Жөтелгендер ғана дәрігерге, қалғандары театрға баруы тиіс.
блог
Театр! Не деген ғажап өнер үйлестігі. Жүректі тебірентіп, ойды оятып, тіпті кейде шабыттандыратын тылсым дүниенің бірі десем, қателеспеспін. Қалайша эмоциональды түрде адамға әсер ететін аспектілердің барлығы бір спектакльдің ішінде орын таба алады? Бірақ, бұл туралы ойланып, бас ауыртар жастардың тапшылығы қынжылтады.
Менің театрға жиі баратыным туралы көп адам біле бермейді, оны жария ету де міндетті деп есептегеннен де болар. Бірақ айтарым бұл емес, мәселе - дәл сол спектакль ойналатын ғимараттағы жастар санының жетіспеушілігінде. Әр көріністен соң, театрдан шыққан бойда, мені мына сұрақ мазалайтын. Өздеріңіз түсініп тұрғандай, “неге біздің жастар бұны көре алмады?” Шынымен, неге? Уақыт өте келе осы мәселені зерттемекші болдым. Бүгінгі мақалам да осы тақырыпқа арналмақ.
Жастар және Театр. Бір қарағанда екі түрлі ұғым секілді. Алдымен екі ұғым жайлы тереңірек ой толғап көрейік.
Қазіргі заман жастарын ОҢАЙ дүниелер қызықтыратыны барлығына мәлім. Оңай қабылданатын, оңай көрінетін, оңай сезілетін заттар кімге ұнамайды? Көрген спектакльдің мән мағынасы туралы бас қатырып, ойлану оларға қиын шығар, иә?
“Театр мен киноның айырмашылығы – сіз театрда көресіз, ал кинода сізге көрсетеді.” Енді өздеріңіз ойланыңыздар, көрсеткен оңай ма, әлде көру оңай ма?!
Келесі ол – заман талабына қарай талғамның бөлінуі. Психологиялық тұрғыда қарасақ, жасы келген адамдардың ойлау қабілетінің түрін реалистік деп айтуға болады. Оларға фантастикалық жанрдың ұнамайтыны анық. Ал заман шырақтарының ойларына шек мүлдем жоқ. Олар жоқ нәрседен барды жасау мүмкіндіктеріне сенеді.
Соңғысы – жастардың тек алға жылжитындығында. Театр оларға өткен шақта қалған бір дүние болып көрінеді. Одан алатын пайданы КӨРМЕЙДІ. Алға ұмтылып, қасындағы жақсыны байқамайды.
Енді неліктен театрға барған бәрімізге пайдалы екенін талдайық.
Театр - заманауи адам үшін өнердің қызықты түрі ғана емес, бұл - қуатты антидепрессант. Ол - қуаныш, жеңілдік сезімдерін береді. Серотин гормонын көп мөлшерде бөлу үшін пайдасы өте зор. Білесіздер ме, көрсетілімнен соң ерекше, есте ұзаққа қаларлықтай сезімге бөленесіздер. Ол сезімді мен сіздерге айтып жеткізе алмаймын, себебі ол мүмкін емес. Ойлаңыздаршы, сіздер қанша фильм көріп тастадыңыздар? Алған әсерлеріңіз кино аяқталысымен ауаға айналады, ал спектакльден алған әсер көпке созылатынына күмәндарныңыз болмасын. Эмоционалды адам болсаңыз, өзіңізді актер, өміріңізді ертегі ретінде елестетесіз. Мысал ретінде мені алуға толық құқыларыңыз бар.
Билет бағасы киноның бағасынан 3 есе арзан, бірақ жақсы көңіл-күй сезімін тудыратын жағымды эмоциялардың үлкен заряды кинонікінен қалыспайды. Арзан - сапасы төмен деген ұғым көпшілік адамда қалыптасып қалған, бірақ бұл театр туралы емес. Театрдан шыққан көрермендерді таңғалдыратыны: өте аз мөлшерде шығын шығара отырып, жадта мәңгі сақталатын эмоция алуға мүмкіншіліктің бары. Сіздің де осы орында болуыңызға не кедергі?
Ең бастысы, актерлерді шын өмірде көре аламыз. Экранның алдынан көрген бір бөлек, шынайы адамды көрген бір бөлек. Спектакль аяқталысымен актермен жеке барып сөйлесу мүмкіншілігі бар, ал кинода өкінішке орай сіздерге тек жасыл экранның алдынан ғана көру бұйырады.
Құрдастарыма айтарым, театр сіздерге жаңашылдықтың жаңасын ашады, оған күмәндарыңыз болмасын. Олай болса, баршамыз театрдың тұрақты көрерменіне айналайық!