Жұбаныш Жексенұлы: «ҰЛТТЫҚ МУЗЫКАМЫЗДЫҢ ХАЛІ МҮШКІЛ»

-  Сізді «Әнжұмбақта» не риза етеді, нендей дүниелер қынжылтады?

-  Жалпы бағдарламаның құрылымы 100 пайыз көңілімнен шығады. Елімізде бұрын-соңды болмаған бағдарлама. Тың жоба. Қазақ музыкасын насихаттайтын бірегей бағдарламаны жүргізу бақытына ие болғаныма қуанамын. Кейде ән өңдеушілер қауымына ренжіген жайымыз болды. Жұмыс барысында кез-келген ортада өз ішінде келіспеушілік, көңіл толмаушылық болып жатты. Ондай ұсақ-түйектерді теріп жатудың қажеті шамалы деп ойлаймын. Негізі ұйымдастырушылар алқасына осындай жоба жасап жатқандары үшін айтар алғысым шексіз.

Жүргізушілік  қырыңыздан танылып жүрсіз. Өзіңізге көңіліңіз тола ма?

-  Бұл менің жаңа қырым деп санамаймын. Өйткені, мен жүргізіп жүрген бағдарламалар - сазды бағдарламалар. Әнмен тікелей байланысты. Сондықтан  өзімді жүргізуші ретінде сезінген емеспін.  

Жүргізген бағдарламаларыңызды қарайсыз ба?

-  Шынымды айтсам жоқ. Жүргізушілігім түгілі, әлі күнге дейін әншілік өнеріме көңілім толмайды. Мен негізі көп нәрсеге көңілі тола бермейтін қазақтардың бірімін. Сондықтан болар, өзім жүргізген бағдарламаларды көк жәшіктен қарағанды аса ұната бермеймін. Оның үстіне сырт көз сыншы ғой. Айналамдағы тума-туыс, дос-жарандарым өз пікірлерін білдіріп жатады. Мақтап жатса марқайып қаламын, сынап жатса түзелуге тырысамын.

«Әнжұмбақ» бағдарламасы көгілдір экраннан жарық көргелі, сізді әншілерді музыкалық сауаттылықтан сынамақ екен деген әңгіме гу етті. Қаншалықты рас?

-  Ондай ойым болғанын жасырмаймын. Бірақ жаман ниеттен емес, шоу болған соң әзіл-шыны аралас айтқам. Кімнің қандай дәрежедегі әнші екенін халық онсыз да біледі. Дегенмен «Әнжұмбақ» әр әншінің қанша жерге дейін шабатындығын айқындап берген бағдарлама болды десек, қателеспейтін шығармыз.

Бағдарламада орындалған әндердің барлығын өзіңіз жатқа білесіз бе?

-  Алғаш осы жобаға жүргізуші болуды ұсынғанда, мен осыншама қазақ әндерін біледі ме екем деп жүрексінген едім. Бірақ түсірілім барысында бағдарламада орындалып жатқан әндердің 70-80 пайызын білетіндігіме көзім жетті. Кей әндер өзіңді алыс өткеніңе сапар шектіреді. Анаңның бала кезіңде айтып жүрген әндерін естігенде кеудеңді еріксіз сағыныш кернейді.

Үлкен сахнаға неше жасыңызда қадам бастыңыз?

-  Егер үлкен сахна дегеніңіз Алматының сахнасы болса, онда мен кештеу келген жанмын. Орда бұзар отыз жасымда Алматыға келдім. Ештеңеден кешіктім деп ойламаймын. Жаратқанның әр пендесінің маңдайына жазған несібесі болады. Соны қанағат тұтып жүрген жайым бар.

Жалпы, жастар деген ұғым 18-29 жас аралығындағы жандарды айтамыз. Ал сіз сахнаға ордабұзар отыз жасыңызда келдіңіз. Жастық шағыңыз қайда өтті? Әнші болып танылғанға дейін кім болдыңыз?

-  Жастық шағым еліміздің оңтүстік өңірінде өтті. Әншілік жолым ауылдан бастау алды, кейін аудан орталығында өнер көрсетіп жүрдім. Жайлап облыстық деңгейге көтерілдік дегендей. Сөйтіп-сөйтіп мәдени астанамыз Алматыға ат басын тіредік. Алғаш алған мамандығым музыка пәнінің мұғалімі болса, екінші мамандығым концертмейстер. Менің өмірлік мамандығым әншілік болды, басқа жұмыс жасап та көрмеппін. Бала кезімнен әншілікті таңдадым, осы жолдың ыстық-суығына шыдап, шүкіршілік етіп келе жатқан жайым бар.

Көптеген оқырмандар сіздің жеке өміріңіз жайында толық білгісі келетіндіктерін айтып хат жазып жатады.

-  «Адамның бәрін өзіңдей көр» деген ұстаныммен жүретін жанмын. Мені өзгелердің жеке өмірі, немен қоректеніп, немен тыныс алып жатқаны ешқашан қызықтырған емес. Сондықтан менің де жеке өмірім біреуді қызықтырғанын қаламаймын. Бір жылдары шетелге еліктеп, үйіндегі бар дүниесін елге жарнамалаған жұлдыздарымыз да болды. Менің ше бұл ішкі мәдениеттің төмендігін білдіретін сияқты. Өзімді қымбат көлігім не әдемі үйім арқылы танығанын қаламаймын. Мағыналы ән айтатын әнші ретінде танып жатса, сол жетеді маған.

Отбасыңыз жайында айта отырсаңыз.

-  Екі ұлым, жалғыз келіншегім бар. Балаларым кішкентай емес, ержетіп қалды. Біреуі колледжде, екіншісі мектеп қабырғасында білім алуда.

«Жігіттер» тобының «Арман-ай», «МузАРТ» -тың «Әттең-ай» әндерін өзгеше өрнек беріп орындап шықтыңыз. Бірақ тыңдарман арасында аса танымалдылыққа ие бола қойған жоқ. Себебі неде?

-  Бәлкім, республика көлемінде жігіттердің орындауымен танылып кеткен шығар. Бірақ оңтүстік өңірде бұл әндерді  мен арқылы таниды. Себебі, аталмыш әндерді алғаш алып шыққан мен. Тек бұл әндер емес, Нұр-Мұқасанның «Неткен өмір», Нұрлан мен Мұраттың «Жоқ, жаным саған сенгім келмейді», Алтынай орындап жүрген «Өмір өзен» әндерінің алғаш орындаушысы мен. Кейін осы т.б әндерді бір кездері Алтынай екеуміз дуэт болып та орындап жүрдік. Енді мен арқылы танылмауына не себеп деген сұрағыңызға келер болсақ, жоғарыда айтып өткендей мен өнер орталығына кештеу келген жанмын, оның үстіне жігіттердің пысықтығы болар, бейнебаян түсіріп тастады бірден. Бар себеп те осыда болар.

Бейнебаян демекші, соңғы рет бейнебаян қашан түсірдіңіз?

-  Соңғы реттен бұрын, жалпы бейнебаяныңыз бар ма десеңізші. 2006 жылы «Өкінбе, сен» бір бейнебаян түсіргем. Кейін мойын да жар бермеді, уақыт та тапшы дегендей әйтеуір бейнебаян түсірмеппін.

Соңғы әніңіз қашан жарық көрді?

-  Жақында ғана «Арқалықтың ақ таңы» деген ән. Шәмші ағамыздың әніне,  Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған. Ел арасында күні бүгінге дейін аса танымал бола қоймаған. Арқалықтың өзінде бір апамыз кезінде орындаған екен. Сол әнді өңдеп, қайта жазып шықтым.

Ғаламтордағы тыңдармандарыңыз Алматының барлық сауда орындарын аралап сіздің күйтабағыңызды таба алмапты.

-  Таба алмауы да орынды. Себебі, соңғы рет 2006 жылы «Өкінбе, сен» деген тақырыпта, 3000 дана күйтабақ шығарған болатынмын. Одан кейін тағы да уақыт тапшылығына байланысты күйтабақ шығаратын мүмкіндік болмады. Негізі жалқаулығым да бар, оны мойындаймын. (Күлді.)

Аға, келесі сұрақ өзіңіздің тұрақты тыңдарманыңыздан. Ол кісі сіздің дауыс тембріңіздің қандай екенін, қанша октаваға жететінін білгісі келеді.

-  Жасыратын ештеңем жоқ.  Тенор дауысты әншімін. 2 октаваның ар жақ,  бер жағы.

Дауысыңыз біраз жерге жететін әншісіз. Жалпы байқауларға қатысып, бағыңызды сынап көрдіңіз бе?

-  Жас кезімде елде жүрген уақытта облыстық, кей республикалық байқаулардан бағымды сынап көрдім. Негізі байқаудың бір артықшылығы өзіңді сынауға мүмкіндік беретіндігінде. Тек қана дауысыңды емес, ерік-жігеріңді де сынайсың. Кей байқаулар әділетті өтсе, енді біреулерінде көзіңді бақырайтып басқаға орныңды алып беріп жатады. Жеке басым осындай жағдайға екі рет куә болдым. Бірінде орынды ақшаға сатса, екіншісінде алдымен жеңдің деп орын беріп, кейін қайтып алған. Ал енді  жалпы алғанда «Жас қанат», «Азия дауысы» сынды дүркіреген байқауларда бақ сынамасам да, Ш. Қалдаяқов атындағы республикалық т.б байқауларға қатыстым.

Әнқоржыныңызда белгілі ақын Қазбек Исаның «Шағаласы Шардараның» деген әні бар екен. Осы әннің шығу тарихын баяндай отырсаңыз.

-  Осыдан бірнеше жыл бұрын Қалдыбек Құрманәлі ағамыз «Мен бір ән шығарам «Шағаласы Шардараның» деген» деп айтып кеткен болатын. Содан бір күні ән шықты деді, сосын сөзін жаздыруға Қазбекке  барыпты. Бірнеше күннен соң сөзі де дайын болды. Негізі, мен егер әннің сөзі мағыналы, терең ойлы болса бірер рет қараймын да бірден жаттап алам. Бұл жолы да солай болды, әннің сөзін екі-үш рет қағазға көз жүгірткеннен лезде жаттап алдым. Бұрындары бос уақыт мол кезде өлеңдерін оқып жүретінмін. Жалпы, мен Қазбек ағаны ақын ретінде де, е азамат ретінде де сыйлаймын.

Ел арқа сүйер ерлердің бірісіз. Сізді қоғамдағы қандай жайлар ерекше толғантады?

-  Ұлт тағдыры. Қазір жеткіншек ұл-қыздарымызкүн өткен сайын шетелге еліктеуін үдетуде. Ертеңгі күні өзінің кім екенін ұмыта ма деп қорқам. Оның үстіне ұрпақ тәрбиелеудің бірден-бір қарулы құралы қазақ музыкасының мүшкіл күйі де алаңдатады. Күннен-күнге жеңіл музыка санамызды улауда. Оған көңіл аударып жатқан не әнші, не композитор жоқ. Ақындар да жеңіл ұйқасқа дәнігіп алған. Егер қазір қазақ музыкасын сақтап қалмасақ ертең ештеңеге үлгермейміз бе деп қорқам. Қазір эстраданың эталоны боп жүрген топтар мен әншілердің осы жеңілтек әндерден ары аспай, дамымай жатқандарын көргенде ішім удай ашиды. Біле-білсе қазір олардың қолында ұрпақ тәрбиелеу жолында маңызды рөл атқаратын қарудың көкесі отыр. Ал олар оны сезінбейді де. Той-томалақтың селкілдеген әуенінен әрі аса алар емес. Қазіргі таңда сапалы ән, сапалы сөз жазатын ақын-композиторлар саусақпен санарлық. Олар да күнкөрістің қамы үшін, ақша үшін ғана жұмыс жасауда. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау, ұлтымыздың болашақ ұрпағына шетелдің мәнсіз музыкасының құрбанына айналу қаупі төніп тұр.

Саясат демекші, қазір әншілер сәл мүмкіндік болса саясатқа араласуға тырысып жатады. Болашақта шенеунік болу сіздің ойыңызда бар ма?

-  Егер өз қалауыма салса, ешқашан келіспес едім. Мен әнші болып танылдым, әнші болып кетсем бе деймін. Бірақ адамның тағдыры алдын-ала жазылып қояды ғой. Маған таңдау жасауға да мүмкіндік берілмейтін жайлар болса, амал бар ма болатын шығармыз.

Сыры мол сұхбатыңыз үшін мың алғыс!

 

 

 

 



Бөлісу: