Жұлдыздардың есте қалған сыйлықтары қандай екен?
блог
Танымал жүргізуші, дарынды сахна әртісі Азамат Сатыбалдының есте қаларлықтай сыйлығы – асыл тұқымды тұлпар екен. Азаматқа сыйланған тұлпар Шыңғыс Айтматовтың туындысындағы Гүлсарыға ұқсағандықтан, есімін де солай атаған екен.
Ал сіздерге достарыңыз көлік сыйлап көрді ме? Танымал әншіАйқынның есіне осы сыйлық ұзақ уақытқа із қалдырыпты. «Осыдан 5 жыл бұрын Астанадағы Ержан досым сыйлаған «Camry-20» көлігі есімде» деп жауап берді Айқын. Жарайсың, Ержан, нағыз достықтың белгісін көрсеткен екенсің!
Сонымен қатар Алмас Кішкенбаевқа да көлік сыйлаған адам бар екен. Бірақ бұл Алмастың досы емес, әншінің продюсері Ләйлә Сұлтанқызы. Алмасқа сыйлаған «тұлпары» – «Mercedes»-тің «Е» үлгісі болып шықты. Дегенмен Алмас сыйлықтың бағасына қарамайды екен.
Бақытты ана Ақбота Керімбекова болса: «Баламның мектепке барғанда, өз қолымен жасаған шоқ гүлдерінен асқан қымбат сыйлық жоқ», - деп жауап берді.
Еліміздің «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіттерінің бірі Бүркіт заңды түрде неке қиса да, оның шығармашылығына сүйсінушілер әлі де маза бермейді екен. Әнші өзіне арнап қыздар жазған өлеңдердің қымбат сыйлықтар екенін айтады. «Өлең сөздері, әсіресе, қыздар жазған қара сөздер, менің өнеріме арналған жылы сөздер де жүрегіме дөп тиеді», - дейді ол. Бүркіттің жары Аиша мұндай кезде не дейді екен?!
Басы бос, дауысы зор Еркін Мәуленнің ең қымбатты сыйлығын анасы сыйлапты. Егер сіз «қандай?» деп тағатсыздана жауап іздесеңіз, аптығыңызды басыңыз, бәрін жөнімен айтатынымызды жеткіземіз! Мектеп оқушысы болып, өнер жолына енді түскен кезінде Еркіннің анасы ұлына музыкалық орталық сыйлапты. Сол заманда көршілердің құлақтарының құрышын қандырған, тіпті үйдің қабырғаларын дірілдетпек түгілі, солқылдатқан жеткіншек осы күні танымал әнші атанған Еркін Мәулен болып шықты.
Айтыстың аламаны Ринат Зайытов болса былай жауап берді: «Айтыскерлерде фан-клуб болатынына өзім таңғалдым. Бұрын тек қана әншілерде ғана болады деп ойлайтынмын. Дәл қазір менің басты сыйым – менің тыңдармандарым». Әрине, Ринат ағамыздың шеберлігіне, сөз шешендігіне фан-клуб та аздық етер.
Басың бос, оның үстіне ажарың әдемі болса, сырттан ғашық болатындар да мезі ететін шақ бастан өтеді екен. Айгүл Иманбаеваның талай жыл бойы өнеріне сүйсініп, қыр соңынан қалмайтын Фархад есімді азамат өзінің сыйлығын шытырман оқиға үстінде сыйлапты. «Осы 7-8 жылдай болды, бір азамат қоңырау шалып: «сүйемін, күйемін, өлемін» деп жүреді. Тіпті мен оның есімін де жатқа біліп алдым. Бір күні режиссер Т.Теменовтің «Бұлбұлдар түні» атты спектаклі жүріп жатқан, сахнаға Фархад қолына қорап ұстап, жүгіріп шықты. Бұл кездейсоқ әрекетке таңғалған сахнадағы әртіс өзінің рөлі бойынша: «Бұл фашист не істеп жүр?» деп айғай салып, жаңағы Фархадты сахна сыртына алып кетіпті. Кейін дереу менің әлгі жанкүйеріме «сен неге спектакль ортасында шықтың?» дегенде, Фархад: «Мынау сыйлықты Айгүл Иманбаеваға беріп жіберіңізші» деп айтыпты. Кейін бұл сыйлық менің қолыма жетіп, осы оқиғаны айтып бергенде жүрегім тоқтап қала жаздады. Ал сыйлықтың ішінде жұпар иісті әтір мен махаббат жырын жырлаған хат бар екен», - деп Айгүл сыйлық сырымен бөлісті.
«Арнау» тобының мүшесі Нұржан Керменбаевтың есіндегі сый – оның ең сүйікті «Coco Chanel»-дің жұпар иісті әтірі болып шықты.
Маржан Арапбаеваның есте қалған сыйлығы тосыннан сыйланыпты. Жаңа жыл қарсаңында әншіге астаналық бір ауданның әкімі Нью-Йорктен әкелінген дизайнерлік әшекей бұйымын беріпті. Зергерлік бұйым ақ алтыннан жасалынып, гауһар тастармен көмкерілген екен. «Мен ешқашанда гауһар тас тақпаған едім!» деп тосын сыйлыққа тосырқай қараған Маржан сыйлықтан бас тартып жатса, ал әлгі Сарыарқа ауданының әкімі: «Міне, енді тағатын болдың!» - деп алтын білезікті қолына тағып беріпті.
«Меломен» тобының продюсері жүрекке иман ұялатып, «Алланың 99 есімі» мен Құран Кәрім сыйлаған екен. Дегенмен бұл қасиетті заттар жай ғана емес, күміс-алтын араласып, асыл тастармен әшекейленген көрінеді. Әр продюсердің қоятын талаптары да, сыйлайтын сыйлықтары да әркелкі болады.
Сахнада 10 жылдан астам өнер көрсетіп жүрген «Орда» тобының жігіттерінің сыйлықтары да әртүрлі екен. Мысалы, Ерболат үшін таяу арада дүниеге келген Мейірлен деген сәбиінен артық «қымбат» сыйлық жоқ екен. Ал Нұрлан балалық шағын есіне түсіріп, кішкентай кезінде арман болған лупаны қалай алғанын әңгіме етті. Ал Дастанның есінде «Екі жұлдыз» тележобасындағы түсірілімнен кейін сахнаға бір қыздың жүгіріп шыққаны қалыпты. Ол қолындағы «қағаздан жасалған кемені» сыйлапты. «Орда» тобының танымал әндерінің бірі де «Қағаз кеме» деп аталады.
«Индиго» тобының бикештері де сыйлық алады. Айбөпенің қымбат сыйлығы Стиви Уандердің 4-ші күйтабағы болды. Ал Динара өзінің болашақ күйеуі сыйлаған 101 раушан гүлін есіне түсірді. Ал Настя болса, айтарлықтай сыйлық алмапты, дегенмен жаңа көлік немесе зәулім үйді армандап, сый ретінде күтіп жүр екен.
http://1tv.kz/kk/news/culture/12012012/raider