Жолдың жыры...

   Жол ұзақ еді. Дала кең, өмір тар еді... Оралханның осы жолдары ойға орала кетеді. Қаламымызға арқау болып отырған-жол мәселесі. Қала, ауыл, қаларалық, облысаралық, тіпті, шет елге қатынайтын үлкен көлік жүруге арналған тас жолдардың жағдайы мәз емес. Мәселенің мән-жайын білу үшін алдымен көргеннен сұра дейді дана халқымыз. Жол туралы айтылып жүрген әңгімелерден бүгінде жол дұрысталған болар деп көңілге жұбаныш іздеп, халықпен қатынасып көрдік. Алайда, жүргізілген сауалнама нәтижесі оны теріске шығаратындай. 

   -Ленгерге қатынайтын жол әлі күнге дейін асфальттанбаған, тас жол. Жалпы, көп жерлер сондай, - дейді жолаушы Замира Пулатова.

   Алматы-Кентау арасында автобус жүргізетін Махмұт есімді шопыр жолдың нашарлығынан ұдайы жанын шүберекке түйіп жүретінін айтады.

   -Қыстың қарына, жаздың ыстығына қарамай қатынаймыз. Бала-шағаның қамы ғой. Бірақ, кейде жолдың нашарлығынан қорқамыз. Әсіресе, жолдың сапасыздығы қыстың күні байқалады.

   «Жол азабын тартқан біледі» демекші, елімізде оны тартпағаны кемде-кем болып отыр. Моншақты жіпке тізгендей жол жағдайын тізбектесек, Астанадан Қызылжарды басып, Қостанайға баратын сара жолдың сарсаңға түсіреді. Семейдің сергелдең жолы мен Жезқазғанның жетілмеген жолдары да халықты ашындырып отыр.

                                                     

   Бүгінгі күні еліміздегі барлық жолдың ұзындығы 128 мың шақырымды құрайды. Соның 93 611 шақырымы жалпы қолданыстағы жолдар. Ал қалғандары қалалар мен елді мекендер ішіндегі жергілікті әкімдіктердің қарауында. Елімізде Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде Үкіметтің 2010 жылғы 30 қыркүйектегі қаулысымен бекітілген 2010-2014 жылдарға арналған көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы қабылданған. Осы бағдарламаға сәйкес 5 жылда республикалық маңызы бар 5311 шақырым жол салу (жаңаландыру соның ішінде) қарастырылған. Елбасының туризмді дамыту үшін алдымен жолдарды жөндеу керек деген сөзінің бастамасы ел ішінде байқалып жүр. Оған дәлел жөнделу жұмыстары жүріп жатқан аймақтар. Алайда, ол жұмыстардың қалай жүріп жатқандығы беймәлім. Қалың жолдың қалың ақшасын, қалтаға салып, жұқалатып жол салу әдетке айналып бара жатқан жоқ па осы?! Жолдардың ұсқынсыздығы көлікке зиянын тигізіп, шығынға батырады. Ал, мұның себебін, жол жөндеу басшылығы 1985 жылдан бастап, уақытылы жөндеу жұмыстарының болмауынан дейді. Сондықтан, ол жолды түбегейлі бұзып қайта салмаса, нәтиже шыға қоймасы анық. 2010-2014 жылдар аралығындағы жергілікті жолдар үшін 131,7 млрд. теңге трансферт бөлінетін болғанымен, қай жолға қанша, қандай мерзімде екендігі белгісіз.

   Ағылған көліктердің жүруіне залалын тигізбейтін шағын жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ шұңғырларды жөндеуге мемлекет 1млн кв метр жерге 3 млрд теңге бөледі. Ойнайтын ақша емес. Еліміздегі жолдарды жөндеуге мемлекет 27 млрд теңге қаржы бөліп отыр. Яғни, аталмыш сомаға 1 245 км жол жөнделу қарастырылуда. Барды бар деп айту керек, өткен жылдардың жеткен жетістіктері деп Жамбыл, Қызылорда жолдарының біршама түзелгендігін тілге тиек етуге болады 

   «Енді жөнделген жол трассаларында жүру үшін тұрғындар ақша төлемек»,-деген халық қорқынышы, жолдардың түзелуі де қалтамызға ауыртпалық түсірмек дегенді аңғартады. Бұл мәселе жөнделген 4 не 6 сызықты үлкен жолдарға байланысты айтылған қағида. Яғни, ендігі жерлерде ауыр жүк машиналары мен коммерциялық бағыттағы көліктер сол жолдан өткені үшін салық төлеп, ақша беретін болады. Жиналған қаржы жолдардың жөнделуіне жұмсалмақ дейді жоғарғы басшылар. Осы маңайға жақын тұратын тұрғындардың бұл орайда құқықтары қорғалады. Демек, олар күнделікті барып-келген жұмыстарына жол үшін қаржы шығармайтын болады. Биыл Қазақстанда "Астана-Теміртау" және "Алматы - Қапшағай" ақылы көлік жолдарының құрылысы басталмақ. Бірақ, мұндай әдіс қаншалықты дұрыс екен, кім білсін?!

Қазақстандағы ең қауіпті жол аймақтарын Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыс аймақтары құрайды. Бұл аймақтарда жол апаты көп орын алған және олардың көбі жолдың нашарлығынан болған. Статистика мәліметтеріне сүйенетін болсақ екі жыл бұрын 12019 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның 50-60 пайызы жолдың нашарлығынан орын алған. Соның нәтижесінде 2707 адамның өмірі үзіліп, 14 мыңнан артық адам түрлі деңгейдегі жарақаттар алған. Бірақ, өткен жылы бұл көрсеткіштің саны төмендеді.

   Қазақстан арқылы 23 мың км қашықтықта 5 халықаралық жол өтеді: Алматы-Астана-Қостанай Челябинскке; Алматы-Петропавл Омскке; Алматы- Семей-Павлодар Омскке; Алматы-Шымкент Ташкентке; Шымкент-Ақтөбе-Орал Самараға қатынайтын жолдар. «Өзге өңірден елге қайтқанда елге келгенді тас жол не секіртпе жолдан байқауға болады» деген әзіл бар ел арасында. 2009 жылдан бері елімізде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолы салынып жатыр. 8445 км шақырымды құрайтын жол жұмыстары биыл толық аяқталуға тиіс. Десе де, канадалық қонақтар салынып жатқан жолды көріп, оның сапасыздығына таң қалғаны бар. Әйтеуір жолдың жыры бітпей тұр.

  Гүлжан СЕРІК                                     



Бөлісу: