Жұлдыздар із тастап ағады!..

Жұлдыздар із тастап ағады!..
жеке
блог

       Орақ ауыз, от тілді Оразалыны бүкіл қазақтың үлкенді-кішісі ешқашан ұмытпақ емес.

   Оразалы Досбосынов Жарылқасынұлы 15қарашада 1975жылы қасиетті аспантаулар аясында, Райымбек ауданына қарасты Тегістік ауылында дүниеге келген. Бұл өңірдің әрбір тасы тұнған тарих. Тарихты тастан оқыды. Құдайдың уысында, таудың қуысында жатқан қараша үйлерде дүние есігін ашып, айдай әлемге ат оздырған тұлғалардың мұраларынан өмірлік ұстанымын тапты. Халық ауыз әдебиетінің жауһарларын жаны семіргенше сіңірді. Сіңіріп те үлгере алмады. ХХ ғасырдың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың қуатты да асқақ поэзиясына бас қойды. Қазақ әдебиетінің аса ірі классигі Бердібек Соқпақбаевтың суатынан шөл қандырды. Мектеп жасында жүріп-ақ үлкендердің аузына ілінді. Шыңға құлаш ұрды. Шыңға шағылды. Шыңнан қуат алды.

     Жалпы айтыс жанры қазақ ауыз әдебиетінде саны жағынан да, сапасы жағынан ерекше орын алады. Тек қазақта ғана емес, бүкіл Шығыс елдеріндегі айтыс қазір өзінің жанрлық қасиетін, түрін қазақ әдебиетінде сақтап қалған. Айтыс- тақырыбы белгісіз, тосын сұрауларға құрылады. Екі ақын да бірін-бірі тығырыққа тіреп,бірін – бірі сүріндіру үшін өмір құбылыстарын жұмбақ етіп те айтады. Соның бәріне ақындар суырып салып, жауап беруге, дәлел айтуға әзір болуы керек. Мұның бәрі ақындардан сөзге жүйріктікті, білгірлікті, тапқырлықты талап етумен қатар, ел-елдің шежіресін, тарихын, жер жайын, этнографиялық ерекшеліктерін білуді қажет етеді. Олай болмаған күнде құр ділмарлықпен ештеңе өндіре алмайды, сайыста дәрменсіз болып қала береді. Жаттанды сөз өрнегін қолдану ақынға абырой әпермейді. Айтыстың қазақ өнеріндегі орны дара. Сол орынды дараландырып тұратын қазақтың дара ұлдарының бірі, айтыс өнерінің ақтаңгері Оразалы Досбосынов еді.

    Әсілі, таулы өңірдің күн райы өте салқын келді. Өмір одан да суық болып шықты...2004жылдың 30қазанында қазақтың ата-мұра өнері-айтыстың асылдан соққан алтын уығы шарт сынды. Күре жолда көлік қирады. 29-ақ жастағы Алаштың аптал азаматынан қапыда солай айырылғанбыз. Етегі жасқа толған өлеңсүйер жұрт кемсеңдеп жүріп кезеңінен бұрын туған оғылан ұлды ақтық сапарға шығарып салды. Бүкіл қазақ үш күн тік тұрып жылады, үш жерден буып жер қойнына тапсырғанда сол әлеумет болатын. Қаралы шеру алыптардың табы қалған қасиеті бөлек жазушылар одағынан асыл азаматтың денесін ақ кілемге орап тік көтеріп алып, құтты орнына қондырды. Содан бері де сынаптай сырғып 11жыл өтіпті-ау...

    Оразалы туралы сөз енді басталуға тиіс. Халық жадында есімін мәңгілік қалдыру үшін қаншама шаруаларды жүзеге асыру қажет. Мұраларын жинақтап, халқына аманат ету парыз да міндет. Қазақы дағды ғой, азаматтар өмірден өткен соң іздеусіз-сұраусыз қалады. Бір кездері айтыстың арбасын жалғыз сүйреген Ерік Асқаровтың есімі қайда? Ауғанның жалынына шарпылмай келіп, жалғанның жарығынан қапыда ағып түскен Әзімбек Жанқұлиевтың жоғын кім іздейді? Ажал жастығына ерте бас қойған Оразалы шайыр Досбосынов туралы сөз осындай ойларға еріксіз жетелеп кетеді. Қазағының аспанында жарқыраған жарық жұлдыз бір-ақ сәтте ағып түсті. Ал жұлдыздар із тастап ағады!..