Жириновский "қаңтар қасіретін" дәл болжап айтқаны рас па?

Владимир Жириновскийдің 2021 жылғы 22 желтоқсанда орыс Думасында айтқан сөзін кейінгілер Украинадағы соғысты дәл болжаған деп тұжырымдайды.

Мұнда шенеунік орыс дипломатиясының үні шыққанын айтады. Ал егер осы дипломатияны өзгелер қабылдамаса, оның сөзінше, 22 ақпанда «көресіні көрсетеді». Ресей Думасының сайтында жарияланған бұл видеода ол Донбассқа және Ресейдің батысына әлдекімдер басып кіруі мүмкін екенін ескертеді.

Осылайша, шенеунік орыстарға қарсы диверсия жасалуы мүмкін деп, өз сөзінде Ұлы Отан соғысын мысалға келтіреді.

Сонымен, Ресей «әскери операцияны» қашан бастады?

Путин 24 ақпанда сағат 17:30-да Ресейдің мемлекеттік арналарынан жолдау жасады. Осылайша Украинаға басып кіру Жириновский айтпақшы, 22 ақпанда түнгі сағат төртте емес, 24 ақпанда сағат кешкі 17.30-да басталды.

Осылайша «көріпкел» екі тәулікке қателескен.

Бірақ осы тұста көрермен қалайша ақпан айын және қалайша дәл 22-сі деген жақын күнді біліп айтқан деуі мүмкін. Оның себебі біреу ғана – ол үшін саясаткердің толық сөзін тыңдап шығу керек. Онда Жириновский бұл сөзін кезіндегі фашистік Германияның басып кіру күнін мысалға келтіріп айтқан болуы мүмкін. Ал өзіміз білетіндей фашистік Германияның Кеңес одағына шабуылы түнгі сағат төртте және 22 ақпан емес, 22 маусымында басталған.

Демек, Жириновскийдің дәл осы видеосын таратып, көріпкел деп тұжырым жасап жатқандардыкі контексте дұрыс түсінілмеген. Мұның үкімі – техникалық қате.

Сәуегей тағы бір болжамында Қазақстанда қаңтардағы оқиғаларды дәл айтқан деген видео таралып жүр. Әртүрлі пабликте жарияланып жатқан бұл видеода Владимир Жириновский былай дейді:

«Орта Азиядағы жағдай ушығуы мүмкін. Мен өзім кеңес беремін. Мен өзім сол жақтанмын. Менің жерлестерім, үлкен шиеленісті күтіп жатудың қажеті жоқ, тезірек Ресейге өтіп алыңыздар. Біз ішкі істер министріне Ресейдің Орта Азия мен Қазақстанның барлық орысына паспорт беруді жеделдету үшін хат жолдадық!»

Бұл сөзін, расында да, бір қарасаң, қалай дәл айтқан деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ бәрін де контексте, қандай жағдайда айтқанын, қашан айтқанын тексеруіміз керек.

Бұл видео былтыр, 2021 жылдың 21 шілдесінде жазылған. Ал бұл жылы, ұмытпасақ, Ауғанстанда АҚШ әскері кетіп, Талибанның қарулы жасақтары елдің үкіметтік әскеріне қарсы ірі шабуылын бастаған. Сол уақытта көптеген ел өз азаматтарын бұл елден шұғыл түрде әкете бастаған. Оның ішінде Қазақстан билігі де өз азаматтарын және БҰҰ-ның 100-ге жуық қызметкерін Кабулдан эвакуациялаған.

Міне, контекст бойынша, осы уақытта Жириновский де үнсіз қалмады. Ол Ауғанстаннан ресейліктерді ғана емес, ұлты орыс азаматтарды да Ресейге қайтуға шақырған. Тіпті шенеунік басқарған ЛДПР партиясының ютуб-арнасы да Жириновскийдің бұл сөзі Ауғанстандағы жағдайға байланысты айтқанын хабарлады.

Демек, Жириновский мұнда Қазақстандағы қаңтар оқиғалары туралы болжамаған, Ауғанстандағы талибан жасақтары Орта Азия елдерінің шекарасына да қауіп төндіруі мүмкін екенін айтқан. Осындай қауіп-қатер тумай тұрып, елге жет деген үндеуі бүгінде көріпкелдігі немесе сәйуегейлігі деп қате түсінілген. Мұнда да біздің үкім – техникалық қате.



Бөлісу: