Жоқ өзіңнен киелі

 Жоқ өзіңнен киелі

 

Тілім менің тік келгенді тіліп түсер алдаспан,

Зар заманнан шөгіп қалмай желіп жеткен нар қасқам.

Желіп жеткен, еліңді өпкен ерлігіңнен айналдым,

Арасынан аман шығып аждаһалар арбасқан.

 

Құш еліңді, құшсын елің қалған біркез сансырап,

Есін жиғыз ен далаңның кеудесіне тамшылап.

От ойнатқан найзағайдан алты таспа бұзау тіс,

Өріп алып қабыршықты быт-шыт етші қамшылап.

 

Қабыршықтан тұмшаланған қалаларды аршып ал,

Бұқпа енді, бұқсаң өлдің,

Қайраттанып қарсы бар!

Сен болмасаң қайран қазақ кім болады айтшы өзің?!

Ана тілім, дана тілім тура біткен нар шынар.

 

Ана тілім, дара тілім тура біткен нар шынар,

Тура жолда тура сендей қайыспайтын нар шыдар.

Баба арманы тәуелсіздік-жүзеге асқан ақиқат,

Тұғыры сен, ғұмыры сен кең даламның қалпы бар.

 

Сен аманда мен асқақпын үнім тұрар өр шығып,

Теңдігі сен, белгісі сен ел дейтін ерен көршілік.

Тәуелсіздік таңдарыңа өгей жылдар садаға,

Қыран көктен саңқ еткенде бұлт сейілген жел тынып.

 

Қыран жайып жебе қанат саңқылдаған көкте еркін,

Бейбітшілік шуағынан бар тіршілік өпкен шын.

«Шүкір, Алла!»-деп, ақ әжем мына өмірге разы боп,

Қазан атын мініп алып атам олжа бөктерсін.

 

Бейбітшілік күйін төккен тәуелсіздік тиегі,

Ана тілім қан шанаққа қазақ күйді сүйеді.

Жат жанынан түңілер, өз өзіңді сыйласаң,

Сыйла өзіңді, өзіңнен жоқ қазағым киелі!

Марғұлан Ақан



Бөлісу: