Жолданбаған хат

Жолданбаған хат
жеке
блог

Әдірем қалғыр агенттің ауылынан алыстағаныма бір жылдың шамасындай уақыт бопты. Қаннен қаперсіз жатқан қайбір күні қалтателефоныма әлдебір хабарлама келді. Сезімтал экранды сырғытып сымтетікке төне кеттім. Орыс тіліндегі әлдебір сөздер сіздің майл.ру желісіндегі логиніңіз жақын арада жабылады деген екен. Езуіме еріксіз күлкі үйірілді. Агенттің ат көпірін шығарған шағымды еске алдым да, бірден компьютерге жабыстым. Мұндағы ойым мұрағаттағы хабарламаларды тексеріп, талай қызға сөз салған сәттеріме көз жүгірту болатын. Ресми сайтқа бас сұққаныммен құпия сөзімді біраз уақытқа дейін еске түсіре алмадым. Бір жылда адамның басынан не кіріп, не шықпайды? Бәрін жаттап алатын Энштейн емеспін ғой деп қоямын ішімнен. 360 градусқа шыр айналған миым бұл сұрағыма да жауап тауып берді. Менің барлық құпия сөзім атым/тегім/жылым-ның қосылып жазылуы еді ғой. 
Адамдардың тізімін тексеріп келе жатқанымда тінтуір «түк» етіп, Балсан есімді менің ескі махаббатымның жазған хаттарын жайып салды. Ол кезде екеуміз арман қуып, үйленеміз деп сөз байласқан едік. Екеуміз екі қалада тұрғандықтан жиі кездесіп қос ғашықтардай жүре алмайтынбыз. Содан болар бір-бірімізге ыстық сезімнің лебі күн өткен сайын солғын тартып, арамызда өрбитін әңгімеде азайған болатын. Мен сондықтан агентке кірмей кеттім. Ал, Балсан болса нөмірін ауыстырып жіберді. Осылай басталмай жатып махаббат дастаны да аяқталды.
Пернетақтаның астыңғы түймесін басып отырып Балсаннан келген белгісіз хабарламаға көзім түсті. Жолдаған уақыты 2012 жылдың 18 желтоқсаны екен. Бұл кезде мен телефонымнан агентті атасымен бірге өшіріп жіберіп едім:
«Сәлем, Нұрәділ. Қалың қалай? Не жаңалықтар бар? Білесің бе, екеуміздің алға қойған мақсатымыз бен армандарымыз көп еді ғой. Сол ұшқыр қиялдарға сызат түскеніне әлі көндіге алмай келемін. Сенің жіберген СМС-теріңе, тоқтаусыз соққан қоңырлауларыңа соңғы кездері жауап береп алмадым. Өйткені, мен сені бақытты қыла алмайтын едім. Сондықтан өзімнен мүлде алыс болғаныңды қаладым. Тіпті күні-түні Алладан «Нұрәділ екеуміздің арамызды алыстатшы!» деп тіледім. Осы қатерлі сөздерді айтқанымда кеудемнің тұсы қанжар қадалғандай қатты ауыратын еді. Бұлай жасауымның себебін білгің келіп отырған шығар. Ендеше айтайын:
Осыдан бір ай бұрын есімнен танып қалып, ауырханаға жөнелтілдім. Дәрігерлердің қойған диогнозы бойынша миымда қатерлі ісік бар екен. «Қолымыздан келетін шара жоқ, өте асқынып кеткен» деді. Көрер күнім бір жылдың ар жақ бер жағы. Сенен өтінерім маған соңғы рет қоңырау шалып «Сені өте қатты сүйемін» деші. Менің бұл фәниде бұдан басқа арманым жоқ. Сенің қоңыр даусыңды естігім келеді...»
Төменгі жағына жаңа нөмірін қалдырып кетіпті. Қолым дірілдеп, көзім жасқа толды. Сонда да қоңырау шалуға бел будым. Нөмірін әзер терідім. Үзік дыңылдаған дауыс маған үміт сыйлағандай болып еді, бірақ...
- Алло!
- Алло, сәлеметсіз бе! Балсанды тұтқаға шақырып жібересіз бе?
- ӘӘӘ, Нұрәділ болдың ғой. Балсан осыдан бір апта бұрын мәңгілік өмірін тоқтатқан! Кеудесінен ақтық демі шыққанша телефонға телміріп, сенің қоңырауыңды күтумен болды. Неге ертерек хабарласпадың, ұлым?..
Арада байланыс үзіліп кетті. Ал мен болсам қажыр-қайратымды жоғалтқандай күй кешіп, бір бұрышқа құлай кеттім. Тәтті қыз-ау! Ақымағым-ау!

Марат ҚАНИ