Жолдасыңның тегіне өту...

Жолдасыңның тегіне өту...
жеке
блог

Қыз балаға қыз дәуренінен атасының атын арқалап жүруден басқа не қалады?! Өз фамилияңа, атаңа көңілің толмайтын болса, ата-анаң бөлек кеткен болып, өз фамилияң берілген адамды танымайтын болсаң ғана күйеуіңнің тегіне ауысып алуға болады деп ойлаймын. Бірақ бұл пікірлер менің жолдасыма "өтпейтінін" білемін. Ер адамдар келіншегін өз тегіне ауыстыруға неге сонша құмар екенін әлі түсінбей келемін. Бұл "сынақты" маған да салды. Мен бірден "Үнемі өз тегімді айта алмай жүремін бе?" (немесе қайын атамның атын былш еткізіп) деп бас тарттым.

Негізі арғыыы ата болған соң Құнанорыстың келінімін деген сияқты рудың атын айта береді ғой Батыста. Ал біздің руымыз сегізінші атаның атымен аталады екен, марқұм мамамыз оны (Б)Сайсейіт деп тергеп айтатын болған, көрші ауыл да сол атаның атында. Мен басында атын айтып қалсам, "қайран батыр атам-ай, шошып кетіп орнынан атып тұрған шығар" деп қалжыңдаған, содан бері "атаның ауылы" дейтін болдым. Осылай мен жолдасым үшін аталардың атын атамау қаншалықты маңызды екенін біліп, жанды жерінен ұстадым деп жүрсем, оған да көнбей, "тегіңді сұраса үлкен етіп жазып берем" деді әзіл-шыны аралас.

Ер адамға қарсылық танытсаң, оның айтқанын орындату стимулы күшейе береді. Бір жаққа бармайсың десе де, "жақсы" дей салсаң сәлден кейін өзі "жарайды, киін" дейді. Әдейі қызғандырғысы келіп, қыздар туралы айтқанда эмоцияңды көрсетіп қойсаң одан сайын үдетеді. Солай көп жағдайда іштей тынып, дегеніне "жарайды" десең, ұпай сен жақта болады. Неке куәлігін алуға барарда да "ауыстыра саламыз ба, басқа құжат ауыстырып әлек болмайды екенсің, жанына неке куәлігін алып жүрсең болды" деп тағы бастады. Мен де тағы "жарайды" дедім. ЗАГС-тегі апай загранпаспортыңды да ауыстыруың керек 20 мыңға, аузы-мұрнынан шығып отырғанда цоннан-цонға сүйреп әлек қылып қайтесің деген сөзіне тоқтады. Сөйтіп таласып-тартыспай-ақ Асанова болып калдым...

Ал сіз фамилия ауыстыруға қалай қарайсыз?