"Жұлдыздарға" ғашық болу туралы...

"Жұлдыздарға" ғашық болу туралы...
жеке
блог

   Қай бір күні у-шу болып дауладық, бетті басып ұялдық, "Айтуға оңай" бағдарламасының "Жұлдызға ғашық болу" тақырыбындағы түсірілімін көріп. Бағдарламадағы қыздардың тірлігіне ұялып, қап-ай жігіттердің алдындағы абыройлары түсті-ау деп қынжылдық. Актрисаларды ойнатып қойса да. Сондай намыспен қарадым. Қыздар мүмкін шындарын айтқан болар, бәлкім?! Кішкентай қыздар шығар әлі, кезіндегі біз сияқты:).

Біз сияқты дейтінім, қарап отырып, кезіндегі өзіміздің тіршіліктер еске түсіп, басым "істемейтін" кез екен ғой деп ойладым. Себебі, курстас құрбым Салтанат екеуміз сондай ыңғайсыз әрекеттердің кейіпкері болғанбыз. 16-жастамыз ғой, миым жетілмеген ол кезде шын айтам). 

2003 жылдары МузАртымыздың жұлдызы жанып, қазақ эстрадасының жарқырай бастаған кезі, біз үшін. "Сенің көзің", "Жалын кешкен"-дер хиттің хиті болып, мың қайталап тыңдайтын әндер болатын. Газет, қалың дәптерлердің бетіне шыққан топ мүшелерінің суреттерін қиып алып, әр жерге бір жапсырып, айналып-толғанып жүретінбіз. Бір күні құрбым бөрігін аспанға лақтырып, жүзі бал-бұл жайнап келді.

- "Менде Сәкен мен Мейрамбектің телефон номерлері бар",-деп алақайлап үйге кірген құрбыма дән ризамын. Жарғақ құлақ жастыққа тисін ба, лезде үйден шықтық. Ол кезде екінің бірінде ұялы телефон жоқ, серігіміз таксофон болатын. Үйге де, аялдамаға да жақын Қазақтелеком жұмыс істейтін біздің маңда. Сонда тартамыз, сабаққа ерте шығып. Сосын кезекші апайлардан таксофонның картасын алып, айда кеп Мейрамбек пен Сәкен ағалардың номеріне тоқтаусыз телефон шаламыз. Айттым ғой, ми жоқ бізде). Номерді тереміз. Үндемейміз. Тұтқаның арғы жағынан ол кісілердің шыр-пыр болып жауап қатқан дауыстары. "Қыздар, сөйлесеңдерші енді, телефон соққан соң" ,-деп ренжіп те айтады. Мәзбіз. Ия, жұлдыздарға звондадық. Кезекші апай сол жерден қуып шыққанша тұрамыз, кезек-кезек тұтқаға жармасып. Сосын автобусқа отырып, келесі аялдамадан түсіп қалып, сол жердің таксофонын ойыншыққа айналдырамыз. Тағы сол, жұлдыздардың телефонына тыныштық бермейміз. Күнде осылай қайталана беретін біздің сабаққа дейінгі маршрут. Қазіргідей әлеуметтік желілер арқылы кімнің қайда жүргенін, қай жерде сұхбат бергенін ізінше білетін кезең емес еді ғой. Ал, телефон соғып дауысын есту дегеніңіз кәдімгідей мақтаныш болатын. Ұят-ай!

Тағы бір таң атып, асығып телекомға келіп, таласып таксофонға жармастық. Бізге сауап болды сол күні. Телефон сөндірулі! Біздікі ғашықтық емес, балалық...Кешіріңіздерші, алтын ағаларым!:) 

О бастан, танымал адамдарға құмармын. Олар жайлы сұхбат, суреттер мен үшін бағалы дүние ретінде сақтала береді. Қазір ғашық болатын емес, құрмет тұтатын жандар бізде көбейіп келед!

Жақсы адамдар көп болсын!