Жоғары білімі бар жастардың жұмыссыздыққа ұшырау себебі неде?
блог
Соңғы кезде жұмыссыздық мәселесінен қиналып жүрген жастарды тым көп кездестіріп келемін. Өзімді де болашақта жақсы жұмысқа орналасу сияқты сынақ күтіп тұрғаныдықтан, осы тақырып жайлы біраз қазбалап пайдалы ақпарат жинадым.
Ресми деректерге сенсек, Қазақстан студенттер саны бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарында бола отырып, "дипломды жұмыссыздық" атты жаңа проблемаға тап болыпты. "Дипломдалған жұмыссыздық" - мамандығы бойынша талап етілмеген және ұзақ мерзімді кезеңде басқа бағыттарда жұмыс істегісі келмейтін кәсіби дипломы бар жас азаматтар арасындағы жұмыссыздық.
Жастар арасындағы жұмыссыздықтың негізгі себебі олардың еңбек нарығына алғаш шығуы және ондағы өзгерістерге бейімделу тәжірибесінің жоқтығы болып табылады. Еңбек нарығын болжау өте қиын, бос жұмыс орындары туралы толық және нақты ақпаратқа қол жеткізу жолдарының елімізде дамымығандығы сынды мәселелер жас маманның жұмыспен қамту орталығында тіркеліп күтуіне немесе өз қабілеттерін пайдалана отырып, жұмыс іздеуіне алып келеді, ал өзге бөлігі мүлде жұмыссыз қалып жатады.
Білім және ғылым министрлігі оқуға түсуге сұраныс деңгейі төмен техникалық мамандықтарға білім беру гранттарының көп санын бөледі. Жыл сайын техникалық мамандандыру кадрларының көп саны дайындалып, шығарылады. Алайда олардың бір бөлігі өз мамандығы бойынша жұмыс істемесе, тағы бір бөлігі ешқандай дағдылары мен теориялық білімі жоқ болып шығады. Көтеріліп отырған дипломдық жұмыссыздықтың пайда болуына психологиялық тұрғыдан да әсер ететін факторлар бар. Заңгерлер мен экономистер санының аса көп болу мәселесі де дипломдық жұмыссыздықпен тығыз байланысты тақырып. Осы маңда туындайтын сұрақ: Неліктен қазақстандықтар заңгерлер мен экономистерді жұмысқа орналастырудың қиын болуын біле отырып, осы мамандықтар бойынша жаппай білім алуда? Бұл сұрақ бойынша келесідей бірнеше болжам жасауға болады.
Қазақстандықтар өздерін бизнесте іске асырғысы келеді деген алғашқы болжам.
Екіншіден, ең өзекті болып табылатыны мамандықтың имиджі және беделі мәселесін қарастыруға болады. Қазақстанда қаржыгерлердің, менеджерлердің, экономистердің жоғары имиджі баяғыдан құрылған. Жастар экономист, бизнес-сарапшы, менеджер, заңгер, бухгалтер, маркетолог сынды мамандықтарға баруды армандап жүреді де, өзге топтағы инженер, технолог, сантехник, құрылысшы, жөндеуші кәсіптерін менсінбейді. Сөйтіп жүріп екі ортада қалады.
Үшіншіден, мектеп қабырғасында қалыптасатын көзқарастар мен қызығушылықтардың әсері аса көп. Дәл осы кезеңде мұғалімдер тарапынан оқушының қандай да бір ғылым бағытына деген бейімділігі анықталу қажет. Оған қоса Жоғарғы оқу орындары өздері ұсынып отырған мамандықтардың жұмыспен қамтылуын және тапшылықтағы мамандықтардың санын арттыруға қатысты нарықты зерттемеуі байқалады. Сондықтан мамандықты таңдау оқушының өз еркімен айналасындағы адамдардың қысымынсыз жүзеге асуы ең маңызды аспект болып табылады.
Аталмыш мәселе мемлекет тарапынан қараусыз қалып жатқан жоқ. «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы», «Жастар - Отанға!», «Жастардың кадрлық резервтері» сынды үлкен масштабты жобалар орын алды. Олардың әрқайсысы өзіндік сипатпен және жүзеге асу жолдарымен жоспарланып, ортақ мақсатқа бағытталған. Ол: жастардың экономикалық белсенділігін арттыру болып табылады. Алайда осы тұста ұсынылған жұмыстарға қатысты көптеген наразылықтар түсіп жатыр екен. Мемлекетпен ұсынылған жұмыс орындарының шарттары жас мамандарды төмен жалақысы мен қатал жұмыс талаптарына сәйкес қанағаттандырмай шықты.
Соған байланысты мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажет. Ол үшін жастарға ұсынылатын мүмкіндіктердің екі жақты тиімділігін орнату маңызды. Осы мәселенің психологиялық аспектісін шешудің бір жолы Қазақстанда ғылымның басқа бағыттарының қолайлы имиджін жасау деп ойлаймын. Яғни, инженерлерді, агрономдарды, құрылысшыларды, геологтарды, әртүрлі деңгейдегі зерттеушілердің мамандығына ерекше құрмет тәрбиелеп, жастарды осы салалардың ерекшеліктерімен қызықтыру керек.
Осы мәселеге қатысты пікір немесе ұсыныстарыңыз болса, бірге талқылайық!