Жиі өтірік айтасыз ба?
блог
«Өтірік өрге баспас», «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам», «Өтірікші алдымен өзін алдар» деген қазақпыз. Алайда осыны біле тұра кейде өтірік айтуға мәжбүр болатын кездеріміз болады. Тіпті бұл тақырыпта зерттеу жүргізген психологтар ауыз ашып таңырқарлықтай жаңалық ашып отыр: өтірік айтпайтын адам баласы жоқ екен, бәріміз де өтірік айтады екенбіз. Мәселен, қажетсіз біреу телефон шалса, үйдегілерге «мені жоқ» дей салшы дейміз. Көшеде кездескен таныс-тамырдың «үй-іші, мал-жан аман ба?» деген сауалдарына «бәрі жақсы» деп, қысқа қайырамыз. Құрбыларымызға «киімің қандай жарасымды» деген орынсыз мақтауларды, қонаққа бара қалғанымызда «тамағың дәмді екен» деген тіркестерді шындыққа жанаспаса да жиі айтамыз. Өтірікті әсіресе, зиялы қауым өкілдері көп айтады екен. Себебі бұл күнде өтірік мақтау, мадақтау мәдениеттіліктің бір түрі болып кетті.
«Өзі өтірікші өзгенің шын сөзіне сенбейді» демекші, кейбір адамдардың қанына өтірік айту қабілеті сіңіп кеткен. Ол сол қанына сіңген қасиеттің арқасында шынайы қарым-қатынастың не екендігін өмірден түсінбей өтеді. Оның өтірік айтып тұрғаны сөзінен білінбесе, тіпті түр-әлпеті ешқандай да сыр білдіртпейді. Бұл оның өтірік айту да өнер дегенді жақсы меңгергені болар.
Ал кейде бойында еріншек ұстап, жай ғана мектепке бармау үшін өтірік айтуға баратын балалар болады. Сол сәтте оның басы ауырып немесе іші ауырып қалады. Бұл тәсілді бір күн жүзеге асырып көрген бала екінші рет тағы осы өтірікті байқап көретіні рас. Яғни бір қиыншылық кездессе әлгі өзін қиындықтарынан бетке қалқан қылатын «ауруына» тасалануды әдетке айналдырады. Алайда бала оны уақыт келе өзі де түсінеді. Ал түсінбесе мәселенің қиындағаны. Себебі оның бойындағы осы әдет соңында мінезге айналып, түбінде одан өтірікші адам шығуы мүмкін.
Өтірік айтпайтын адамдар да кездеседі. Бірақ олар қоғамға көзге шыққан сүйелдей жағымсыз саналып, «тоңмойын, бірезу» деген атақтарға ие болады. Себебі оның айтқан шындығын дұрыс қабылдай алмайды. Бұл қатарларға көбінде ғалымдар жатады екен. Қалай айтсақ та, өтірік айтпайтындар ыңғайпаз, тоғышарларға ұнамағанымен, олар өмірде өз даңғылын тапқан дара жандар. Кейде өз түсінігімізде мұндай өтірік айтпайтындарды батыл жандар, адал жандар, шыншылдар деп жатамыз. Не десек те, осы соңғы қатарда бәріміз де болғымыз келеді. Тек жақын жандардың көңілін қимай айтып жататын өтіріктеріміз болмаса. Сөз соңында айтарым, «Өтірікші мен өсекші егіз», «Шындық жоқ жерде сұмдық көп» деп айтып өткен баба сөзін естен шығармасақ екен!