ЖОЛАУШЫ ҚЫЗҒА ЖОЛДАМА...

ЖОЛАУШЫ ҚЫЗҒА ЖОЛДАМА...
жеке
блог

«Алданып қалдық» - деп өсекке.
Тағдырға айтамыз кеш өкпе.
Ұқпаймыз сезімді шынайы,
Барлығын ұғамыз десек те.

Өзіңсіз уақытқа бос өткен,
Тынысы тарылып қос өкпе,
Біреулер қиналды, ал сенің?
Сезімің құрылды есепке?

Неліктен?
Кім білсін, себебін,
Бұл да бір еркелік дер едім.
Түбінде жолаушы сұлу қыз,
Сөзімді ұғар деп сенемін.

Сезімдер әрқалай, әркімде,
Сенімен кездескен әр күнге.
Шаттанып, шабыты қалықтап.
Жыр жазды «бір ғашық» әр түнде.

Қаракөз,
Жолаушы қарындас,
Бақытты болғайсың, бағыңды-аш.
Дегенмен, дәл менің досымдай,
Шын сүйер жан сені, табылмас...

Айтармын, басқалай  не істермін,
Сырына қанығып кештердің,
Сен жайлы, Досым жыр жазады,
Сол жайды, жолаушы ескергін...


P.S
Досымның арманы, ой-ісі,
Болашақ қамы мен той ісі.
Осының бәріне кінәлі
Астана-Алматы пойызы.

               Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН