Жолдар, жолдар, тегіс емес жолдар....

Жолдар, жолдар, тегіс емес жолдар....
жеке
блог

Енді осыдан қыста үйіме бармаспын. Әрине, егер жолды дұрыстасаааа... Екі қолымды көтеріп барамын. Бірақ, қандай қиын ЖОЛмен келгенім есіме түссе, келер жылы қысты жып-жылы Алматыда қарсы аламын. 

Мәселенің басы былай болды. Мұндай қысты көптен бері көрмегем. Нақты есімде емес, әйтеуір 5-6 сыныптар шамасында бораннан есік алдына шыға алмай қалғанда мектепке бармай, апталап үйдее жататынбыз. Ал, есім кіргелі мұндай сұмдық болмаған. Барғанымда күн ондай жаман болмады. Әрине, қар қалың, аязы бар. Әдеттегідей, қысқасы. Жоспар бойынша, 13-14 қаңтарларда Ақтөбе қаласына барамын деген болатынмын. 14-не кеткемін деп отырғанымда анам: 

- Бір күннің әрісі не, берісі не? 15не кетерсің -, деді. Менің де, анамның да ойымызда ештеңе жоқ. 15не кететін болдым. Айтқанымыз сол ғана еді, түні бойы қар борады. Жаздың өзінде халі мүшкіл ЖОЛ, қыста екі бастан қарға көміліп, жолым жабылды да қалды. Машиналар қатынамаймыз депті. 16на тағы солай. Амал жоқ, менен өзге де студенттер билет алып қойған соң, таксисттер тәуекел деп жолға шықты. Содан 17 қаңтар күні 5 "Нива" автокөлігімен шықтық. Барлығы шұғыл шаруалары барлар (еріккен адам жоқ). Содан не керек, таңғы 9дардың шамасында шықтық. Сенсеңізде, сенбесеңізде расы сол: тіпті 30 км жердегі трассаға да жете алмадық. Қарды олай аршыды, былай аршыды, ақыры шыдамады жігіттер. Ол - әлсіздік емес. Жооооқ, біздің жігіттер мықты. Ауа-райының қырсығы ғой құртқан бәрін. Сол 9да шыққаннан, межеге жетпеген күйде түнгі 12 жарымда үйге аман-есен келдік. Тек аяқ-қолдың дірілдеп, беттің аздап үсіп, қарынның ашқанын есепке алмасақ.... Бізді қойшы, біз үшін уайымдап отырған жандарды айтсаңызшы. Телефонға тыным жоқ. Қайта Құдай оңдап, желі тартатын жерде тұрып қалыппыз. Әйтпесе, желі де, интернет те жоқ қой біздің ауылда. Бізді аман алып келген машина "ПОГРУЗЧИК" деп аталады. Рас, қар аршымайды. Бірақ, көмегі болды. Қарды бір жерден алып, екінші жерге салып тұрса да)) Ол да артында УАЗ автокөлігімен бірігіп біздің мектепке азық-түлік алып келе жатырған боп шықты. Сол кісілермен келісіп, келесі күні 18не (менің кешкі 8де пойызым) шығатын болдық. үйге барған бойда ұйықтадм, шаршап. Ертеңіне, 8.30да шығып кеттік бір Аллаға сыйынып. Бастапқыда барлығы жақсы болатын, бірақ жақын трассаға 10  км жер қалғанда дәәәй көлігіміз қарға батты да қалды. Содан-ақ жағдайды ойлай беріңіз. Ағамыз жаяу жүре беріңдер, мен осы жерде боламын, еш жаққа кетпеймін деп тұрып алды. Заттарымыз қырғын, саны да көп, салмағы да біршама. жігіттеріміз аман болсын, көтерісті. Сағашилі аталатын жерге жаяу жетсек, Қандыағашқа көлік ұстай саламыз деген ой барлығымызда. Сол кезде кешкі 5тердің шамасы, жаяу тарттық. Күн өз репертуарында. Есесіне, әлі жарық. Соны пайдаланып, артқа қарамастан жүрдік. 7.30дарда жеттік-ау. Бір қуанғаным сол болса, өкінгенім: пойызыма үлгермейтін болдым, сабақтан да кешігетін болдым. Билетті тапсырып тастап, ертеңге бір түйір билет қалыпты, маған бұйырған болар деп, межеге де жеттік. Қандыағашқа. Ой, сол кездегі сезімді айтып жеткізе алмаспын. Екі күн бойы алынбас қамалдай боп көрінген қалаға, 8ден кете жеттік. Тағы 12 сағаттай жолда болдық. Қайта кешегіден ерте келдік деп қалжыңдап қоямыз. Менің Алматыға жетуім де бір ЖЫР болды.

Айтайын дегенім, білдей бір ауданға бір ғана техника бөлгендері қай мазақтары? Өзі қысы қатты, қаласынан ауылы көп жер. Барлығы қарға жыл сайын белшесінен батады. Соны біле тұра, алдын-ала қамданбағандары несі? Адам жаны тастан қатты болса да, жіптен нәзік. Бір сәтте бірнеше тағдырдың қылы үзілуге қалған сәтті өз көзіммен көрдім. Ақтөбенің не қысы жұмсарса, не басшылары жұмылса бір оңтайлы шешім шығар еді ме, қайдан білейік?! Ал әзірше, ауылдарыңнан ауа-райы тұрақталмай көлік шығармаңдар деген ғана шешім шығып тұр.

Эхх, ауылым - алтын бесігім!

Қарға көмілген есігім.

Аршуға әкем жүр ерінбей,

Алдында не бары көрінбей))

Бізде қыс боп жатыр, Сіздерде ше?