Жұлдызбен сұхбат. Қарақат ӘБІЛДИНА
блог
Сәлеметсіз бе,Қарақат апай!Сұхбатымыздың шымылдығын ашпас бұрын,сізді 8-наурыз халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
-Сұхбатымызды сіздің сахна әлеміне дейін қайда болдыңыз,қалай келдіңіз?содан бастасақ....
-Мен қазіргі, Қарағанды облысы,Жаңаарқа деген киелі топырақта дүниеге келдім.Көпбалалы отбасында өстім.Үйдің еркесі болып өстім.Сөйтіп,ауылда оқып жүргенімізде әр-түрлі байқауларға қатыстым.Өнерге деген махаббатым,сол мектеп қабырғасынан ашылған болатын.Мектебіміздің кішкентай жұлдызы болдым.Ата-анамның демеуімен,өнерге деген құштарлығым одан сайын арта түсті.Кішкентайымыздан Роза Рымбаева,Мақпал Жүнісова апайларымызды тыңдап өстік. Ал,ұлттық аспабпен сахнаға шығып ән айтуым,бүгінгі таңда бірі білсе,бірі білмес.1995 жылдар болу керек,Жанар Айжанова апайымыздың домбырасына үкісін тағып,тамылжытып ән салғанда,менің алған әсерімді айтып жеткізу мүмкін емес еді.Сол сәттен бастап,бірден қолыма домбыраны алып,үйрене бастадым. Қаламызда 2 орта мектебіне талантты балаларды іріктеп,жинап жатқанын естіп,қатыстым. Сол байқауға 6 өңірден ,ең асау деген 6 баланы іріктеп алып,Алматыға алып кетті. Сол 6 баланың ішінен жалғыз өзім өтіп,тегін оқуға жолдама алдым. Басында ата-анам қолдаған жоқ. Әрине,11 жастағы баланы иең далаға жіберу,ата-ана үшін қиын ғой.Сөйтіп,Алланың қалауымен ақыры ата-анам келісіп,Алматыға жүріп кеттім.Мектепті бітіргеннен кейін, Күләш Байсейітова атындағы музыка колледжінде білім алып,сабақ үлгерімімді қызыл дипломға бітіріп,Құрманғазы атындағы өнер университетіне оқуға түстім.
-Ал,сахна әлемінде алғаш ажарыңыз танылып,алғаш сахна әлемінің иісін сезген сәтіңізді айтыңызшы...
-Сахна әлемінде,Қарақат болып ,2000 жылы "Асыл әже" әнін орындап шықтым.Азия дауысына қатыстым. Қыдырмен "Аяулым" әнін дуэт қып орындадық.Сөйтіп,жылдар өте 2005 жылы Алматы қаласында "Ару ғұмыр" атты жеке концертімді бердім.
-Қазіргі таңда екі жанрда ән сомдап жүрсіз. Қай жанрға жаныңыз жақын? Эстрадалық па,әлде дәстүрлі ән бе?
-Мен ,домбырамен ән айтып бастағынымды мақтан тұтамын,халық әнімен сусындағаныма қуаныштымын.Егер,домбырамен нақышына келтіріп ән айта алса,әншіге кез келген жанрдағы ән оңай келеді. Ең күрделісі-домбырамен ән айту.Маған екеуі де жақын.
-Өнер адамы болғаныңызға өкінген сәттеріңіз болды ма?
-Жоқ.Өкінбегенмін,өкінбеймін де.Себебі,бұл менің балалық арманым.Бала арманым мені адастырған жоқ.Өзімді басқа мамандық иесі ретінде елестете алмаймын.
-Отбасыңызға қаншалықты көңіл бөлесіз?
Әйел адам өмірге келгеннен кейін парызы-жар атану,екіншісі-бала сүю,ана атану. Отбасыма міндетті түрде,бірінші кезекте көңіл бөлемін. Балапандарымның оқу үлгерімін міндетті түрде қадағалап отырамын.Демалыс күндері балаларыммен серуенге шығып тұрамыз.
-Мінезіңіз қандай?
-Мен өте бауырмашылмын.Адамдарды өзіме тартып тұрамын.Шынайлықты сүйемін.Бес күндік өмірді қуанышпен,думандатып өткізгенді жақсы көремін.Алладан тілерім,ешкімнің алдына мені түсірме,ешкімнің артына қалдырма,осы орта деңгейде ғана өмір сүре берсем болды.
-Балапандарыңызға қаталсыз ба?
-Ананың баласына ұрсуы-май.Қатал болуға тырысамын.Ұлдар ғой,еркелігі басым.Дегенмен де,айқай-шусыз байыппен түсіндіремін.
-Балаларыңыздың болашақта қандай мамандық иесі болғанын қалар едіңіз?
-Бәрін уақыт көрсетеді.Қазіргі таңда тұңғышым Бекболат 14-те.Кәсіби футболмен айналысып жүр.
-Сіз үшін "әйел бақыты" дегеніміз не?
-Әйел бақыты-сүйген жары мен жан дүниесін жарып шыққан балаларымен бірге өмір сүру.Әр қазақ қызына осындай әйел бақытын тілеймін.
-"Әу!"-дегеннің бәрі әнші болып кетті,қазіргі таңда.Жас әншілерімізге берер бағаңыз қандай?
- Айтатын әңгімеміз бен істейтін ісіміз сай болса екен деймін.Сол кезде ән халықтың жүрегіне жол табады. Өскелең ұрпақ тәрбие алады. Сахнаға әлі де керемет жастардың шығатынына сенемін.
-Қарақат мектеп-студиясы қай жылы құрылды,қанша үйірме бар?
-2009 жылы ашылдық. Басында 30 шақты бала ғана тәрбиелеймін деп жоспарладық.Бүгінгі таңда 200-ге жуық бала оқуда.Саны да ,сапасы да өсті. Шыр етіп дүниеге келген бөпе,аяғына нық тұрды.Жүгірмесе де,жүріп жүрген баланың дәрежесіндейміз. Мектебіміздің ерекшелігі –ақылы меткеп,ашылғаннан бері 30000 теңге болатын.Әлі де солай.Аптаның 5 күні бала осы жерде оқиды. Сауатын ашады.Топпен жұмыс істейді. Айдың соңында,емтихан тапсырады. Ай бойы не оқығаны,не түйгенін ата-аналармен бірігіп тексереміз. Жылында 3 бірдей гала концерт өткізіп тұрамыз.Наурызға,жаңа жылға,балалар күніне байланысты. Мақсатымыз-кішкентай аудиторияда жетілген баланы,сахнада көрсету.Байқауларға қатысып тұрамыз. Жүлделі орындарымыз аз емес,көп деп ауыз толтырып айта аламын.
-Алда қандай жоспарларыңыз бар?
-Жоспар көп.Бәрі уақытымен болады.Бастысы тыңдармандарымызды қай жағынан болсын қуантатын боламыз.
-Өзіңізді үш сөзбен сипаттаңызшы?
-Аяулы жар,асыл ана,бақытты әйелмін .
-Рахмет!Салиқалы сұхбатыңызға мың алғыс!Тағы да мерекеңізбен құттықтаймын!