Жота іздеймін...

Жота іздеймін...

Арсыз боп жүре алмаймын ардан туып,
Бала едім садақ асқан талдан буып.
Барқытбел баурайына көзім жетпей,
Жотада отырушы ем арман қуып.

Етектен қой келеді, маңырайды,
Қара ала сиыр басқа тағып айды.
Хат жазам! Алатауға ымырт сайын,
Жауап жоқ! Ол жақ мені танымайды.

Арманға қол созатын кезек келіп,
Бұл жүрек іштей бәрін сезет дедік.
Жотаға шықтым бүгін түс ауғанда,
Бұл жолы әжемменен тезек теріп.

Шыға сап қарайладым, көңіл енді,
Жол жатыр маған керек көміп реңді.
Содан соң шыққан жоқпын сол жотаға,
Алатау, көрінбесең көрінбе енді!

Түн ауып, таң шапағын берген кезде,
Көштік біз тура тартып елмен кезбе.
Артымда жартысындай тостағанның,
Қол бұлғап жота қалды көрген кезде.

Бізді де бар екен ғой іздейтіндер...
Сағынып отырыпты күз кейпінде ел.
Барқытбел төсіндемін, арманына,
Үмітін жетеді екен үзбейтіндер.

Ер жетіп Алатауға бой тіредім,
Арманым орындалып ой – тілегім!
Содан соң жота іздедім қарайын деп,
Деп іштей күн кешуде қайтып елім.

Таппадым жартысын сол тостағанның,
Тегістеп тостағанды тастаған кім?!
Па, шіркін! Жота көрдім, сағынышын
Күнгейі Барқытбелдің тос балаңның.

Қайтадан көрінбеді ел сайдағы,
Бұлыңғыр сары дала көрші аймағы.
«Жота» деп тұрған жерім төбе екен ғой,
Қуарған құлыптассыз Кеңсайдағы.

Мұндайда боздайды ғой бота налып,
Жыладым қайтем енді, жата қалып...
Атамның мазарына барайыншы,
Ендігі қалған болар жота болып...

22.01.2015ж



Бөлісу: