Жұбатпастан өтпегін

Жұбатпастан өтпегін
жеке
блог

Жанарымның жасы жуып жүзімді,

Сағындым ғой оралмас сұр күзімді.

Ей, тағдырым, бір мезетке, бір сәтке,

Қайтаршы сол аңғал, бала кезімді.

 

Мұң аралап кетті сезім бағымды,

Әлі қуып келемін сол сағымды.

Алдап айтпай, жараламай көңілді,

Құздан «түртіп» құлатшы сен жанымды.

 

Сенім, шіркін, пәк сезімнің тірегі,

Бақты табу – ата-ананың тілеуі.

Сүйгеніңді тапсаң-дағы қиындау,

Сен деп егер соқпаса оның жүрегі.

 

Мөлдір мұңды серік етіп бүгінде,

Шамам да жоқ жылауға да, күлуге.

Кім келісер жарым жүрек жаныммен,

Тағдырымның жолында бір жүруге?

 

Өткінші өмір, оралмайды өкпе, мұң,

Тектен-текке көз жасымды төкпедім.

Жолдан көрсең жылап жүрген жүректі,

Ол менікі! Жұбатпастан сен өтпегін!..