Жол үстіндегі оқиға...

Жол үстіндегі оқиға...
жеке
блог

Сағат екіге таяды... Ол қолындағы сағатына минут сайын қарағыштап, такси ішінде келеді. Межелі жері де жақын қалды, тек қаланың құрғыр кептелісі адым аштырар емес.

Вокзалға асыға жетіп, өз вагонын іздей бастады. Әскерше сап түзеген пойыз вагондарының соңын ала орналасқан 13-ші вагонға бет алды. Жолсерікке билетін көрсетіп, вагон ішіне енді. Қалған мәселе өз орнына жайғасу. Купеде мұнан өзге үш адам орналасып үлгеріпті. Серіктері: екі қарт кісі және 8-9-дар шамасындағы ұл бала екен. Үстіңгі орынға жайғасып болып, пойыз әуенімен ойлана төбеге көз тігіп жатқан Нұрымның ойын әжейдің:

 - Астан ала отыр, балам,- деген сөзі бұзды.

Төбеден түсіп келе жатып, түк алмағаны да ойына қабаттаса оралды. Ал әжей жолға жақсы дайындалыпты. Ыстық тамағын, тандырын, піскен ет - жұмыртқасын қойып, баптап шәй ішті төртеуі. Жөн сұрасып, жолға шыққан себебі жайлы әңгіме өрбітті. Немересінің аты Ұлан екен. 

Мына баланы шешесіне апарып, алып қайтып келе жатқан бетіміз. Жалғыз ұлдың тұяғы, ауылда соқа басымыз сопайып қалмайық деп  қолға алып едік. Уфффф деп әжей күрсініп қойды. Тағдырдың жазуы шығар, әйтпесе анасы мен баласын бөліп не жазып едік деп, кемсеңдеді.

- Тәйт, өзі берген жанын Аллам өзі алады, уақытысы келгенде, - деп атай қаталдық танытқанымен, дауысына діріл араса шықты.  

Олар өзді-өзі болып отырғанда Нұрымның есіне анасы түсті. Жолға шығуына да ауылдан келген жаңалық себепші болып еді. Анасы аурухана төсегіне таңылып жатыр екен. Есінде, бұл алғаш мектепке барған жылы бұлардың отбасы өте төмен тұрмысты болды. Әкесі де жұмыссыз. Содан анасы майда-шүйде сатып бұларды аш қалдырмайтын. Қолы күс-күс болып көктемде егінін егіп, балаларына да қарап жүретін анасы міне, бүгінде ауруханада, бұл болса анасының жүзін 2 жылдан бері көрмепті. Тарамдалған сол алақан жылуын сағыныпты. Кеудесін өксік кернеп, ауыр күрсініп қойды. Осы кезде,

- Қанша бауырың бар, балам?- деген атайдың сұрағы ойын бөлді. 

- Бесеу, деген бұған атай шүкіршілік, - деп қойды да әңгімесін жалғастырды.

- Кемпір екеуіміздің отасқанымызға жақында 50 жыл толады. Осы жылдарда Алла маңдайымызға 7 бала сүюді жазыпты. Соның алтауы сәби кезінде шетінеп, Ұланның әкесі ғана аман қалып еді, ол да тар маңдайға сыймай кетті. Тым-ақ ақылды еді, жалғызбын демей әрдайым жанымызға демеу болып, келін екеуі өбектеп жүретін. Жазмыш қой, ажалы құрғыр темірден болды, - деді. Сонан соң:

Біздің заманымыз ауыр болып, әке - шешеміздің қолын жылы суға салмақ түгілі, немере де сүйдіріп үлгермедік. Анам 12 жасымда, бала үстінде көз жұмса, әкем жыл салып анамның артынан кете барды. Жалғыз қарындасым екеуміз бірімізді- біріміз жетелеп өстік. Ал, Ұланның әкесі аз жасаса да, бізге бар қызығын көрсетіп, жақсылығын жасап кетті. Алла балаларыңның алдында алғаны жақсы екен ғой. Айналайын, Нұрым, әке - шешеңе бар жақсылықты  жаса, тұрмыс жақсарсын, ақшалы болайын деп уақыт оздырма! Олар үшін сенің кішкене жақсылығың зор қуаныш. Ажалдың кімге, қай күні есік қағары белгісіз екен, - деді де үнсіз қалды.

Осы сәт аз уақытқа басқа қала вокзалына аялдаған пойыз ысылдап- пысылдай бастады да, Ұланды жетектеген әжей купеге кірді.

Өз орнына жайғасқан Нұрымды ауыр ойлар шырмап алды. Анам ауруханадан аман- есен жазылып шықса, бірінші әкем екеуін сауықтыру орнына жіберемін. Сонан соң... сонан соң биылғы жылы келін алып, қолын жылы суға батырып қоярмын деп, жылы жымиған оның көзі ұйқыға кетіп бара жатты...