Жұлдызбен сұхбат. ҚР Еңбек сіңірген әртісі, "Құрмет" және "Парасат" ордендерінің иегері Майра Ілиясова

Жұлдызбен сұхбат. ҚР Еңбек сіңірген әртісі, "Құрмет" және "Парасат" ордендерінің иегері Майра Ілиясова
жеке
блог

-Сәлеметсізбе, Майра Әлімғазықызы! Сізбен  жүздескеніме  өте  қуаныштымын. Осыдан 1-2 жыл бұрынғы берген сұхбаттарыңызда "Аққұм" әніне бейнебаян түсіргіңіз келетіндігін айтсаңыз, қазіргі кезде үлкен өнер мектебін ашқыңыз келетіндігі жөнінде айтып жүрсіз. Жалпы, осы жөнінде және шығармашылығыңыздағы жаңалықтармен бастасаңыз.

-Сәлеметсіңбе, рахмет! Жалпы шығармашылықтың жаңалығы, менің төрт бағдарламам бар, соларды өткізу. Ал, "Аққұм" әніне келетін болсақ, сол "Аққұмды" құмы бар жерге түсіремін деп армандағанмын. Бірақ, "Ерке" тобына клип түсірдік, жаңадан топ ауыстырған сәтте, біраз қаржы салу керек болды. Оның арасында әрбір концертке бір көйлек тіктіртетін әдетіміз бар. Енді айта берсек толып жатыр. Сонымен, жасағаннан кейін қомақты қаржыға, сол қаржыға тұрарлықтай бейнебаян жасағым келді. Негізінен менде клип болған емес, жоқ. Біреуін қызымның тойында қызыма естелік болсын деп түсіргенмін. Сол әнім аяқ астынан хит болып кетті. Тойда айтады, тойға шақырады. Бұл бір аяқ астынан келген бейнебаян. Ал енді, мектеп ашуға келетін болсақ, мектепке қазір жер бөлінді. Енді оның құжаттарын реттеп жатырмыз. Сондықтан құжаттары реттелетін болса, талантты балаларға арналған музыка мектебі немесе басқада өзгерістер болуы мүмкін. Негізі, қолға алынды ол шаруа.
- Қазіргі таңда, "аузы қисық болсада, байдың баласы сөйлесін" деген заман ғой. Қазақ эстрадасында көптеген саны бар, сапасы жоқ әншілер шығып жатыр. Оның арасында таланттысы бар, талантсызы бар деген сияқты. Егер, арнайы осыған байланысты заң шықса қазақ эстрадасының жағдайы қалай болмақ?
- Заң шықса, жартысы әнші болмайды. Жартысы қалады іріктеліп. Баяғыда Фариза апам: "халық-сыншы. Көп болғаны жақсы әншілердің, бірақ халық өзі іріктеп алады. Ол әлгі құмды елегенде тастары қалып, құмдары түсіп қалады екен. Сол сияқты, електен өткен кезде жақсы әншілер қалады" -деп айтқан еді. Жастардың көп болғаны жақсы. Көп болғаннан кейін таңдауға болады. Қазіргі кезде "Қазақстан дауысы", "Х фактор" сияқты жобалардағы жастардың деңгейі маған ұнайды, бәрі жанды дауыспен айтады. Қазір менің ойымша жанды дауыспен 50-60% айта алатын жағдайға келіп қалдық. Енді тағы бір секірсек, бәрі жанды дауысқа ауысады. Өйткені, ол бір күнде болатын шаруа емес. Адам бәйгеге ат қосқанда, ол атты 1-2 жыл баптайды, ер-тұрман дайындайды. Сол сияқты фонограммадан жанды дауысқа ауысу үшін бірінші техниканы дайындау қажет. Бізде, кейбір жерлерге барғанда аппараттардың деңгейлері жақсы емес. Сондықтан бірінші техникамызды, одан соң концерт қоятын залдарымызды жөндеуіміз қажет. Ал, негізі жаңадан шығып келе жатқан жастарымыздың барлығы жанды дауыста айта алады, үлкен әншілеріміз қаншама жыл сахнада жүрген жанды дауыста айта алады. Енді жаңа өзің айтпақшы "аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін" дедің, бірді-екілі бар. Шынында да, заң шықса тең жартысы іріктеліп қалады.
- Жастардың батысқа еліктеуіне көзқарасыңыз қандай?
- Еліктейді. Мені балалар конкурсына қазылар алқасы ретінде жиі шақырады. Сонда менің көңіліме бір нәрсе ұнамайды. Мен оны үнемі айтамын, бағаларын төмендетіп қоямын. Қазақтың қыздары шығады. Қазақша ән айтқанда өлімсіретіп, сүмірейтіп айтады. Ал, ағылшын тілінде айт десең, жаңағы қыздардың екі көздері жайнап, шетелдің әншілерінің дауысына салып айтқан кезде, өзім таң қалып қаламын. Бірінші мен ойлаймын, Қазақстанның әншілері, қазақтың әншілері  қазақша айту қажет. Сосын айта берсін, орысша айтса да, ағылшын, француз тілінде айтса да айта берсін. Бірақ, ең бірінші, өзінің тілін меңгеруі керек. Мықты әншінің бәрі Қазақстаннан қазақ әндерін, Қазақстанды көрсету үшін барады. Қазір жанды дауыста айта алады, жастарымыз жақсы өсіп келе жатыр. Мен жастарға ризамын. Бір ғана жері, кейде біз жастарға сын айтатынымыз бар. Тойда айтатын ән мен концертте айтатын әндерді кейде  шатастырып  алады. Мысалы, "чип-чип", "аспанға қараймын", ол "шоқ қыздар" немесе "қызыл өрік" болсын, ол тойларда айтылу керек. Тойда отырған жұрт билеп кететін жеңіл әндер. Біз кішкентай балаларымызды ұлттық, қазақтың әндерін бойына сіңіртіп жатқан кезде ондай жеңіл әндерді үлкен сахналарда айтуға, теледидардан көп көрсетуге болмайды. Жеңіл, арзан әндерімізбен жастарымызды тәрбилеуге біздің ешқандай хақымыз жоқ. Жалпы жастарға көңілім толады.


- "Жұлдызды дода" жобасында сол жоба талабы бойынша Айгүл Иманбаева сіздің образыңызда шыққан болатын. Мұны пародия деуге де келетін шығар. Алайда Мақпал Жүнісова әпкеміз, Жанар Айжанова, Айгүл Иманбаева әпкелерімізге пародия жасағаны үшін өз ренішін білдірген болатын. Жалпы, пародияға өзіңіздің пікіріңіз қандай?
- Мен оған жақсы қараймын. Маған сол жобада Жанар Дугалова бірінші жасады. Екінші Айгүл Иманбаева жасады. Жалпы менің дауысым дәстүрлі ән айтатын болғандықтан, дауысымды салу өте қиын. Менің дауысым көп әншіге ұқсамайды. Сондықтан эстраданың жұмсақ айтатын қыздарына менің қатқылдау дауысымды салу қиындау. Бірақ маған ұнады. Жанар өзінше, Айгүл өзінше салды. Маған ұнамағаны Жанар салғанда грим ұнамады. Менің бетімді мүлдем өзгертіп жіберген. Өзімді өзім танымай қалдым. Қараторының әдемісімін, сүйкімді қызға жатамын, сұлу болмасамда(күліп). Ал, Айгүлдің салғанын көре алмадым. Естуімше, елдің бәрі мақтады, жақсы салды деп естідім. Ол да өнер ғой. Бірақ, Мақпалды да түсінемін. Өзім көрдім Мақпалды көрсеткен бір-екі әншіні. Маған ұнамады. Мақпал жақсы әнші ғой. Бұрмалап көрсетуге болмайды. Мақпалды мақпалдай етіп, Мақпал риза болатындай етіп көрсету керек. Сондықтан мен Мақпалға 100% қосыламын. Мақпалды сала білу оңай шаруа емес.
-  Енді, әңгіме барысын "сырласу" бағдарламасына бұрсам. Осы бағдарламада қонақта болғаныңызда, Қайрат Нұртас туралы пікір айтқаныңызда интернет желісінде шу болды, көптеген пікір болды...
- Пікір болды. Мен қайсысы не айтады екен деп, қарап оқып жүрдім. Бір жақ Қайраттың жанкүйерлері болса керек неше түрлі сөздер жазып, ал енді менің қорғаушыларым, қалай салыстыруға болады деп. Менімен Қайратты салыстырудың қажеті жоқ. Қайрат жастардың ішіндегі мега жұлдыз болған жақсы әнші. Жақсы әндері бар. Көрерменге ұнау оңай шаруа емес. Әншінің әншісі халықтың көңілінен шығады. Ол жағынан мен Қайратты жақсы көремін. Бірақ сырласу бағдарламасында тікелей сұрақ қойылды, "фонограммамен мега жұлдыз болған кім?" Кім бізде мега жұлдыз? Алғаш шыққанда бәрі фонограммамен шығып айтты. Қалай сұрақ қойылды, мен жауап бердім. Соны анонста бере берген кезде ол бір шу тудырды. Мамасы өкпелегендей болып жүрді. Мен байқадым. Қайратты көрдім екеуміз амандасып өттік. Менің бағдарламаларыма шығады. Бірақ, жалпы жас әншілерге айтарым, үлкендер сын айтқанда шамданбау керек. Олар үлкен әншілердің деңгейіне жеткенше қайда әлі?!
20-30 жыл біз сияқты жүрсін, ыстық-суықты көрсін. Жақсыны да, жаманды да көрдік. Ал, бізде қазір жас әншілер сын көтермейді. Ол жақсы емес. Одан жаман болмайды. Маған да айтылды. Жырық көйлек киіп шықты, үкілі домбырасын тастап, эстрадаға шықты деп. Бәріне көндік. Кейбір жерін қабылдадық, кейбірін қабылдамадық. Ол сын айтылу керек.
-Өмірде не нәрседен қорқасыз?
- Мен бірінші айналамдағы өзімнің немерелерім, қызым, күйеубалам, туыстарым, әпкелерім аман болса деймін. Осыдан үш жарым жыл бұрын әпкем ауырып қайтыс болды. Содан қорқамын. Өлімнен қорқамын. Одан кейін айналамда жүрген әншілер, Бибігүл апам бастаған үлкендеріміз, сіңлілерім, бауырларым аман болса екен деймін. Біздің қазақ өнерінде жікшілдік, бірін бірі бөлу болмаса екен деймін. Шет мемлекеттерді көремін. Жер сілкініп, бірін бірі атып жатады. Содан қорқамын. Елбасымыз, еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен деймін.
-Егер осындай әнші Майра болмасаңыз, кім болар едіңіз?
- Әнші болмасам,  ұстаз  немесе журналист болар едім. Семейдің қызы, Абайдың елінен болған соң, қазақшаға тілім бай, кейде сценарийді өзім жазып тастаймын. Жалпы, балалармен жұмыс жасағанды жақсы көремін.

- Сұхбатыңызға  рахмет!