Жоғалып кет!

Жоғалып кет!
жеке
блог

Таба алмастан қойдым-ау қалауыңды,
Ойладың ба бәріне көнеді деп.
Биікке көтерместен танауыңды,
Түскенің жөн болады төменірек.

Көгермей қалды деме дәл көсегем,
Мен де бір күн шығармын бойлай шынға.
Соншама тәккәппарсың?!... әлде сенен,
Басқасы табылмайд деп ойлайсың ба?

Ә,сұлу екенсің ғой? Себеп-ті ол да,
Дегенмен мінезің де кесір еді...
(Біздің тілде айтқанда: «шелек болма!»
Шелек те күні жетсе тесіледі!)

Жақындасам, алыстап тұрдың неге?
Осыған жеткені ғой мол ақылың.
Өзіңді өзің келіп «гүлмін!» деме,
Оның да ұмытпағын солатынын!

Әлде жақсы көрер ме ең қинағанды?
Алдыңда тұрар дейсің тосылып кім?
Елеп те қарамайсың...сыйлағанды-
сыйламайды екенсің.Осыны ұқтым!

Ұл емес ем жақсының жолын кескен,
Енді саған келмеспін оралып тек.
Мына менің көзіме көрінбестен,
Өмірімнен шық дағы,жоғалып кет!

авторы: Жандарбек ЖҰМАН
http://vk.com/zh.zhuman