Жұлдыз ФМ жұлдызымен сұхбат

Жұлдыз ФМ жұлдызымен сұхбат
жеке
блог

Жасұлан Қали,

«Жұлдыз FM» радиосындағы «Таңғы шоу» бағдарламасының жүргізушісі,  әрі бағдарлама директоры:

Тыңдармандарымды туғанымдай құрметтеймін

Таңғы көңіл-күй күннің сәтті өтуіне себепші болады. Егер таңғы ұйқыны қимай, еріксіз ерініп тұрып, жұмысқа немесе сабаққа асығып бара жатсаңыз – радио тыңдаңыз. Жұмыс күндері күн сайын таңғы 8-11 аралығында «Жұлдыз FM» радиосында «Таңғы шоу» бағдарламасы жұмыс істейді. Сан түрлі тақырыптар, Жасұлан Қали ағаның орынды әзілдері, әсем әуен, тыңдармандардың пікірі мен ықыласы – бәрі-бәрі таңғы көңіл-күйіңізді «керемет» дейтін деңгейге жеткізу үшін жұмыс жасайды. Үш сағат бойы тікелей эфирде хабар таратып, тыңдармандарын жалықтырып алмай ұстап отыру – диктордың шеберлігі мен еңбегінің жемісі. Өзін қазақтың қарапайым жігіті Жасұлан Қали деп таныстыратын диктор дауысы радиосүйер қауым үшін таныс болар, иә?! Он үш жыл бойы әуе толқынында радионы тізгіндеп жүрген ерекше дауыс иесі, әзілдің майталманы Жасұлан Қали ағамен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Радиода жұмыс жасаған 13 жылдық ғұмырында Жасұлан аға алғаш рет сұхбат беріп отырғанын айтса, мен алғаш рет журналистен сұхбат алып отырғанымды айтып, мәз-мейрам болдық.

 

Футболшы болуды армандап, философияны тәмамдағанмын

Дана Маратова: Қазақтың қарапайым жігіті Жасұлан Қали қай өлкеде дүниеге келді?

Жасұлан Қали: Мен Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш дейтін елді мекеннің перзентханасында Білім күнінде, яғни, 1-қыркүйек күні жетіайлық болып дүниеге келіппін. Салмағым 1200 грамм болыпты. Жеті ай болды анамның құрсағында жатқаныма, ертерек жарық дүниеге шығып, тірліктерімді бітіре берейін деп шығып кеткенмін ғой (күлді). Содан мен дүниеге келген соң анам екеуміз Беріктас дейтін ауылдағы үйімізге қайттық. Осы ауылда 3-сыныпқа дейін оқыдым. 4-сыныптан бастап Алматы қаласында дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта, қазіргі Алматы облыстық академик Шалтай Смағұлов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған физика-математика орта-мектеп интернатында оқыдым. Осы мектептің түлегімін. Оқып отырған болса, барша ұстаздарыма рахмет айтқым келеді. Сынып жетекшім Роза апай, Клара апай, Жарас ағай, Бақытнұр ағай, бұрынғы директорымыз Нұрғиса апай, қазіргі директор Әділ ағай, ұзақ жасаңыздар, білімді шәкірттеріңіз көп болсын дегім келеді.

Дана Маратова: Балалық шағыңыз қалай өтті? Бала күнінде футболшы болуды армандамаған ұл баласы жоқ шығар. Сіз де футболшы болуды армандадым деп қалдыңыз.

Жасұлан Қали: Оқушы кезімде спортқа жақын болдым. Күреске де, каратэге де қатыстым, баскетбол, волейбол, футбол - бәрін жақсы ойнадым, жүгіруден тіпті «Құлагер» сияқты шабатын едім ғой, шіркін (күлді). Футбол ойнап жүргенімде анам: «Балам, доп қуалап жүре бересің бе? Сен үйдің үлкенісің, ақша табуың керек» деп айтқан еді. Сонда да сахнада ән айтып, мәдени шараларды білек сыбана ұйымдастырып жүретінмін.

Дана Маратова: Білуімізше, ҚазҰУ-дың түлегісіз. Қандай мамандықты тәмамдадыңыз?

Жасұлан Қали: Ұят та болса бір қызық айтайын. Мектеп бітірген соң досым екеуміз ҚазҰУ-ға құжат тапсыруға бардық. Халықаралық құқық мамандығына түспек болдық. Қабылдау бөліміндегі апай бізге қарап: «Балаларым, мен сендерге бір сыр айтайын. Сендер бұл оқуға түсе алмайсыңдар-ау. Себебі түсетін адам түсіп қойған. Өздерің жақсы оқыған көрінесіңдер, барып басқа мамандықта бақтарыңды сынап көріңдер»,- деп ақылын айтып, шығарып салды. Мен негізі заңгер боламын деп армандаған жоқпын. Осы мамандықты бітірсең «крутой» боласың дегенді естіген соң келген бетіміз ғой. Бірақ, менен жақсы адвокат шығатын сияқты негізі. Сөйтіп, қабылдау бөлімдерін аралап жүріп, «Философия» деген жазуға көзім түсті. Құжат қабылдаушыдан: «Философия деген қандай оқу?» деп сұрадым. «Филология дегенді білесің бе? Соның екінші түрі»,- деді. «О-о, филология деген жақсы ғой!» деп құжаттарымды тапсырып, грантқа оқуға түстім. Мектеп-интернатта филология сыныбында,яғни қазақ тілі мен әдебиетті тереңдетіп оқытатын сыныпта оқығанмын. Содан алғашқы лекцияларға барсам профессор өмір мен өлім, дін мен жан туралы айтып, талқылап жатыр. «Мынау өзі бір түрлі ғой. Мен қайда тап болдым?» деп қатты састым. Ұстазымыздан: «Философия деген не?» деп сұрасам, «Философия деген - өмір» деп жауап берді. Филология мен философияның арасы жер мен көктей екенін кейін білдім (күліп). Бірақ, Аллаға шүкір, жақсы оқып бітірдім. Қызыл диплом алған жоқпын. Қызылды қыздар алсын дедім де, патриотпын ғой, туымызбен түстес көк диплом алдым. Ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі, абайтанушы – Ғарифолла Есім ағай деканымыз болды. Әлі есімде, бейсенбі күні бірінші, екінші сабақта сол кісі лекция оқитын.

Студент кезімде КВН ойнағанмын

Дана Маратова: Футболшы болуды армандап, философияны тәмамдап, қалайша журналист болдыңыз? Бұл салаға келуіңізге не себеп болды?

Жасұлан Қали: Университет қабырғасында белсенді болдым. Әр түрлі мәдени шаралар мен кездесулерді ұйымдастыратынмын. КВН (КТК) ойындарына қатыстым. Философия және палитология факультетінің тарихында болмаған алғашқы КВН командасын құрдым. Университетаралық лигада жүлделі орындардан көрініп жүрдік. ҚазҰУ құрама командасында ойнауға да шақырды. Бірақ, әзіл айтқаның үшін ол кезде ақша төлемейді ғой. Мен үйдің үлкені болғандықтан, жұмыс істеп, ақша табуым керек болды. Сөйтіп, той-бизнес әлеміне қадам жасап, достарыммен бірге «Әлем» дейтін топ құрдық. Тойда ән айтып жүрдік. Бір тойда Нұрлан Албан ағамыз асаба болды, біз ән айттық. Нұрлан аға маған: «Бауырым, сенің дауысың радиоға келетін сияқты. Мен «Ретро FM» радиосында жұмыс істеймін. Бағыңды сынап көргің келмей ме?» деген ұсыныс айтты. Менің журналистикадан хабарым жоқ, еш нәрсе білмеймін ғой деп қатты қорықтым. Мысалы, қазір әншілердің тележүргізуші немесе актер болып кетуі оп-оңай ғой. Менің ойымша, білмейтін салаңа тұмсығыңды сұға берген жақсы әдет емес. Алайда, егер халық қолдау білдірсе, қолыңнан келеді десе, байқап көруге болады екен. Нұрлан аға ертіп барып, дауысымды жаздырып, бастықтардың көңілінен шықтым. Біраз уақыт Нұрлан Албан ағамыздың жанында жүріп, көп нәрсені үйрендім. Осылайша, радиодағы еңбек жолым басталды. «Ретро FM», «Қазақ радиосы», «Радио 31», «Хабар радиосы», «НС радиосы», «Русское радио»«Авторадио», «Nostalgia» радиоларында бас-аяғы 13 жыл еңбек етіппін. КТК арнасының дубляж бөлімінде аудармашы болып 7-8 жылдай қызмет еттім. Қазір өздеріңіз білетіндей, «Жұлдыз FM» радиосында жұмыс істеймін.

Дана Маратова: Қазіргі таңда әуе толқынындағы ең танымал бағдарлама – «Таңғы шоу». «Таңғы шоуға» қосылған кез келген тыңдарман басқа толқынға ауыса алмайды. Тыңдармандарды елітіп әкетіп, үш сағат ұйытып тыңдата білудің сыры неде?

Жасұлан Қали: Сырымыз – шынайылықта шығар. Мен өзім сондай адаммын. Қалай бар, солай айтамын. Сырымды бүгіп, жасандылықпен жүргізе алмайды екенмін. Кейбір адамдар сияқты біраз бетперделерді киіп көрдім, тұншығып қала жаздадым (күлді). Ешқашан «Таңғы шоуды» сценарий бойынша жүргізіп көрмеппін. Кейде тікелей эфир кезінде әріптесім Анар Мыңбаеваның аяғы тиіп кете ме, «Анар, мен саған не істеп қойдым? Неге мені теуіп отырсың?» деп айта салам. Тұрам да билеп кетем. Бәрі шынайы. Эфирге келген қонақтар, әншілер де «тек Жұлдыз FM-де ғана өзімізді үйде отырғандай еркін сезінеміз» деп айтып жатады. Бізге келген қонақтар алғашқы 10-15 минутта ғана салмақты болып, сырын бүгіп отырады, кейін эфир барысында ашылып кетеді, соңында шашылып кетеді (күлді). Әзіл ғой, әрине.

Дана Маратова: Әзіл демекші, эфир барысында жиі әзілдейсіз. Алайда, адамның бәрі бірдей емес. Студияға келген қонақтар немесе тыңдармандар шамданып,  әзіліңізге ренжіп жатпай ма?

Жасұлан Қали: Мен өзімді керемет бір әзілқой деп айта алмаймын. Көңілді жүру – бұл менің табиғатым. Кез келген мәселе келгенде күліп қарау керек. Сонда ол мынадан түк шықпайды екен деп жалығып кетіп қалады. Солай емес пе? (Күлді). Эфир барысындағы әзілдеріміз тыңдармандарға ұнап жатады. Осы күнге дейін ешкім әзілдерің дұрыс емес деп ренжіген емес. Керісінше, «Жасұлан мырзаның әзілдері көңіл-күйімізді көтереді» деген көп хаттар келіп жатады. Таяуда бір өзге ұлт өкілінен хат келді. Автор «Таңғы шоудағы» әзілдерге «Казахские элитные шутки» деген баға беріпті. Әзілді де өз орнымен қолдана білген дұрыс деп ойлаймын. Әзілде де мәдениет, этика, зиялылық элементтері орын алуы тиіс. Тағы бір апай хабарласып, «Балам мүгедек еді. Өмірден түңілетін сәттері көп болады. Бірақ, Аллаға шүкір күнде 3 сағат бойы таңғы шоуды тыңдап, өмірге деген махаббаты күшейе түседі. Рахмет балам» дегенде жылап жібергім келген. Аллаға шүкір қаншама тыңдарманның алғысын алып жүрміз. Сол үшін бірінші Аллаға, екінші «Жұлдыз FM» радиосындағы басшыларыма рахмет айтам. Қазыбаев Батыр Кәкімжанұлы, Оморбекова Мадина Байтұрсынқызы, Қастеев Жан Ерғазыұлы, Майборода Сергей Валерьевичтер бізге үнемі қолдау білдіріп отырады.

Әрбір тыңдарманды туысымдай көремін

Дана Маратова: Әр эфир сайын өзіңізді қазақтың қарапайым жігіті Жасұлан Қали деп таныстырасыз. Бұл тіркес қалай пайда болды?

Жасұлан Қали: Бұл «Мен қарапайымпын!» деп жар салу мақсатында шығарылған тіркес емес. Тыңдармандарды жалықтырмас үшін ерекше бір нәрсе болсыншы деп сөз арасында айта салғанмын. Ұмытпасам, «Ностальжи» радиосында істеп жүргенде айтқан болуым керек. Сол күннен бастап тыңдармандарға осы тіркес ұнап, хабарласып жатты. Қазір менімен танысқан тыңдармандардың өздері «бекер айтпайды екенсіз, расымен қарапайым қазақтың жігіті екенсіз» деп айтып жатады. Студиямызға қонаққа келген тыңдарман болсын, қонақ болсын бөліп-жармай, сыртқа шығып күтіп аламын. Әңгімемізді айтып, әзілдесіп, шәйімізді ішіп, шығарып саламын. «Әр қазақ - менің жалғызым» дегендей, барлығын бауыр, туыс, жақын көруге тырысамын.

Дана Маратова: Тақырып таңдауда неге сүйенесіздер? Аптасына бес тақырып табу, оның айналасында әңгіме құрып, іздену оңай шаруа емес қой.

Жасұлан Қали: Бізде қатып қалған ереже мен тәртіп жоқ. Күнделікті тақырып күн сайын туындайды. Біздің тақырыптар да қарапайым, күнделікті тұрмыспен тығыз байланысты, халыққа жақын. Кейде студияға кіріп келе жатқанда «О, бүгін мынадай тақырыпты қозғасақ қайтеді, осы туралы әңгіме өрбітсек қызық болар еді» деп айта саламыз. Сондықтан болар, тыңдармандарға да қызықты болады. Бірде Ғаділбек Жаңай мырза қонаққа келіп, эфирге кіріп бара жатқанда: «Қандай тақырып алайық?» деп сұрап едім, «Пессимист және оптимист» деді. Жарайды дедік те, эфирге 1 минут қалғанда, сол тақырыппен бастап кеттік.

Дана Маратова: Тікелей эфирдің қиындығы мен қызығы туралы айтып берсеңіз.

Жасұлан Қали: Ой, «Таңғы шоудың» әр күні қызық қой. Бір күнде бір емес, бірнеше қызықты оқиғалар басымыздан өтеді. Ал қиындығына келсек, кейде шақырған қонағың келмей қалады немесе кептелістің кесірінен кешігіп жатады. Осындай жағдайларда көңілің қалады, ренжисің. Бірақ, ешқашан мені сыйламағандықтан келмей қалды деп ренжіген емеспін. Менде әрқашан бір-ақ ой – халықты, көрермендері мен тыңдармандарын сыйламады деген. Себебі, менің тыңдармандарым күн сайын менен көп үміт күтетінін сеземін. Қонақ келсе қуанады. Мен оларды қатты құрметтейін, олар менің туыстарым секілді. Тіпті, WhatsApp  желісінде «Жұлдыз ФМ отбасы» деген топ бар екен. Сол топтағы тыңдармандар бір-бірімен араласып, концерттерге бірге барып, күн сайынғы эфирді талқылап отырады. Менің басты мақсатым – қазақ халқын біріктіру, біз бір-бірімізді жақсы көріп, бір-бірімізді керек етпесек, басқа ешкімге де қажет емеспіз. Жамандығымызды жасырып, жақсылығымызды асырып жүрейікші. Тыңдармандарыма осыны түсіндіргім келеді. Сосын дикторлар да адам баласы ғой. Кейде мен де ауырып, шаршап тұрамын. Жеке басымның мәселелері туындап жатады. Алайда, менің өз көңіл-күйімді тыңдармандарға беруге хақым жоқ. Таңғы уақытта барша халыққа тамаша көңіл-күй, ойын-күлкі, мотивация, серпіліс, жағымды жаңалық керек. Сондықтан, еш нәрсеге қарамастан халық үшін адал қызмет етуге тиіспін деп есептеймін.

Дана Маратова: Сіз сияқты радиожүргізуші боламын дейтін жас толқынға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

Жасұлан Қали: Ақыл-кеңес беретіндей мен өзімді білікті журналистпін деп айта алмаймын. Журналист емеспін де. Нағыз кәсіби журналистерді қатты сыйлаймын. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда өтірік журналистер де аз емес. Алайда, 13 жылдық тәжірибеме сүйене отырып, болашақ дикторларға әрбір әріпті қадір тұтыңдар дегім келеді. Себебі, радиодағы тіл анықтығы мен тазалығы телевизия саласынан да қиын. Телевизияда адамның бет-әлпеті, түрі, іс-қимылына назар аударылады да, дыбыс екінші орында қалып қояды. Ал радиодағы тіл қателіктері бірден аңғарылады. Сондықтан, әр түрлі жаттығулар жасап, 42 әріпке құрметпен қарап, оларды анық айтуға, таза сөйлеуге тырысу керек. Дикцияң орныққан, қалыптасқан болуы керек, дауысың ерекше және жағымды болуы шарт. Дей тұрғанмен, менің дауысым онша емес, сондықтан диктор бола алмаймын деу – қате пікір. Дауысқа арналған жаттығулар мен курстар, арнайы мамандардың ақыл-кеңестері арқылы дауысты дұрыстауға болатынын ескерген жөн. Диктор болу оңай, дайын сценарийді оқып бересің дейтіндерге айтарым – сценарийсіз шығуға тура келетін жағдайлар жиі болады. Сондықтан, радиожурналист боламын десең, оқы дер едім. Тағы да оқы, оқи бер, оқи бер. Сонда кез-келген тақырыпта әңгіме өрбіте алатын, дүниетанымы кең тұлға боласың. Менің әлі де үйренерім көп.

Дана Маратова: Салиқалы сұхбатыңызға көп рахмет!