Жігітімнің анасымен таныстым...

Құрбымның әңгімесінен

Қарым-қатынасымызға сенімді бола түскен сайын, жігітімнің отбасын көруге деген қызығушылық күн санап арта түсті. Бұл ойымды жігітімнен де жасырып қалған емеспін. Ол да менің ата-анаммен, бауырларыммен танысқысы келетін сияқты. Әйтеуір, қал-жағдайларын сұрап тұрудан жалықпайтын.

Аяқ астынан жігітім хабарласып: "Кешке қарай анаммен, бауырларыммен танысасың, дайындал" деді. Мен не істерімді білмей, абдырадым да қалдым. "Дайын емеспін, сосын таныссақ..." деп маңызды сәтті кейінге ысыруға тырысып, қипақтағаныммен, онымнан түк шықпады. )

Ең бірінші сұрақ "Не кием?" болды. Әйтіп-бүйтіп, тойға барғандай қылып сәнденбесем де, бар жақсымды киюге тырыстым. Жеңіл ғана боянып, келісілген уақытта дайын отырдым. 

Жігітім екеуміз тыныш, жайлы, адам аяғы аз пиццерияны таңдадық. Ол анасына мекенжайды айтып, хабарласты. Олар (анасы, екі қарындасы) жарты сағатта келетіндіктерін айтты. Телефон тұтқасын қойған соң, жігітімнің түріне қарап, біртүрлі қобалжып тұрғанын байқадым. Сол кезде ғана қазір кіммен танысайын деп тұрғанымды сезінгендей болып, жүрегім діррррр етті. 

Бір сәтте олар келдік деп хабарласты. Біз отырған жерімізден далаға шығып, оларды күтіп алмақ болдық. 

Қолұстасып, далаға шықтық. 

Мүлдем бейтаныс, осы секундтардан кейін таныс болатын, бәлкім өмір-бойы ет жақыныма айналатын үш бейне бізге күлімдеп қарап тұрды. Анасы амандасып, бетімнен сүйді. Қарындастарының жастары менен кіші екенін сырттай білсем де, барып амандасудың орнына қалшиған күйімде тұрып қаппын. Сөйтіп, олармен жәй бас изескенім болмаса, барып беттерінен сүймедім. 

Ішке кірдік. Отырдық. Анасы біраз сұрақтың астына ала ма деп едім, олай болмады. Мен жайында бәрін дерлік біледі екен. Жігітімнің анасына мұншалықты жақын екенін білмеппін. 

"Бір-біріңді жақсы көрсеңдер, біз тек қана қамқоршымыз" деді анасы. "Ары қарай не боларын өздеріңіз көре жатарсыздар" дегенді де қоса айтты. 

Қобалжыдым. Толқыдым. Барынша шынайы болуға тырыстым. 

Міне, осылай бұл күн де қас-қағым сәтте өте-шықты. Жанымдай жақсы көретін жанның анасын, бауырларын бірге жақсы көрмеуге қақым да жоқ шығар... 

Сурет: lifeglobe.net 



Бөлісу: