Жолданбаған алғашқы хат...

Жолданбаған алғашқы хат...
жеке
блог

         Қаншама Күн құлазып барып құлап жатты анау қырдан… Қаншама Ай әппақ сәулесін әлсіз төгіп ұзақ тұрды аспанымда? Сен сездің…. Мүмкін сезбедің барлығын. Жанарымда іркілген жасты құлатудан қаймығып, құсаға толы жанымды жұбатпаққа қаншама ұмтылдым.  Уақыт өз дегенін жасап келеді… Жабықтың ба, зарықтың ба, әлде жалықтың ба, жұмысы жоқ…  Жүрегіңнің жүрісінен танып, енді мүлде басқаша соғатынын білмейтіндей…

        Әлем баяғысынша ескі жолмен…  Ескі бағытымен… Ескі уақытымен дөңгелеп барады. Ал менің дүниемен ісім жоқ дөңбекшіп жатқаным… Ендігі күнімнің… Дұрысын айтсам ертеңімнің қалай басталып қалай тынары толғандырады мені…  Сенсіз…  Сенің жұпарыңсыз. Сенің көзіңсіз… Сенің өзіңсіз. 

        Анау бір әнде “жараса ма жас жігіт қайғы ойласа” дегендей….  Жігерімді жанып, рухымды тіктемек болғаныммен төзімім бітіп тұңғиыққа қарай құлай беремін.

        Алматыға барып қайттым…  Ескірген екен. Дәл менің көмескіленген қиялым сынды. Асфальт жолдар баяғысынша қаланы жарып созылып жатыр…  Адамдар… Көліктер… Көктемнің келетінін сездіргендей қала көшелерінің қары тұтастай еріп кеткен. Еңсесі биік үйлер ештеңеден қаймықпайтындай бйікке ұмтылса, жер тамдар жабырқау тартып, моржасынан түйдек түтіндер ұшады аспанға…

      Қалашықтың іші баяғысынша бақытты күндерін өткеріп жатыпты… Түк болмағандай, төмен қарамай тура жүрдім де, алақаныңды қысуға қымсынып, шамдардың жарығынан ұялып жаныңа жолауға батылым жетпей үнсіз жүріп өткен жолдарымызға көзімді бір жіберіп өттім. Ол кештер керемет еді... Үндемесек те ұғысатындай едік. Елең-алаңда арқаңдағы білектей бұрымыңа байланып, жанарыңның жарқылына ұйығандай қасыңнан кете алмай-ақ қойушы ем. Тәкәппар болсаң да, тарыдай сезіміңнің белгісіндей етіп, маған деген сүйіспеншілігіңнің сәулесі сынды, алдыға бір қадам басып бетімнен сүйе жалт бұрылып жүре беретінің ұнайтын еді.  Жарығы сөнбеген жатақхананың алдындағы жарты минуттық кездесулер де енді мүлде келмеске кеткен... Оралар... Мүмкүн оралмас. Әйтеу ойлап көрсең тәп-тәтті сағыныш екен барлығы.

      Тағы сол қалашықтың қараңғы кешінде сені көріп қаламын ба деп жанарымды жан жағыма жаутаңдатып өзіңді іздегендей боламын... Өзімшілдігім өртенбеуге, сағынбауға, жалынбауға жол көрсеткенімен, ғашық жүрегім қанатсыз қалған қырандай қор болып ғұмыр сүргенше құздан құлауға итермелейтіндей... Дәл оттың ортасында келемін. Астаң кестең ойларым қай шұңқырға жығып, қай биіктен қалықтатарын біліп болмайсың.

      Бәрін қойып телефонымдағы нөміріңе қоңырау шалғым да келген. Десе де онсыз да дертті жаныңның, бейғам тірлігіңнің тыныштығын бұзғым келмей... Қоңырауыма жауап бермей қойса деп... Үмтімді үзгім келмей. Артымда қалған әдемі қалашыққа жалтақ-жалтақ қарап автобусқа міне бергенім есімде...

      Алматы кеші соншалық әдемі болғанымен, соншалық мұңды екенін енді білгендеймін... Өзіңді көрмесем де, өзің тұратын қаланың сенің жұпарың сіңген ауасын жұтып қайтқанымды дәтке қуат еткендеймін...

      Мен етрең жол жүремін...

      Сен аман жүр, қалқашым!