Жол бойында

Жан дүниесі жадыраған әйел, мейірімді  ана, ибалы келін, аяулы жар... 7 жыл... Бала анасыз, әке жарсыз. Өртенген өзек, өкінген жылдар, сағынған сағым... Ол айналасына үнемі мейір-шапағатын төгіп, жанында жүргендерге мейіріммен сүйсіне қарап, әрқашанда мұң-қайғыға төзіп, сабыр сақтайтын жан еді... Енді міне, 7 жыл уақыт тағы 1 жылмен  толықты.

Жол бойы... Жаз мезгілі... Қарбаласқан өмір. Қайда екені белгісіз асыққан адамдар легі.  Ажалдың арбауыма, қайдан, ол да уйіне асыққан еді. Құрбысымен  қоштасып, жаяу жүргінші жолымен келесі бетке өтпекші болды. Қас-қағым сәт... Жол...Бәрі өзгеріп сала берді... . Тапа тал түсте жазмыштың жасын қамшысы солқ еткізді. Тек қара түнек. Жан түршігерлік айқай - шу. Жолдың бойы көл-көсір аққан қан, суық дене.  30 жасын толтырмай кете барды. Артында аңырап анасы, жоқтап жары, шуылдап балалары, «апырайлап» ағайындары, бауырлары қала берді. Өмірдегі ең асыл жан ажал құшты.

8 жыл өтседе, жүректі сыздатқан жара жазылар емес. Асыл жанның қыршыны кеткен жол бойынан күнде өтемін. Кейде  сол жолға қарап тұрып қалың ойға шомып кетемін.  Ақ қанат арманның жібектей жібін байлаған өмір осыншалықты қатыгез болар ма еді?

Артында қалған  2 баласы бүгінде улкен азамат.  Бала жасынан жетім қалған балалар, әжесінің  етегінен  ұстап ер жетті. Жоғарғы оқу орындарына түсіп, өз жолдарын тапты. Тек бір өкініштісі ана мен бала арасындағы махаббатты жылдар мен жолдар бөліп жатты.

 

 

 



Бөлісу: