"Жұлдызды әуендер" кешінен

"Жұлдызды әуендер" кешінен
жеке
блог

Семестр жартысын аяқтап, соңғы сынақты ойдағыдай тапсырып, керемет көңіл-күймен жатақханаға жеттім. Күндегі әдетімше интернетімді қосып, массагеттің жаңа блогтарын ақтарып отырғанымда, СТВ арнасының байқауын көзім шалды. Шамалы ғана шәкіртақысын үнемдеп, келесісін асыға күтіп жүретін студент үшін, бұл таптырмас қазына болды. Білгенімді, көргенімді, түйгенімді көркемдеп жаздым да, бағымды сынамаққа бел будым. Байқау қорытындысы шыққан күн қос бірдей құрбымның туылған күнімен бірге жеткен қуаныш болды. 

Концерт уақытымен сәйкес кеп тұрған сабақты басқа күнге ауыстырып жібергеніне қуанған құрбым екеуіміз студенттер сарайына жол тарттық ойланбастан. Кеш шымылдығын жас әнші Бейбітгүл Нұрымхожина мен талантты актер Нұрлан Әлімжан ашты. Көрерменнің ерекше ықыласына бөленген Әли Оқапов әуелете ән салған кеште Еркін Мәулен, Адам, Гүлхан мен Дәулет, Ұлту Қабаева, Бағдат Сәмединова сынды қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары мен жаңа буындары тамаша өнер көрсетті. Адам атты әншіні бұрын танымаушы едім, бүгіннен бастап ол менің таңдаулы әншілерімнің қатарында. Дауысымен, таңдаған әуенімен, әнінің сөзімен ерекшеленді ол бәрінен.

Сәрсенбінің сәтті күнінде тамаша кеш сыйлаған СТВ арнасына алғысымды білдіріп, бүгінгі бастамаларына толағай табыс, баянды болашақ тілеймін!