Жоғалған белгі

Алматы. Есентай өзені жағалауы. Көше орындығында Алтынзер отыр. Жалғыз... Өзі отырған орындығын сипалап әлдебір нәрсені іздейді. Ол кезден бері қаншама жалғыз жан, қаншама мұңды адам, қаншама ғашықтар отырғанын кім білсін. Отырғышты сипалап, сол белгіні таба алар емес.

Алтынзер 6-7 сынып оқып жүрген кезінен айнаға қарап, бой түзеп, айналаға қарап, ой түзеп өсті. Бірде тәртіп бұзып, бірде мектеп ережелеріне қайшы әрекеттерімен мектептің апталық жиындарында аты аталмаса жиынның мәні жоқтай болып кеткен Қайсарды көріп, «өзі сотқар, түрі қап-қара, осыған қандай қыз қара екен» деп ойлаушы еді іштей.

7-8 сынып оқушыларына математикадан қосымша сабақ болып жатыр. Алтынзер бір есепті көрші қатардағы ұлдан сұрай қояйын деп, бұрылып:

–  Мына есеп қай фор... мул... - деп кідіріп, кібіртіктеп қалды. Оның Қайсар екенін аңғармапты да. Өзінен көз алмай отырғанын көріп, сасып қалды, өз-өзінен қысылып, құлақтары қызарып кетті... Сол күннен бастап бойын бір белгісіз сезім билеп алды. Қолда кір тұрса, ас ұстай алмайтыны секілді, жүрегінде бір дақ тұрды, ештеңеге мойын бұрғызбайды, түкке зауқы болмайды. Құрбылары күн сайын ғашықтық хатын алып, көрші сынып ұлдарының қоңырау шалатынын айтысып, ым-жымдары жарасып жүретін. Ал Алтынзерге ешкім хат та жазбайды, қоңырау да шалмайды. «Менің басқа қыздардан сұлулығым кем бе, ақылым аз ба? Ұлдарға ұнамайтын теріс қылығым да жоқ сияқты» деп қатар қыздарынан өзін төмен санайтынды шығарды. Осылай қорғасыннан да ауыр мұң басып алған жүрегі жазды да өткізіп, келесі оқу жылы басталды. 8-сыныпқа аяқ басты. Бір күні сөмкесінен төрт бүктелген қағаз тауып алды. Ашып қарап: «Алтынзер, сені сыныптағы барлық жігіт жақсы көреді. Бірақ саған ешкім тиісе алмайды. Олар Қайсардан қорқады»,- деген жазуды оқып, не күлерін, не басқа қыларын білмей, өзінің қорғаушысы ағасы емес, ағасының сыныптас досы болып шыққанына аздап таңырқап қалды. Уақыт желдей жүйткіп өте берді. Өткен оқиғалар ұмытыла бастағандай болды. Алтынзердің он бесінші көктемі келді, туған күні. Сонымен бірге он бес тал гүл, үлкен ашық хат (открытка) келді. Тағы шексіздік бейнеленген әдемі алқасы да бар екен. Оны әкеліп берген бір сынып жоғары оқитын қыз. Ашық хатты ашса, әуен ойнап тұр, ішінде: «Алтынзерге ақ адал көңілмен Қайсардан» деп жазылыпты. Сыйлықты табыстаған қыз қайырылып қарамастан кетіп қалды, ал құрбылары: «Мұндай сыйлықты үйіңе қалай алып барасың, анаң ұрсып жүрмесін»,- деген ақыл айтты. Солардың сөздерін ақыл елегінен өткізіп, әкесі не ағасының алдында жауап беретіні елестеп, ашық хатты ортасынан бір бөлді. Шыңылдаған әуені тоқтар емес, тағы бірнеше бөліп, тупа тастады, әуен тоқтамайды. Қабырғаға соғып-соғып, үнін әзер өшірді. Гүлдерді де қимай-қимай, қоқыс жәшігіне тастады. Ал алқаны ешкім білмейтін жерде жасырып ұстады. Ол енді Қайсарды көргенде бұрынғы тентек бала емес, жүрегі жұмсақ, білегі қатты ғашық жігітті көретін болды. Сол күні күнделігіне «Мен сізге қарағанда терезеден түнді көргендей боламын. Жарық шашып жарқыраған шамдай жарқын жағыңыздан басқа еш нәрсе көзіме ілікпейді» деп жазды. Осылай басталған бала махаббаттары ғашықтық сезімге ұласты. Тәтті ертегілерінің бір ғана жағымсыз кейіпкері – Алтынзердің ағасы болды. Бүкіл ауыл мойындап, бас иген Қайсар мен Алтынзер махаббатына жалғыз ағасы қарсы болды. Қайсар өз досынан қанша таяқ жесе де, бір қадам артқа баспады, сезімі үшін күресе берді. Осыла тәтті шақтарын өткізіп, Қайсар қалаға оқуға кетті. Бір жыл бір айға татымай, соңынан Алтынзер де жетті. Студенттік бір жылдың қиыны мен қызығын түгелдей қол ұстасып өткізген Қайсар мен Алтынзерге ауылдан суық хабар келді: Алтынзердің ағасы жол апатына ұшырап, ауыр халде жатыр. Қайсар Алтынзер екеуіне ұшаққа билет алып, ағасымен бақұлдасып үлгерді. Садақасын өткізіп болғанша Алтынзердің қасында болды да, Қайсар ұшты-күйлі жоғалып кетті. Көрген-білген ешкім жоқ. Алтынзер өзін біреу көтеріп алып, жанып жатқан отқа лақтырып жібергендей сезінді. Жүрегі өртеніп, шоққа айналып кеткендей. Тіпті ағасының қазасы жайына қалып, мына қайғы төбесінен жай түсіргені сонша, көзінен жас шықпай қалды. Алматыға амалсыз соқа басы сопиып жалғыз оралды. Мең-зең болып, әлі ештеңе түсінбеген күйі екеуінің үнемі кездесетін орындығына келіп, еңіреп қоя берді.

Сипалап отырған жеріне көзінің жасы тамды. Жас тамған жерден «екеуі салған шексіздік» белгісі көрінді.

–  Махаббатымыз шексіз деуші едің ғой, шексіздігі қайда, Қайсарым? Екеуіміз осы орындықтан басқаға отырсақ, махаббатымызға адал болмай қалғандай сезінуші едік қой. Басқа біреулер отырса, қашан солар тұрып кеткенше, отырмай күтіп жүруші едік қой. Сол төзіміміз қайда қалды? Қайдасың сен, ақ патшам?

– Қарындас, бұл жерге отыруға болмайды, көрмей тұрсыз ба, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр,- деген суық дауысқа селт етті.

Бағанадан бері айналасындағы адамдарды да, ескертпе жазуды да байқамаған  екен. Жұмысшы Алтынзерді тұрғызып жіберіп, орындықты сырлай бастады, «неге жылайсың» деп те сұрамады. Махаббатынан қалған «соңғы белгі» де жаңа бояудың астында жоғалып кете барды.

–Мейірімсіз Алматыға жүрегімді жетімсіретіп жалғыз қалдырғаның қалай?- деп егіліп-еңіреген күйі, естеліктерді есінен өшіру үшін ауылына аттап баспай қойды.

Алтынзердің ағасының «қарындасыма үйленбейсің» деген соңғы тілегін орындау үшін Қайсар осы қиямет қадамға барғанын қыз сол күйі білмей кетті.



Бөлісу: