Жол үстіндегі ойларым.

Қысқы демалысым аяқталып, ауылдың қазы-қартасына әбден тойып, қайта қалаға жол тарттым. Билетімді алдым да пойыздың уақытын қарай қояйын деп билетіме үңілдім. 19:30 да жүреді екенбіз. Қалаға қай уақытта барып түсетінімді қарадым, қарадым дағы көңілім біртүрлі жайсызданып кетті. ертеңгі күні сағат 13:35 те бір-ақ жетеді екенбіз. Ойша есептеп қарасам жолда тура 18 сағат 05 минут жүреді екенмін. Ал керек болса, енді не істеймін сонша сағат бойы, уақытты қалай өткіземін деген пендешілік ойларымнан арылғанша болған жоқ, Арқалық-Алматы пойызының (дәлірек вагоны) жүруіне 5 минут уақыт қалды деп хабарлады. Тезірек сөмкемді алып өз вагоныма, белгіленген орыныма келіп жайғастым. Қасымдағы үш жолаушының үшеуі де өзім қатарлас Алматының студент қыздары екен. Жаңағы құлазыған көңіліме шамалы болса да нұрын сепкен осы қыздармен бірге жол жүруім еді.

Біраз жол жүрген соң қыздармен танысып, мән-жай сұрасып отырдым. Оларда жағдай тіпті "мүшкіл" екен, 24сағат жүреді екен. "Қалаға барғанша бір-бірімізбен туыс болып кетеміз" деп қалжыңдап та қойды. Біраз әңгімелесіп,шай ішіп, карт ойнап болған соң ұйқыға көштік. 6 сағат уақыт та тезірек өтіп кеткен секілді, сол кезде манағы вокзалдағы ойларым есіме түсті. Сол кезде ғана жол бойында 18 сағат жүретініме неліктен қынжылдым екен, қайта қуануым керек емеспе деген ой келді.

Ойлап қарасам бұл уақыт еліміздің жер көлеміне байланысты екен ғой. Осыншама кең байтақ жеріміз болмаса осынша ұзақ жолда жүрер ме едім. Қыздар айтпақшы өзіміздің қандас бауырларыммен "туыс болып" кетпес те едім. Ұлан ғайыр өлкемізді бізге аманат етіп жеткізген ата-бабаларыма қайран қалдым.Мектепте оқып жүргенде еліміз жер көлемі бойынша әлемде 9-ыншы орында деп жай ғана айта беруші едім, қазір шыныменде 9-ыншы орында екенімізді мақтан тұтамын. Осы ойлармен көзім де ілініп кетіпті.

Таңертең ұйқыдан ерекше әуенмен оянып кеттім.Қай жерде жатырмын деп біразға шейін абдырадым.Сөйтсем өзімнің ауылдасым Әсет екен, консерваторияда оқитын, вагон ішін қазақтың ерлігі, кеңдігі жайлы халық әндерімен әуелетіп келе жатырған. Әжейлер оған ырза болысып,батасын беріп жатты.

Түс ауа Қарағандыға да келіп жеттік. Пойыздан түсіп тағы да қаланың шетіне дейін 1 сағат жүретінімді ойладым. Тек бұл жолы оған налыған жоқ едім. Артыма бұрылып қарасам пойыз ендігі қозғалып та бара жатыр екен. Шойын жолдың төсінде "Сарыарқамды жүріп өттім,Алатауым қайдасың!" деп бара жатқандай... Тек, кешегі: "24 сағат жолда зерігетін болдық" деген қыздарға "жол үстіндегі ойларымды" түсіндіріп жеткізе алмай қалдым-ау деп қынжылдым. Артынан барып ол ойымды Әсеттің салған әндерінен өздері-ақ ұғар деп бір қуандым. Ұғуға тиісті, себебі: Алматыдай әсем қалада халық әндерін ұқпайтын жастардың оқуы мүмкін емес секілді...



Бөлісу: