ауруханаға барғанды дәрігердің, студент болсаңыз оқытушы, ғалымның қызметі қандай болатынын аз-кем біле аласыз. Ал шахтер, археолог, ұшқыш, омарташы, кинолог (кино зерттеушісі емес, иттермен жұмыс істейтін маман), зертхана қызметкерінің жұмысы қандай болатынын тіпті біле бермейміз. Мұндай саладағы еңбегі сіңген атақты мамандарды да танымауымыз да мүмкін. Себебі, біріншіден, біз олардың жұмыс орнына барып, қызметіне тікелей жүгінбейміз, екіншіден, олардың сіңіріп жатқан еңбегі туралы аз айтылады/көрсетіледі, басқаша айтсақ, аз жарнамаланады. Ал журналист жұмысының ең қызығатын / қызықтыратын сәттерін (танымал адамдардан сұхбат алу, тікелей эфир арқылы хабар жүргізу, түрлі оқиғалардың дәл ортасында жүру, қызықты мақала/репортаж шығару, камера алдында тұру, студияда отыру, маңызды ақпаратты халыққа жеткізу, ел алдында үнемі әдемі, ақылды болып жүру, т.б.) күн сайын көргендіктен, қиын тұстары бізге тіпті байқалмайды. Осылайша, көбіміз журналист мамандығына қызығамыз, журналист болуды армандаймыз, мамандық ретінде дәл осы журналистиканы таңдаймыз.
Өз басым жоғарыда аталған себептер бойынша журналистерге қызығып, солар сияқты болуды армандағаныммен, мамандық ретінде таңдамадым. Дегенмен, журналист болсам деген арманым орындалды деуге болады. Қалайша дейсіздер ме?
Бір күні ...
Жарайды, ол туралы келесі блогқа жазайын. Әзірге кейбір мамандықтардың ағылшынша аудармасымен таныса отырыңыз:
lawyer (лойә) -заңгер
dentist (дэнтист) - тіс дәрігері
nurse (нө:с) - медбике
fireman (файәмэән) -өрт сөндіруші
policeman (пәлиисмэән) - полиция қызметкері
hairdresser (хэәдрэсә) - шаштараз
accountant (әкаунтәнт) - бухгалтер, есепші
artist (аа:тист) - суретші (әртіс / актер деп қалмаңыз)
writer (райтә) - жазушы
farmer (фаа:мә) -фермер (ауыл шаруашылығымен айналысатын маман)