Жұлдыздар сын қабылдай алмайтын сияқты

Кеше Хабар агенттігіне барған едік, бір топ достарыммен. Жаңадан түсіріліп жатқан Ду Думан бағдарламасына. Бағдарлама өте қызықты әрі тартымды екен. Әзіл - сықақ театрларының кім мықтыны анықтауына негізделген кешеге түсірілімге Шаншар, Ғажайып, Екі езу театрлары қатысты. Әділ қазылар арасында Алмат Сақатов (Бауыржан шоу), Жанар Айжанова, Көпен Әмірбек, Ирак Елекеев ағаларымыз болды. Әр қойылым біткен соң қазылар әділ бағасын беріп жатты. Қойылымдар арасында әншілерге де кезек беріледі екен. Айтайын дегенім бағдарламаны жарнамалау емес, қазақ "жұлдыздарының" сынды дұрыс қабылдай алмауы. Пікірін айтып жатқан әділ қазылардың сөзін бөліп, өзінікін дұрыс екенін дәлелдеумен шыж-быж. Тура ә десе мә деп тұрған, теледидардан көріп, өнеріне сүйсініп жүрген өнерпаздарды шын өмірде көріп, көгілдір жәшіктің жаманын жасыратын қасиетіне бас имеске шараң жоқ. Ең сорақысы мынау болды. Нұрлан Еспанов шықты сахнаға. Әнін айтып болған соң, қазылардың төрағасы Көпен ағамыз: Сахна мәдениеті деген болады, жасы жетпістен асқан Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, МузАрт тобының жігіттері т.б. кастюмін тастамайды, дұрыс киім кию керек, халықты құрметтеу керек деп айтып жатқаны сол еді(Еспанов футболкамен шыққан), мен не кисем де өзім білем деп шамданғаны әлгінің... Құрметті "жұлдыздар" қазақ сөзге тоқтай білген халық. Соны ұмытпаңдар. Үлкенге деген құрметті ұмытпаңдар. Жалпы бұл бәрімізге қатысты деп ойлаймын. П.С. Мен сынды дұрыс қабылдаймын деп сұхбат беретін жұлдыздардың көпшілігі шын мәнінде сынды дұрыс қабылдай алмайтын сияқты. Өйткені олар жұлдыз ғой...



Бөлісу: