“Жоспарлы негізде оқытқан ұтымды”
блог
Оқудың жылдық ақысын төлеп, жатақханада орын болмаса пәтер жалдап, басқа да шығындарын мойнына алып, шыр-пыры шығады. Мұнысын өздерінше ата-аналық парыз санайды. Баласы осындай алашапқынды түсініп, бәрі әке-шеше ойлағандай болып жатса, кәнекей!
Шын мәнінде мектепте дұрыс оқымаған баладан не шығады? Ақылы негізде білім алған шала сауатты жас маман кейін қалай, қайдан жұмыс табады? Міне, гәп қайда жатыр! Бірақ ата-ананың онымен ісі жоқ, тіпті баласына майлы орындарды қарастыруға тырысады. Міне, қоғамдағы парақорлық пен жемқорлық осы жерден бастап туындайды. Өкінішке қарай, бүгінде ЖОО-ларда білімі оқуына сай емес балалар өте көп.
Мәселен, Батыстағы дамыған елдерде жасөспірімдердің 70-80 пайызы колледждерде оқиды, яғни бәрі бірдей жоғары оқу орындарына ұмтылмайды. Біз үшін нағыз үлгі алатын үрдіс. Үлгерімі төмен не орташа бала 10-11 сыныптарға жіберілмей колледждерге орналастырылып, нағыз кәсіби мамандық беру жағы қолға алынса, жастар проблемасының біршама шешілетіні күмәнсіз.
Мұнда бір ескеретін жағдай, аталған мәселеде сан жағына емес, сапа жағына баса мән берілуге тиіс. Ол үшін, әрине, салалық министрліктің жастарға кәсіптік білім беру ісі жан-жақты қарастырылған нақты бағдарламасы болуы шарт. Міне, бүгінгі жастардың оқу-білімге деген ынтасын арттырып, оларды жұмыспен қамтудың бірден-бір тиімді жолы осы болмақ.