"Жұбатар досымды" іздеймін!

"Жұбатар досымды" іздеймін!
жеке
блог

      Ол әркез жанымнан табылды... Мен мұңайғанда бірге мұңайып, қуанғанда қуанышыма ортақ болды. Бұрыс қылығымды дұрыстауға, жүзіме күлкі ұялатуға тырысты. Еркелігіме көнген таныстардың арасында сол ғана ма дерсің... Өмір сынап жатқанда да, жаныма демеу болды. Мен жақсы көретін ең әдемі сөздердің иесі орынды сөздерімен жұбатты. Мен жайлы барлық ақпаратты білсе де, мен ол жайлы қанып ештеңе білмейді екем. Тек оның күлімдеп тұрар жанарын ғана... 

      Бұлт артынан күн шығатындай, менің де өміріме риза күндерім келді... Ал мен оны ұмыттым... Көп ұзамай жақын адамымнан айырылып, ол тағы да қолдау көрсетті. Жанарымның жасын сүртті. Кей кезде ауыр сөз айтып жекірсем де, артық сөз айтқан емес. Өзге қала ауасымен тыныстауға бел буып, студент атандым. Арақашықтықта достар сұрыпталып жатқанда ол хәлімді сұрауды тоқтатқан емес... Сымсыз желімен де жан сырыма еш бөгеместен құлақ асатын... Төрт ай дегенде қысқы демалысқа үйге оралдым. Келген күннің ертесіне-ақ, көңілді кеште бар ішкі сезімін жайып салды... Ал мен сезімге сезіммен жауап қайтара алмадым. Қолдан келгені бұрылып кетіп қалу ғана... 

      Сол уақытта ойымның қайда екенін... елемедім... Мұң әлемін кешіп жүргенімде көңілді аулады.Мен оның мейірімділігіне қайран едім... уақыт зымырап, жаз да келді. Біреумен сөзге келіп қап отырғанымда бейтаныс нөмер хабарласты. Әлсіз байланыс бар, үзілген сөздер бар, ашу үстіне ашу қосып,енді хабарласпауын өтіндім.

      Кеш болар... Мойындайын... Мен оны бақытты сәттерде ұмытып, көңілсіз кездерде ғана іздеппін, Одан сезім ұшқынын байқасам да,"досым" деп қана қараппын. Оған алғысымды білдіргім келеді, барлығы үшін... Дәл қазір түн... Жағдайым мәз емес... Ортақ танысымыз да, ол тіпті достар тізімінде жоқ. Жаныма медеу болар "жұбатар досымды" іздеймін. Кезекті рет көңілімді аулар ма екен?.. 

                                                                                                         Ескі күнделігімнен.