Көше бойын аралап жалғыз келемін. Бір талдың түбінде құшақтасып, жанарларымен бір-бірін жеп бара жатқан қос ғашықты көріп, қызыға қарадым. Аймаласа кетуге даяр-ақ. Менiң ұзағанымды күтуде. Мен де асыға қоймадым. Салмақты, байыпты жүріспен әр қадамымды санап жүріп өттім (Сырт көзге салмақты көрінетін болуым керек. Өткенде бір қыз: "Сіз сеп-серьезныйсыз -ау?Вәшше күлмейсіз" деп қойып қалмасы бар ма?! Негізі өз ортамда менен көп сөйлейтін адам жоқ. Онымды біреу білсе, екеу білмес) Мінезімді қойшы, жаңағы екі ғашықтың бақытына орай ана жерден ұзап кеттім.
Көңілімде бір мұң бар. Оны жоғалтып алғалы бері ұйқы қашты. Мүлде мазасызбын. Өзімді Тек онымен бірге бақытты екенімді енді ұқтым. Ол ғана мені үнсіз тыңдайтын. Тек сол барда ғана "қораз дауысыммен" әнге басатынмын. Және ол дауысым үшін ұялып көрмеппін.
Ешкімді тыңдағым келмеген сәттерде соны ғана тыңдайтынмын. Оны тыңдау арқылы менің бойымды ерекше сезім басатын да, қиял әлеміне шомып кететінмін. Әрбір мұңайған сәтімде онымен жеке қалуға тырысатынмын.
Қазір ол да жоқ. Жанымның жалғыз жұбанышына айналып, күрмеуі келмес күндерімде күлкі сыйлай білген сол - НАУИШНИГІМДІ қалай жоғалтып алғанымды түсінсем бұйырмасын. Іш-құса боп өлетін болдым ғой. Самсунгтың оригинал науишнигі неше тұрады өзі?
Ерболат АЙНАБЕКОВ